Қазақстанда әлеуметтік желілерді реттейтін заң қабылдау ұсынылды

Қазақстанда әлеуметтік желілерді реттеуге арналған арнайы заң шығару қажет. Бұл туралы Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов айтты, – деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«Жусан» операциясының нәтижесімен таныссыздар. 590 азаматымыз Сириядан оралды, оның 406-сы бала. Шетелдік саясаткерлердің ішінде жалған ақпарат тарататындары да бар. Қазақстан сондай жағдайларға дайын болып, ұлттық құндылықты сақтай біуі керек», – деді Жұмағұлов.

Депутат қазақстандық жастарды еңбекқорлыққа баулу керегін атап өтті.

«Пандемия кезінде дүние жүзінде идеологиялық вирустар да тарап жатыр. Жалған ақпарат сол вирусты әлеуметтік желі арқылы таратып отырады. Сондықтан әлеуметтік желі туралы заң қабылдауымыз керек», – деді депутат.

Айта кетейік, Ресейде 1 ақпаннан бастап әлеуметтік желілерде былапыт сөз жазуға болмайды. Әйтпесе, пікір жазған адам емес, әлеуметтік желінің өзіне айыппұл салынады. Енді 500 мыңнан аса аудиториясы бар әлеуметтік желілерде, сайттар мен видеохостингтерде былапыт сөз қолдануға болмайды.

Жаңа заң бойынша, әлеуметтік желілер былапыт сөз жазылған жазбаларды тауып, оны өшіріп отыруға тиіс. Оған бір тәулік уақыт беріледі. Егер бір тәулікте жазба өшірілмесе, жазба авторына емес, әлеуметтік желінің өзіне айыппұл салынады. Заң талаптарына бағынбағандар 800 мыңнан 4 миллион рубльге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.

Былапыт сөзден бөлек заңда бірқатар тыйым бар. Мысалы, экстремизге, суицидке, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, есірткі, алкоголь сату, онлайн-казино жарнамалау көзделген жазбалар да бір тәулікте өшірілуі қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған