Блогер Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болғанын жеткізді

Қырғызстанда танымал блогер Юлия Барабина Бішкектегі пәтеріне тінту жүргізгеннен кейін елден кетуге мәжбүр болғанын жеткізді, деп жазады Centralasian.org

Юлия Барабина kaktus.media сайтына 15 ақпанда сұқбат берді. Онда блогер өлкеден шығып кеткенін айтып, себебін былайша түсіндірді:

«Мені Қырғызстаннан кетуге мәжбүр етті. Үйімді негізсіз тінтіп, аңдып, телефонымды тыңдады және адвокаты жоқ тергеуге бардым. Бәрі орнына келеді деген үмітте болған едім, қазір ондай үміт жоқ.

Сонымен бірге Барабина басылымға «Фейсбуктағы» «Правдоруб.кг» тобына қатысты кеңірек айтып берген.

Онда бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков бастаған билікті, сосын қазан оқиғасынан кейін келген қазіргі билікті сынаған материалдар жарияланып тұрған және оған Барабина әкімшілік еткен.

Блогер 3 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитетке (ҰҚМК) тергеуге барған. Онымен бірге ҰҚМК-ның бұрынғы жетекшісі Абдил Сегизбаевтың сайлау штабында істеген Мээрим Асанова, Кутман Мукашев және Нурзада Токтогулова да тергеуге кіріп шыққаны айтылған. Олар Фейсбуктағы жазбалар үшін сұралып жатқанын хабарлаған.

ҰҚМК бұл туралы мәлімет бермеді.

Қырғызстандағы бірқатар белсенділер Қылмыстық кодексінің 313-бабы («Нәсілдік, этностық, ұлттық, діни және аймақтар ортасындағы қастықты қоздыру») бойынша айыпталып жатқанын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған