Хромтау көшелерінде заманауи жиып-тазалау техникасы пайда болды

Көпфункционалды техника Ақтөбе облысының әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасында жасалған әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандум аясында сатып алынды. Моноқаладағы бірегей техниканың құны 49,5 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды «Тілші».

 Өкінішке орай, қоқыстарды шығару және көшелерді тазарту Қазақстанның көптеген қалалары үшін, соның ішінде Хромтау үшін де ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қаланы таза, жанға жайлы және ыңғайлы ету үшін ERG құрамына кіретін «Қазхром» компаниясы облыс әкімдігімен бірге жыл сайынғы қоқыстарды жинау және көше тазалығына қатысты өзекті мәселелерді шешу үшін заманауи техникаларды қолдану туралы шешім қабылдады. Осылайша, 2020 жылы 143,3 млн теңге қаржыға қоқысқа арналған контейнерлер мен арнайы техникалар, ал  2021 жылы 49,5 млн теңгеге вакуумды сыпырып-жинағыш көлігі сатып алынды.

«Хромтау – бұл біздің қызметкерлердің көпшілігі тұратын моноқала, – деді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаев. – Тұрмыстық қалдықтарды шығаруда мәселелер туындады – жабдықтар жеткіліксіз болды. Сондықтан Меморандумға сәйкес арнайы контейнерлер мен арнайы көліктер сатып алынды. Әкімдіктің сұрауы бойынша келесіде көшелерді тазартуға арналған мамандандырылған көлік алынатын болады. Біз бірлескен күш-жігермен Хромтауды таза, жайлы және заманауи ете аламыз. Бұл орайда қаланың тазалығы оның тұрғындарына да байланысты екенін атап өткім келеді».

КамАЗ шассиіндегі жаңа «Erdemli» вакуумды сыпырып-жинағыш машинасы – Хромтау үшін бірегей техника. Ол жолдардың тазалығына, автомобиль жолдарын, рельсті жолдарды, әртүрлі аймақтарды, өндірістік аймақтарды күтіп ұстауға және тазартуға арналған. Атап айтқанда, жол мен жиектеріндегі шаң мен қоқыстарды тазартуға арналған. Қыста машинаны алдыңғы қайырмаларының әр түрімен де қолдануға болады. Оң және сол жақта арнайы сору щеткалары, шаңды кетіруге арналған саптамалар, қоршаулар мен басқа элементтер үшін жоғары қысымды жуу жүйесі бар. Техника қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кеткен.

«Машина қаланың көшелеріне асфальт төселген және жиектастармен жабдықталған бөліктерінде жұмыс істейді, – деп нақтылады Хромтау қаласының әкімі Жұлдызбек Бисембин. – Негізінен, техника жабдықты шаң мен қоқыстардан тазартуға арналған. Хромтауда жаңбырдан кейін  жолдарға шаң жиналу мәселесі жиі кездеседі. Біздің қала үшін осындай техниканың біреуі жеткілікті. Себебі ол шағын ғана. Мұндай машиналар Ақтөбеде бар және өзін жақсы жағынан көрсеткен еді».

Жаңадан келген көлік көшелерді тазартуға ғана емес, қол еңбегін де азайтуға көмектеседі. Өйткені жұмысшылар тазалау жұмыстарын жүргізеді. Ал оларды Хромтаудан тұрақты түрде табу оңай емес.

«Мен өмір бойы Хромтауда тұрып келемін, – дейді моноқаланың тұрғыны Василя Юсупова. – Қаланың жан-жағында жасыл желектер онша көп емес. Әрине, көшелерде шаң жиналады, сондықтан бұл техника ауадай қажет. Жыл сайын қаламызда орын алатын өзгерістерге қуаныштымыз. Саябақта ойын алаңы пайда болды. Немерелерімізді сол жерге апарамыз. Таңертең көшелерге су себілетінін көріп отырамыз. Компанияның қала басшылығымен бірлесе шаһарымызға қамқорлық жасағаны көңілге қуаныш ұялатады».

Келісімшарт бойынша автокөлікке мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Оны әкімдік қаланы тазарту жөніндегі тендер арқылы анықтаған. Техника қажеттілікке қарай, күн сайын немесе күнара жұмысқа шығып отырады. Ал оның жүргізушілерін өндіруші компания өкілдері оқытқан. Келешекте Меморандум аясында қала қажеттілігі үшін аралас су шашып-жуатын жол машинасын сатып алу жоспарланып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған