
Соңғы жылдары Z ұрпағының кітап оқуға құлшынысы артып келе жатқанын әлеуметтік желідегі парақшаларынан–ақ байқауға болады. Ал олар қандай кітаптарды жиі оқиды? Қай бағыттағы кітапқа сұраныс жоғары? Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Ғазиза Құдайбергенмен қазақ тіліндегі кітаптар, кітапхана мен кітап дүкендеріндегі баға туралы сұқбаттастық.
Қазақ тіліндегі кітаптар туралы пікіріңіз. Аудармаларға көңіліңіз тола ма?
Қазақ тіліндегі кітаптар дегеніміз жалпылама ғана. Қазір жеке баспасы бар кітап шығаратын және соны өзі аударатын, тікелей автордан құқығын сатып алып, халыққа ұсынуға асық болатын баспалар өте көп.
Бір жолы қолыма «Керқұла атты Кендебай» атты кітап түсті. Бізге сыйлыққа келгенімен баспасы нақты есімде жоқ. Ол кітаптың әр сөйлемінде бір қате табылады. Біздің жеке болсын не мемлекеттік болсын баспаларға белгілі бір жүйе керек. Сол баспаларды реттеп отыратын және сол баспалардан жарыққа шығатын кітаптардың мазмұнына, оның сапасына сондай-ақ аудармасына жауап беретін белгілі бір ұйым немесе ассоциация құрылу керек. Қазақ тіліндегі сапасы сын көтермейтін, ашсаң ішінен нұры көрінбейтін кітаптар саны оқырман қолында өріп жүр.
Қазақша аудармаларға келсек, «Ұлттық аударма бюросы ҚҚ-ың «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мазмұндама» жобасы аясындағы кітаптардың аудармалары мен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, сондай-ақ «Step World» баспасынан жарыққа шыққан кітаптардың аудармалары мен сапалары өте жақсы. Оқырмандарға ұялмай ұсынуға болады.
Кітапханаға жаңа кітаптар жиі түсе ме?
Жаңа кітаптар жиі түседі. Біздің кітапханаға, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген кітаптар түседі. Жалпы біз Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қараймыз ғой. Сол жерде «Кітап қорын толықтыру» деген бөлім бар. Оқырмандардың сұранысына қарай да тізім береміз. Кітаптар сол бойынша да келеді. «Меломан» дүкендер жүйесі, «Кітап ал» дүкендері де көмектеседі.
Біз мемлекеттік мекеме болғаннан кейін бүгін шыққан кітаптар ертеңіне келіп түсе қоймайды. Ол белгілі бір инстанциялардан өтіп, техникалық өңдеулер жасалып болған соң ғана кітапханаға бір-ақ келеді.
Сондықтан, тікелей баспамен, авторлармен бірге жұмыс істеуге тырысып, презентацияларын жасаймыз. Қазақстанның қай аймағында болсын бірінші алуға тырысамыз.
Соңғы жылдары шығып жатқан кітаптардың сапасы көңіл көншіте ме? Не нәрсеге баса назар аудару керек деп ойлайсыз?
Соңғы жылдары шығып жатқан кітаптардың сапасы мен дизайны жақсы. Кітаптардың деп тағы жалпылама айтамыз. Негізі шығып жатқан баспасына байланысты ғой.
Қандай баспа? Жұмысы жолға қойылған баспалар не шағын баспалар көп. Қазір керісінше креативті, дизайны ерекше кітаптар жиі шығып жатыр.
Ең басты назар аударатын мәселе – баспалар мониторингі мен статистикасын жасау, сондай-ақ, кітап санының таралымына емес, оқырман қауымның сұранысына, оның сапасы мен сауаттылығына аса назар аудару керек.
Оқырмандар қазір не оқып жатыр? Неге көңіл аударғанымыз дұрыс? Кітап саласында қай тақырыптар ақсап тұр? Өйткені, бізде қазір шығып жатқан кітаптың басым бөлігі аударма. Оның ішіндегі басым бөлігі мотивациялық, бизнес саласына қатысты автобиографиялар, психологиялық, философиялық және көркем әдеби кітаптар жарық көріп жатыр.
Ал бізде қаншама сала бар. Ветеринарлық салаға арналған, сондай-ақ медицина, ауыл шаруашылығы, агрономия, әскери іс, мәдениеттану, журналистика, физика, математика, астрономия, биология сынды салалар бойынша көпшілік қауым мен кәсіби мамандарға арналған кітаптар керек.
Кітаптардың дүкендегі бағасы қолжетімді деп айта аласыз ба?
Кітаптардың дүкендегі бағасы қолжетімді немесе қолжетімсіз деп қысқа қайырғаннан бұрын, біз мына бір дүниеге мән бергеніміз жөн. Сөздің шынын айтқанда, біздің менталитетте әлі де кітап сатып алу үрдісі қалыптаспаған.
Біз ай сайын статистикалық тұрғыда алып қарасақ, жолға, тамаққа, киімге деп өзімізше ақша есебін жасаймыз. Ал, оның құрамына кітап кіре ме? Біздің алып жатқан дүниелерімізден кітап бағасы қымбат па? Ай сайын 50 мыңға ақша шашып киініп, 5 мыңға кітап алуға аяп қалатын қоғамда өмір сүріп жатқандаймыз. Десек те, бар кінәні оқырман қауымнан іздей бермей, қазіргі таңда кітап басып шығаратын кітап баспаларынан да іздеп қарастырғанымыз жөн.
Өйткені, кей сәтте салыстырып қарағанда, бізге келетін шетелдік кітаптардан, өзіміздің елде шығатын кітаптар бағасы біршама қымбат болып жатады. Отандық өнім десек те, қарапайым халықтың көбінесе әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Осылайша, кітап сатып алуға деген мүмкіншілігі азая береді.
Кітапханадан оқитындар көп пе, әлде кітап сатып алып оқитындар басым деп ойлайсыз ба?
Жоғарыда қойылған сұрақтың жауабын ескерсек, бұл жерде кітапханаға келіп кітап оқитындар саны басым деп сенімді түрде айта аламын. Бірақ, кітап сатып алып оқитындар жоқ деп те айтуға келмес. Әркім өз шама-шарқынша.
Ал, енді кітапханадан кітап алып оқудың пайдасына келсек, мәселен, шығып жатқан бар кітапты үйдегі кітапханаңа сыйғыза алмайсың. Өзіңе керек сондай-ақ, қайталап оқитын кітаптар, классикалық көркем шығармаларды жинауға болады. Ал жалпы кітапханаға келіп оқыған дұрысырақ.
Көбіне кітап оқуға кімдер келеді? Жастар арасындағы кітапқа сұраныс деңгейі қалай?
Біздің кітапхана — жасөспірімдер кітапханасы. 14 жастан жоғары оқырман келе алады. Бірақ кітап оқитын топ әртүрлі. Жас буын да, үлкендер де табылады. Осы күні келетіндердің дені жоғарғы сынып оқушылары, студенттер. Тіпті жасы үлкен кісілер де көп келеді, ол кісілер көбіне абонемент аштырып үйіне алып оқиды. Жастардың кітап оқуға деген сұранысы соңғы жылдары артып келеді.
Оқырман жиі сұрап келетін кітаптардың негізгі бағыты қандай? Қай тақырып көп оқылады?
Оқырманның жиі сұрайтыны көбінесе классикалық шығармалар. Әлі де сұраныстан түскен жоқ. Шетелдік болсын, қазақтың не орыстың классикалық көркем шығармаларын жиі сұрайды.
Студенттердің мамандығына қарай тіл үйрететін, сөздіктер қоры, тарихи кітаптар көп сұралады. Одан кейін мотивациялық кітаптар, аудармалар, психологиялық, философиялық кітаптар бойынша тізім жалғаса береді.
Кітап алып қайтармай қоятын немесе кітап ұрлайтын оқырман бола ма?
Иә, болып тұрады. Бізде үйге кітап берудің белгілі бір ережелері бар. Бірақ алып қайтармайтын оқырман аз емес. Ондай жағдай таныстардың ішінде де болады. Кейінгі кезде кітапханадағы салалық кітаптың көбі қайта басылып шықпайтын сирек кездесетін кітаптар.
Тіл үйрену, әдебиеттану жанры болсын басылып шықпай қалатыны болады ғой. Сондықтан да болар, кітап алып қайтармай қоятын кездер жиі кездеседі. Мұндайда оқырманның оқитын жеріне хабарласамыз, үйіне барамыз, әйтеуір қайтарып алуға барынша тырысамыз!
Сұқбатыңыз үшін рақмет! Оқырмандарыңыз көбейе берсін!
Сұқбаттасқан Зура Әлімжан, «Тілші» сайтының практиканты