Air Astana Алматы – Минск рейсін ұшыруды кейінге қалдыру себебін түсіндірді

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Алматыдан Минскіге тікелей рейс ұшыруды кейінге қалдыру себебін түсіндірді. Әуе компаниясы Алматыдан Минскіге алғашқы рейсті 31 мамырда жіберуді жоспарлаған. Алайда Беларусте журналистің ұсталуы халықаралық дау тудырған тұста оны кейінге қалдырғаны белгілі болды.

«Рейсті кейінге қалдыру туралы шешім 20 мамырда қабылданды және ол коммерциялық жүктеменің аздығымен байланысты. Жолаушыларға рейс ұшырылмайтыны туралы хабарлама сол күні жіберілді» делінген әуе компаниясының 25 мамырда таратқан хабарламасында.

Осыған дейін «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің баспасөз хатшысына сүйене отырып, «Қазақстан Беларусь төбесінен ұшу мәселесін ведомствоаралық комиссия жиынында қарайды» деп хабарлаған.

23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болды. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп хабарлап, ұшақты Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live телеграм каналын құрушылардың бірі Роман Протасевичті тұтқындады.

Бұл халықаралық дәрежеде дау туғызды. Батыс елдері Беларусь билігінің әрекетін айыптап, журналисті босатуды талап етті. Еуроодақ жетекшілері Лукашенко режиміне санкция салуға келісті. Ирландиядық Ryanair әуе компаниясы Беларусь «әуеде қарақшылық жасады» деп айыптады. Сарапшылар әуе қауіпсіздігі мәселесін талқылап жатыр. Ал Минскінің өзі ұшақты журналисті ұстау үшін қондырғанын мойындамады.

Осыған дейін Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.

azattyq.org

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған