Нұр-Сұлтан соты Макс Боқаевтың президент Тоқаевқа қарсы талап-арызын кері қайтарды

Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты азаматтық белсенді Макс Боқаевтың сайлау заңнамасына енген түзетулерді заңсыз деп тану туралы Қазақстан президентіне, парламент палаталарының төрағаларына қарсы талап-арызын кері қайтарды.

26 сәуірдегі ұйғарымында Есіл аудандық сотының судьясы Аяпбергенова Қазақстан Конституциясының 4-бабының 1-тармағына, «Құқықтық актілер туралы» заңға және Азаматтық іс жүргізу кодексінің 30-бөліміне сәйкес сот «нормативтік-құқықтық актінің заңдылығын тексеруге хақылы», ал «заңның [Конституцияға] сәйкестігін Конституциялық кеңес қарастырады» деген уәжбен талап-арызды азаматтық іс аясында қараудан бас тартып, кері қайтаратынын айтқан.

Соттың уәжі бойынша, президенттің миссиясы – «мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындау, ел ішінде және халықаралық қатынаста Қазақстан атынан өкілдік ету». Судьяның айтуынша, сенат пен мәжіліс төрағаларының әрекетіне қарсы болу мүмкін емес, «себебі заңдар дауыс беру арқылы, ұжымдық жолмен қабылданады». Сондықтан, президенттің, парламент сенаты мен мәжілісі төрағаларының әрекеттері «сотта қарастыруға жатпайды».

Макс Боқаев пен белсенді Талғат Аян 1995 жылғы конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2018 жылғы 29 маусымда қабылданған конституциялық заң «Қазақстан Республикасы азаматының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзады, олардың азаматтық құқықтарын, азаматтық бостандықтарын және заңды мүдделерін жүзеге асыруына кедергі жасайды деп тануды» талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты, парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты және мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинді сотқа берген.

Заңға енгізілген түзетулер бойынша, Қазақстандағы жергілікті уәкілдік орган – мәслихат сайлауына тек саяси партияға мүше азаматтар ғана қатыса алады. Белсенділердің пікірінше, бұл түзетулер «партияға кірмеген азаматтардың мәслихатқа сайлану құқығын шектейді». Биыл қаңтарда осы заң негізінде сайлау өтті.

1 сәуірде Атырау соты бірнеше себеппен, соның ішінде жауапкерлер Тоқаев, Әшімбаев, Нығматулиннің Нұр-Сұлтанда екенін айтып, талап-арызды кері қайтарған соң белсенділер астана сотына қайта арызданған.

Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев «сот ұйғарымын заңгерлерге жіберіп, сараптама жасап жатқанын», оған байланысты жоғары инстанция сотына апелляция беретінін хабарлады. Оның айтуынша, соттың бұл ұйғарымында «қайшылық бар».

Талғат Аян мен Макс Боқаев 2016 жылғы «жер митингілері» кезінде республикаға танылған. Олар жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай екеуі де «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Белсенділер «істің саяси астары бар» деп санайды.

Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқаев кесілген мерзімді толық өтеп, биыл ақпанда бостандық алды. Бірақ оған қазір көп шектеулер қойылған.

azattyq.org

фото: «Уральская неделя»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған