
Сараптама жазамын деп мемлекеттік органдардың сайттарын ақтарып, көз майын тауысқан, әкімдердің пиарына жұмсалатын қаражатты жатқа білетін Бағдат Асылбек «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз жеке жоба жүргізудегі алғашқы қадамдары, журналистиканың болашағы туралы ойы мен тәжірибесімен бөлісті.
Бағдат, сенің сараптамалық материалдарың қоғамда кең талқыланады. Әсіресе әкімдердің пиары жөніндегі мақалаларың өте қызық. Жалпы бұл бағытқа қалай келдің?
Ақтөбе мен Алматыда, қай жерде жұмыс істесем де жолым болып жүрді. Ұжым мен редакторлардың кәсіби деңгейі де, адамгершілігі де мол болды. Дамуға бағыт берген солар. Бірақ бір кезде өзімнің дербес жобамды ашқым келді. Бұл фрилансер болып кетуімнің бір себебі.
Бір баспа емес, бірнеше баспамен әріптестік байланыс орнатып, әр түрлі редакцияға мақала жазамын. Кеңсеге бармаймын, қашықтан жұмыс істеймін. Сөйтіп, бір уақытта қазақтілді әріптесім Елнұр Әлімоваға бірлескен жоба ашуды ұсыныдым.
Журналистік зерттеулерді таңдадық. Әсіресе қазақстандық ортада бұл өте қиын жанр. Бастапқыда сайт па, әлде әлеуметтік желі ме деген таңдау тұрды. Сайт бұл өткен заманғы формат, қанша мықты материал жазсаң да адамдар сайтқа кірмейді деген шешімге бірден келдік.
2019 жылы телеграм арналары танымал бола бастады. Сондай арна ашуға бел будық. Оның атауына қатысты ұзақ ойландық. «Ақиқат», «шындық» деген көп нұсқалар болды. Ақыр соңында «Рас айтамын» дегенге тоқтадық.
Алғашқыда қоғамда болып жатқан өзекті тақырыптарға мән бердік, бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтерді көрсетуге тырыстық. Ал 2020 жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік сатып алуға назарымыз түсті, сайтты күні-түні бақыладық.
Әлеуметтік желідегі арнаның оқырмандар санын қалай ұлғайттыңдар?
Матариал шыға берген сайын оқырмандар саны да ұлғая берді. Айтпақшы, арнаға ешқандай ақша құймадық, жарнама жасамадық. Тіпті 10-20 оқырман қосылса да, балаша қуанатын едік. Өз еңбегіңнің жемісін көрген жақсы ғой. Бұл бізге жігер беретін.
Әрине, ақша болмағанда даму өте баяу жүреді. Жарты жыл бойы оқырмандар саны тым аз болды. Тек біздің материалдарымызды оқырмандары көп басқа арналар өздеріне жариялай бастағанда, қозғалыс басталды.
Ресми БАҚ та біздің материалдарымызды өздеріне салып қойды. Біздің авторлығымызды көрсетпей, материалды ұрлағандар да кездесті. Бірақ біз еңсемізді түсірмедік, алға қарай жүре бердік.
Арнаң қандай да бір табыс түсіріп жатыр ма?
Арнамыз танымал бола бастағанда әріптестерім грант алуға кеңес берді. Жалғыз ғана ынтамен өмір бойы жұмыс істей алмайсың ғой. Оның үстіне уақытымызды, кейде қаражатымызды жұмсаймыз. Арнаның логотипін өз ақшамызға жасаттық.
Интерньюстегі шағын гранттар байқауын таптық. «Пандемия кезіндегі үгіт-насихат» деген тақырыбы болды. Бұған дейін Елнұрмен әкімдердің жұмысын әшкерелейік деп жоспарлап жүргенбіз. Міне, тақырып та сай келе қалды.
Қазақтілді байқауда 109 қатысушы болды. Біз грант ұтып алған 9 жеңімпаздың қатарынан көріндік. Ақшасы тым аз. Бірақ сол грантты ұтып алудың өзі біз үшін үлкен бедел, болашақта «Интерньюспен әріптес болдық» деп сеніммен айта аламыз.
Сөйтіп, грантты ұтып алғасын әр өңір, әр әкім, оның пиарына бюджеттің қанша қаражаты жұмсалатыны туралы жаза бастадық. Мұны пиар деп атауға да келмейді-ау. БАҚ-та жарияланған баспасөз хабарламалары «әкім осындай тапсырма берді, әкім ауруханаға, мектепке барды» деген екі абзацтан құралған ақпарат қана болды.
Зерттеп қарасақ, мұндай ақпаратты сайтта жариялау үшін 300-500 мың теңге жұмсалады екен. Бұл тек бір әкімдіктен түскен ақша, қаншама мемлекеттік органдар бар. Біздер, журналистер осындай тендерлерді тауып, көпшілікке жариялауымыз керек. Халықтың ақшасы қайда жұмсалып жатқандығын бәрі білуі тиіс. Айтпақшы, бұл гранттан басқа ешкімнен ешқандай қаражат алмадық.
Сараптама саған несімен қызық?
Мәселен, мен жаңалықты да, сараптаманы да жазамын. Жаңалық тек бүгін ғана керек, ертең ол ешкімге қажет емес. Ал сараптаманың өміршеңдігі ұзақтау, пайдасы да мол. Ол өте қиын жанр. Мен оны толық меңгермедім. Сондықтан мен өзімді сараптама жазатын журналист деп айта алмаймын. Өйткені көп көлемді мәліметтермен жұмыс істеуге тура келеді. Оларды жинақтап, көрнекі, түсінікті етіп, оқырманға ұсыну да үлкен өнер.
Менің ойымша, технология дами берген сайын жаңалықтар жазатын журналистің жұмысына қажеттілік жоғалады. Ал сараптама өзектілігін жоғалтпас. Себебі ол байыптылықты, ойлампаздықты, креативті, ұшқырлықты қажет етеді. Ізденіпаздықтың өзі де адамды дамытады.
Жақсы сарапта жазу үшін не керек?
Төзімді болу керек. Сондай-ақ, аңғарымпаз әрі ұсақ-түйекке мән берсең, жақсы материал шығады. Өйткені сараптама қатені кешірмейді. Егер бүгін қателессең, ертең сенің мақалаңды ешкім шын қабылдамайды. Адамдардың сенімін ақтау өте маңызды.
Жаңалықтар не және қайда деген сұрақтарға жауап береді. Ал сараптама бұдан бөлек неге, қалай және не үшін бұны білуім керек деген сауалдарға жауап іздейді. Осы сұрақтарға жауап бере алсаң, сараптамалық журналистикадағы жұмысың жеңілденеді.
Сараптама жазуға қанша уақыт жұмсайсың?
Алдымен бағытты анықтап аласың. Материал не туралы болсын, оқырмандарға не қызық деп ойланасың. Осы сұрақтарға жауапты білсең, мәліметтер іздегенде ойың шашыраңқы болмайды. Егер мәліметтердің бәрі ашық, қолжетімді, сосын жұмысың өзгеге тәуелді болмаса, онда сараптаманы 2-3 күнде жазып тастаймын. Кейінге қалдыра берсең, материалдың өзектілігі жоғалады. Сондықтан қысқа уақытта жазып тастауға тырысамын.
Әрине, кейде өзгеге тәуелді болып қаласың. Мәселен, журналистік сауалдың жауабын күтіп отырасың. Бірақ ондай кедергілердің болмағанын қалаймын. Өз жұмысыңды тез әрі сапалы етіп орындауға жоспарлаған дұрыс. Алдымен ой-талқыға салып, тапқан барлық құжаттарымызды қайта-қайта тексеріп, Google Document-ке сақтауға жібереміз. Сол күні керегін ғана іріктейміз. Екінші күні жазуға кірісеміз.
Сараптама жазу үшін қандай сайттарға кіресің?
Goszakup.kz – мемлекеттік сатып алулар сайты. Gosreestr.kz – мемлекеттік мүлік және мемлекетке тиесілі үлесі бар мекемелердің реестрі. Statsnet.co, adata.kz, kompra.kz – компания, салық компанияларының басшылары және компанияларға қатысты кез келген мәліметті табуға арналған реестр.
Legalacts.egov.kz – нормативті-құқықтық актілер. Egov.kz – мұны енді білесің. Министрлік пен басқа да мемлекеттік органдардың ресми сайттары. Dfo.kz – қаржылық есептің депозитарийлері. Мұнда компанияның үлестес тұлғалары туралы мәліметті табуға болады. Мәселен, компанияның басшысы Асқар Ақтілеу делік, сол сайтта оның жақын туыстарының аты-жөндері мен туған жылдары жарияланады.
«Тілші»
Дякую за таку інформацію. Якщо Ви шукаєте рекомендації від фахівців по боротьбі зі зморшками на обличчі переходьте на сайт Журнал Без Зморшок . На сайті Ви знайдете кращі рецепти домашніх масок для обличчя від зморшок і багато інших засобів і методів позбавлення від зморшок.