Шыңғыс Ілияс: Журналистерді бөліп-жармақ түгілі, олай ойлаудың өзі дұрыс емес

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметкері болған Шыңғыс Ілияс «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз журналистермен достық қарым-қатынас орнатудың пайдасы, тілшілерді бөліп-жарудың қаупі туралы баяндады.

Баспасөз қызметкерлеріне қажетті кеңестерден бастасақ…

Біріншіден, баспасөз қызметі әр жұмыс күнін ел іші мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын оқып, мониторинг жүргізуден бастаған абзал. Оның үстіне қазіргі пандемия уақытында бұл аса өзекті. Сыртқы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, экономика және интеграциялық байланыс, жалпы дүние жүзіндегі басты жаңалықтарды бір шолып шыққан дұрыс.

Бүгінде телеграм арналары жақсы дамыған. Сондағы ақпараттардан да хабардар болып тұру керек. Тек таңертең емес, үнемі өзекті тақырыптардан хабардар болу үшін смартфондағы хабарландыру қызметін қосып қойған дұрыс.

  • Екіншіден, журналистің сауалына мейлінше тез жауап берген абзал. Сол кезде мемлекет пен халық арасындағы ашықтық пен үнге құлақ асу ұстанымдары сақталады. Бұл БАҚ пен баспасөз қызметі арасындағы байланысты жақсартуға көмектеседі.
  • Үшіншіден, өз салаңды жетік меңгеруің тиіс.

Бастапқыда экономика министрлігіне тағайындалғанда қатты қобалжыдым. Бұл жұмысты алып шыға аламын ба деген күмән болды. Жалпы экономика саласын меңгеру өте қиын. Сөйтіп, министрліктің бүкіл құрылымымен танысып, әр департаменттің жұмыс ерекшелігін, ережесін оқып шықтым.

30 түрлі департамент 30 түрлі бағытқа жауап береді. Шынымды айтсам, соның бәрін меңгеруге 10 күн жұмсадым. Кейін мұның бәрін біліп алғаннан кейін өз-өзіме деген сенім пайда болды. Университетте мұндай білім алу екіталай, ал министрлікте жұмыстың қайнаған ортасында іс жүзінде сабақ алдым. Бұл баға жетпес білім.

  • Төртіншіден, баспасөз қызметкері басшысы сияқты барлық саладан хабардар болуы керек. Сандар, статистика, жалпы ішкі өнім, инфляция. Осының бәрін білгеннің арқасында өзің де болжам жасай аласың. Мұны математикамен салыстыруға болады.

Білікті де білімді баспасөз қызметкері ретінде кімдерді атай аласың?

Мұрат Жұманбаев – ол кезінде қаржы полициясының ресми өкілі болды. Үнемі ақпарат таратып, брифинг ұйымдастыратын.

Жалпы ресми өкіл мен баспасөз қызметкері арасындағы айырмашылықты көпшілік түсіне бермейді. Ресми өкіл басшыны күтпей, өзі ақпаратты беруге құқылы. Журналистер соған сілтеме жасай береді.

Сосын Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет еткен Руслан Иманқұловты атауға болады. Кезінде Ақтөбе облысы, кейін Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметкері болған Қанат Құлшымановтың еңбегі зор.

Сыртқы істер министрлігінде Айбек Смадияров ақпараттандыру саласында жақсы қызмет етті. Қаржы министрлігіндегі Алибек Абдиловтың пандемия кезіндегі жұмыс істеу стилін мысал етуге болады. Ол «Каспи» қосымшасымен болған келеңсіздікте өзі үйінде қосымшаға кіріп, бейнероликтің көмегімен бәрін бүге-шегесіне дейін түсіндіріп берді. Халық пен билік арасындағы түсінбеушілікті бір өзі шешті.

Журналистерді мемлекеттік және жеке медиа өкілі деп бөлуге қалай қарайсың?

Астанада жиынға журналистерді бөліп-жарып шақырмақ түгіл, ол жайлы ойлау да мүмкін емес. Себебі мұнда бүкіл БАҚ шоғырланған. Қай салада болмасын бөліп-жару дұрыс емес. Бұл ешкімге ұнамас. Дегенмен әр баспасөз қызметкерінің жұмыс істеу стилі әртүрлі. Бірақ өз басым мұны қолдамаймын. Тіпті блогерлер деп бөлмеймін. Әрқайсысына бірдей толыққанды ақпарат беруге тырысамын.

Журналистер жан-жақтан шабуылдап жатқанда тығырықтан қалай шығасың?

Баспасөз қызметкеріне күнде шабуылдайды. Ол жұмыстың күнделікті ажырамас бөлігі. Сондай сәтте сабырлылық таныту керек.

Бес минутқа телефоныңды қоя тұрып, журналистің сауалын ой елегінен өткізесің. Беретін ақпаратыңның мазмұнына қарайсың, негатив әкелмей ме деп болжам жасайсың. Берген ақпаратың өзіңе зиян тигізбеу керек, журналиске де қызық болуы қажет. Баспасөз хабарламасын жеткізудің сан түрлі амал-тәсілдері бар.

Баспасөз қызметіндегі ең үлкен қателігің?

Жағылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Мүлдем жұмыс істемегенде ғана қате жібермейсің. Әсіресе, бастапқыда жаңа салаға келгенде олқылықтар жасап қоясың. Барлығы тәжірибемен келеді.

Мәселен, Қазақстанда 13 қаланың статусы жайлы қате ақпарат қазақтілді 15 шақты сайтқа тарап кетті. Сілтемені маған жасап қойған. Бұл менің қателігім болды, ақпаратты тексермей, екі журналиске бере салыппын.

Сайттың тілшілеріне қоңырау шалып, кешірім сұрап, ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айттым. Әдетте мұндай кезде сайттар ақпаратты алмай, жоққа шығаратын қосымша хабарлама сұрайтын.

Бұл ретте журналистер менің өтінішімді жерге тастамай, ақпаратты өшірді, сол үшін әлі күнге дейін оларға ризамын. Бәлкім, олармен тікелей, яғни қағазбастылыққа жол бермей жұмыс істегенімнің арқасы шығар. Журналистермен дос болу керек. Бұл да бір лайфках.

Жұмыстағы күйзелісті қалай жеңесің?

Бір күйзеліс екінші күйзелісті ұмыттырып жібереді. Әркімнің ағзасы әр түрлі. Өз басыма келер болсақ, жүйке жүйемнің сыр бергені болмады. Адам 21 күннен кейін тозаққа да үйренеді ғой. Расында баспасөз қызметкерінің жұмысы өте ауыр. Бастыққа, журналистерге жағуың керек.

Егер проблеманы жүрегіңе қатты қабылдай берсең, сенен баспасөз қызметкері шықпайды. Күйзелісті сабырлылық қана жеңеді. Кейбір мамандар журналистің тынымсыз мазалауына агрессиялық сипатта жауап береді. Ондай баспасөз қызметкері ұзаққа бармайды. Өзінің жүйке жүйесін де тоздырады, жұмысы да өнбейді.

«Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған