Дмитрий Матвеев: Журналистерді көбі қолшоқпар ретінде пайдаланады

Ақтөбедегі тәуелсіз журналистиканың өкілі, 20 жылдық тәжірибесі бар, әкімдіктің басына төнген нәубет секілді талай сыни мақалаларды жазған Дмитрий Матвеев «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз кәсіби журналистің қандай болуы керектігі туралы сөз қозғады.

Сонымен, Дима, кәсіби журналист қандай болуы керек?

Ол үнемі жеккөрінішті болуы тиіс. Мұнда бір гәп бар ғой деп үнемі ыңғайсыз сұрақтар қояды. Бұл мәселеге басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Егер сізді журналист ретінде өзгелер жақсы көрсе, мұндай кезде «дұрыс бағытта келе жатырмын ба?» деп ойлану керек. Міндетті түрде екі жақтың пікірін тыңда. Мейлі бірінші тараптың пікірін қанша ұнатып тұрсаң да, екінші тараптың сөзін жаратпасаң да, бейтарап бол. Есіңде болсын, сен не тергеуші, не судья, не прокурор емессің. Жақсы журналистің досы жоқ. Адамдар туралы шындық жазғанда сенен бәрі алшақтай береді. Сен не жазасың, не жазбайсың, таңдау өзіңде.

 

Сөзіңе қарағанда, мемлекеттік тапсырысты жазатын журналистерге қарсы сияқтысың.

Журналистика мен үгіт-насихат арасындағы айырмашылықты түсінуіміз керек. Сен не журналист, не пропагандист бола аласың. Мен, мысалы, екеуін ажыратамын. Адам ретінде түсінемін, бірақ журналист ретінде қарсымын. Тілшінің өз ұстанымы болуы тиіс.

Белгілі режиссер Немирович-Данченко айтқандай, актер сахнаға не үшін шығады, көрермендерге не бере алады? Дәл солай сен де өз материалыңды кім, не үшін жазып жатсың деп сұрақ қойғаның абзал. Бұл өте маңызды.

Аналитикалық материал жазу үшін дереккөздерді қайдан табасың?

Дереккөздер – сен тілдесетін адамдар. Алдымен өзіңе қандай тақырып қызық екенін анықтайсың, сосын сол саладағы мамандарды іздейсің. Кімге сенуге болады/болмайды деп ішінен өзіңе керегін іріктейсің. Өзіңнің ішкі түйсігіңе сүйенесің. Қандай сұхбат бергенін, жазбаларын оқып шығасың.

Сенімді дереккөзің ауызша құнды ақпаратпен бөліссе, не істейсің?

Бірнеше рет тексеріп алған жөн. Ол өзінің мүддесіне орай сені пайдалануы мүмкін. Журналистерді пайдаланады деп үнемі айтамын. Сені қанша мақтаса да, сені қанша қолдаса да, бәрі жалған. Адамдар бізге біреуден өшін алуға, көпшілікке наразылығын жеткізуге келеді. Біз олардың қолшоқпары сияқтымыз. Ал кейде ақпарат беруші қателесіп кетуі де мүмкін. Сондықтан тексер, тағы да тексер. Әрине, растайтын құжат болмаса да, жазғың кеп тұрған ақпарат кездеседі.

Осы орайда «мұны жазсам, маған не болады» деп алдын ала таразыға саласың. Бұл қоғамдық наразылықты күшейтетіндей маңызды материал ма деп қарайсың. Өйткені журналисті кез келген уақытта қолыңда растайтын құжат болса да сотқа тартуы мүмкін. Соған дайын болуың керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған