Еуропа әуе компаниялары Беларусьті айналып ұша бастады

Франциялық Air France, нидерландық KLM, финляндиялық Finnair, германиялық Lufthansa, скандинавиялық SAS, польшалық LOT Беларусь аумағынан ұшақтарын ұшырмайтынын мәлімдеді.

Дүйсенбі, 24 мамырда латвиялық AirBaltic және ирландиялық Ryanair Беларусь аспанын пайдаланбайтынын жариялаған. Бұған қоса, сингапурлық Singapore Airlines компаниясы да Беларусьті айналып өтетінін жариялады.

23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.

Батыс елдері Минскінің бұл әрекетін сынап, журналисті босатуды талап етіп жатыр. 24 мамырда Брюссельдегі кездесуде Еуропа одағына мүше 27 елдің лидерлері Беларусь билігіне тағы да санкция салуға келісті. Жиында ЕО лидерлері одаққа мүше елдердің әуе компанияларын Беларусь төбесінен ұшпауға, Беларусьтің Belavia әуе компаниясын Еуропаға кіргізбеуге шақырған.

Belavia 30 қазанға дейін Ұлыбритания мен Францияға рейс ұшырмайтынын мәлімдеді.

1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 2020 жылы тамыздағы президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарланған соң елде жаппай наразылық басталды. Содан бері билік 30 мыңнан астам адамды ұстап, жүздеген адамды ұрып-соқты, журналистерді қудалай бастады. NEXTA Live Telegram каналы осы даулы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан еді.

Былтыр қарашада Беларусь билігі «жаппай тәртіппсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды» деген күдікпен Роман Протасевич пен оның әріптесі Степан Путилаға қарсы тергеу бастаған еді.

azattyq.org

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған