Қырғыз журналисі депутат Матраимов тарапынан қысым көргенін айтты

«Супер ТВ» журналисі Шаиста Шатманова Facebook парақшасына Райымбек Матраимов жайында мәселе көтерме деген телефон арқылы ескерту алғанын жариялады. Оның сөзінше, президент міндетін атқарушы Талант Мамытовты сұқбатқа шақырып, оған қойылатын сұрақтар жіберілгеннен кейін болған жағдай.

Журналист Матраимовқа қатысты сұрақтар болғанын айтады. Шаиста Шатманова Азаттыққа берген сұқбатында бұл сәйкестік пе, әлде Матраимовтар әлі күнге дейін билікке ықпал етеді ме, түсініксіз дейді.

Оның айтуынша, оған Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың бауыры, Жогорку Кеңеш депутаты Искендер Матраимов қоңырау шалған.

«Ол неге үнемі Матраимовқа қатысты сұрақтар қойылады, Қырғызстанда одан басқа проблема жоқ па деді. Әрине, ол тікелей нұсқау бермеді. Бірақ мұны біз қысым деп есептейміз», – дейді журналист.

Депутат Искендер Матраимов журналистке звондағанын растады. Бірақ ол қысым көрсетпегенін жеткізді.

Талант Мамытов 6 қаңтарда жергілікті судьяларды тағайындау туралы жарлыққа қол қойған. Тағайындалған судьялардың ішінде Матраимовтардың отбасын қорғап келген адвокат Лейла Байдаеваның аты-жөні бар. Ол Бішкектегі Свердловск аудандық сотының судьясы болып тағайындалған.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге журналистік зерттеу жариялады. Онда қырғыз кеден жүйесі арқылы миллиондаған доллар шетелге шығарылғаны айтылды. Зерттеуде Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Раимбек Матраимовтың есімі аталды.

9 желтоқсанда АҚШ Райымбек Матраимовты «Магнитский актісі» тізіміне енгізді. Бұған сәйкес, оның АҚШ-тағы барлық мүлкі бұғатталады. Бұл тізімге Матраимовтың әйелі Уулкан Тургунова да кірді.

17 қазанда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Мемлекеттік кеден қызметіндегі жемқорлыққа қатысты іс ашып, 20 қазанда Раимбек Матраимовты ұстады. Сол күні Бішкек қаласының 1-май аудандық соты Матраимовты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған