Гүлнара Каримоваға қызымен жолығуға рұқсат бермеді

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қамаудағы үлкен қызы Гүлнара Каримованы жалпы колонияға ауыстырғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Каримова жаза мерзімін өтеп жатқан Ташкент шетіндегі №21 әйелдер колониясының жетекшісі Гульхаё Каримова хабарлады.

Осыған дейін аталған түрмеден шыққан әйелдердің бірі Азаттықтың өзбек қызметіне хабарласып, Гүлнара Каримова №42 жалпы колонияға ауыстырылды деген. Оның айтуынша, жалпы колония аймағында ол үшін төрт бөлмеден тұратын арнайы үй дайындаған. Ол Гүлнара Каримованың Лондонда тұратын қызы Иман осы оқиғаға байланысты Ташкентке ұшып келген болуы мүмкін деген.

Осы арада Ташкентке келген Иман Каримова Instagram парақшасына абақты басшылығы анасымен кездесуге рұқсат бермегенін жазып, анасын екі жылдан бері көрмегенін жеткізген.

14 сәуірде Өзбекстанның омбудсмені бастаған мониторинг тобымен Ташкенттегі әйелдер колониясына барып келген құқық қорғаушы Агзам Фармонов Гүлнара Каримованы абақтының ауруханасынан көргенін жеткізген.

49 жастағы Каримова биыл наурыз айында түрмеден шыққан әйелдердің бірі арқылы туыстарына хат беріп жіберген. Қызы Иман Каримованың Telegram-каналына жариялаған хатында абақтыда азапталғаны жазылған.

Гүлнара Каримова Өзбекстанда «Мемлекет мүлкін меншіктеп алу», «Қылмыс жолымен табылған ақшаны заңдастыру» секілді баптармен кінәлі деп танылып, 13 жыл төрт айға бас бостандығынан ажыратылған.

Centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған