Ақтөбелік ең білімді зауыт қызметкері 500-ден аса кітап оқып тастаған

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қожды өңдеу цехының қарапайым қызметкерінде үш жоғары білім бар. Ол есепші, банкир мен филолог мамандығын тәмамдаған. Ал үйінде 500-ден аса кітап сақтаулы, әр қайсысын түгел оқып шыққан.

Айгүл Самарбаева Ақтөбе зауытына 2012 жылы келді. Қазір қожды өңдеу цехында металл іріктеумен айналысады. Жұмыс шыдамдылықты, қырағылық пен зейінді талап етеді. Мұнда металл қолмен сұрыпталады. Әйелдер ұжымы күндіз-түні екі ауысыммен жұмыс істеп, жоспарды орындап қана қоймай, өнімді артығымен беріп жатады.

– Басыма сын сағат төнгенде зауыт көмектесті, – дейді Айгүл. – Тіпті қазір пандемия уақытында кәсіпорын тұрақты жұмыс пен жалақы ұсынып отыр. Ұжымның ынтымағы жарасқан, және басшылық та өз қызметкерлерін бағалайды. Зауытта жұмыс істегеніме өкінбеймін.

Айгүлде экономика, банк ісі мен филология мамандығының үш дипломы бар. Үшеуі де жоғары білім. Алғашқы екі бағыт бір-біріне ұқсас болса, үшіншісін өзінің сауаттылығын көтеру үшін таңдапты. Дегенмен, оның сөйлеу мәнері бұған дейін де өте сауатты болды. Қысқасы, оның ұстанымы – өз-өзін дамытудың шегі жоқ.

– Сандармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бәлкім, мектепте алгебра мен геометрияны сүйіп оқығаннан есепші оқуына түскен шығармын, – дейді Айгүл. – Банк ісі оқуын қызыл дипломмен аяқтадым. Біраз уақыт банкте жұмыс істедім. Содан кейін статистика департаментіне шақырды, онда мен бағалар статистикасы бөлімінің маманы болдым. Ал филологияны өзімнің сөздік қорымды толтыру үшін таңдадым. Менің ойымша, жан-жақты болу өте жақсы. Себебі сауаттылық адамға жарасады.

Айгүлдің үйінде ыдыс-аяқтан гөрі кітап көп. Оқырманның үй кітапханасында 500-ден аса кітап сақтаулы, басым бөлігін ол әлдеқашан оқып тастаған. Достоевский, Толстой, Хемингуэй, Гюго шығармалары туралы ол сағаттап баяндай алады. Айгүл кітапсүйер қауымға Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» және Рауль Ми-Хайдаровтың кітаптар топтамасын оқуға кеңес береді.

– Мен электронды кітаптарды оқығанды жақтырмаймын, себебі көз көруі нашарлайды, – деп түсіндіреді Айгүл. – Сондықтан мен дәстүрлі кітаптарды оқығанды ұнатамын. Әдейі дүкендерге барамын. Қазір Ақтөбе қаласында тек екі-ақ дүкен ғана ашық, соның біреуінде мен тұрақты клиентпін, ондағы қызметкерлер мені жақсы таниды. Фильм қарағаннан маған кітап оқыған қызығырақ. Қайткенде өз сөздік қорыңды толықтырасың. Менің сүйікті кітаптарым – «Вечный зов», «Тени исчезают в полдень» және «Поднятая целина».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған