Үндістан сынақтан толық өтпеген вакцинаны жаппай егуге рұқсат берді

Үндістан басшылығы сынақтың үшінші кезеңінен өтпеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны ел ішінде жедел қолдануға рұқсат берді. Бұл жөнінде Hindustan Times басылымы хабарлады.

Үндістандық Bharat Biotech фармацевтикалық компаниясы әзірлеген «Коваксин» деп аталған екпе бейтараптандырылған вакцинаның классикалық схемасымен әрекет етеді. Ол ағзаның иммундық реакциясын тудыру үшін оған «өлтірілген» коронавирустың бөлшектерін жеткізеді. Вакцина сынақтың екі мерзімінен өтті, жақында өндіруші үшінші кезеңдегі сынаққа қатысатын еріктілерді жинап жатқанын хабарлады.

Екпе ағзаға екі рет енгізіледі. Үшінші кезеңге қатысып жатқан еріктілер алғашқы екпені алды ма, ол жағы белгісіз. Вакцинаның тиімділігі туралы да ақпар жоқ. Үндістанның денсаулық сақтау саласындағы коммерциялық емес ұйымдарының AIDAN бірлестігі «Коваксинді» қолдану туралы шешімнің күшін жоюға шақырды.

Үндістан Covid індетін тоқтату үшін вакцина сатуға лайықты аса ауқымды нарық саналады. 1 миллиард 380 миллион адам тұратын бұл ел коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші орын алады. Ресми дерек бойынша, мұнда 10 миллион 300 мыңдай адам Covid жұқтырған.

Британ вакцинасын өндіретін жергілікті кәсіпорын ақпанға қарай айына 100 миллион доза екпе шығаруды жоспарлап отыр. Әзірге олардың халыққа қалай таралатыны, вакцина салу қашан басталатыны белгісіз деп жазады The New York Times.

4 қаңтардың таңындағы мәлімет бойынша, әлемде 85,1 миллион адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің есептеуі бойынша, бұл дерттен 1 миллион 840 мың кісі қайтыс болған.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған