«Даму» Қоры КМF микроқаржы ұйымына микрокәсіпкерлерді қаржыландыру үшін 5 млрд теңге бөліп отыр

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (Даму Қоры) мен KMF микроқаржы ұйымы өңірлердегі микро және шағын жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруды көздейтін келісімге қол қойды, деп хабарлайды Tilshi.kz.

5 млрд теңге микроқаржы ұйымына траншпен бөлінеді және өңірлерде микро және шағын жеке кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерді KMF МҚҰ несие өнімдері аясында жеңілдікті шарттармен қаржыландыруға бағытталады.

Бұл қаржы «Даму» Қорының өз қаражаты есебінен бөлінген. Бұл – KMF пен «Даму» Қоры арасындағы 2016 жылдан бергі үшінші келісім. Құжат бойынша қаражат кәсіпкерлерге несие беру үшін орналастырылады.

«Биыл экономикалық жағдайдың күрделі болып тұрғанына қарамастан, Қазақстандағы шағын және микро бизнес қолжетімді қаржыға мұқтаж. Біздің компанияның бұл қаражатты кәсіпкерлерге жедел жеткізуде мүмкіндіктері мол. Елдегі МҚҰ-лар арасында біздің филиалдарымыз көп. Қосымшамыз да қарқынды дамып келе жатыр. Қазір оны пайдаланушылар 150 мыңнан асты. Салынған бұл қаржыны біз кәсіпкерлерді, әсіресе банк қаржысына қол жеткізуге мүмкіндігі аз алыс ауыл бизнесін несиелеуге пайдаланамыз», – деді KMF Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

«Даму-Микро» бағдарламасын жүзеге асырудың мақсаты – Қазақстандағы микроқаржыландыру саласының сапалы дамуына сеп болу және шағын және микро кәсіпкерлердің қолын баламалы қаржы көзіне жеткізу. «Даму» қоры ашық несие желісі аясында 3 млрд теңге көлеміндегі бірінші траншты салды. Осының арқасында қысқа мерзімде қаржы еліміздің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлерге жетеді», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.

Келісімнің шарттары бойынша қаржыны КМF микро, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің айналым қаражатын толықтыру, негізгі құралдарды сатып алу, жаңарту секілді инвестицияға жұмсауы үшін бөледі. Бір қарыз алушының қолына тиетін максимал  сома – 8 000 АЕК.

Микронесиенің артықшылықтары:

  • Аз құжат жинайды;
  • Үздіксіз несие алуға болады;
  • Жасқа аса шек жоқ — несиені студенттер де зейнеткерлер де ала алады;
  • Қаржылық сауат сабағына тегін қатысу мүмкіндігі;
  • Әр қарыз алушыға жеке көңіл бөледі. Соның арқасында өзіне ыңғайлы әдіс пен қарыз төлеу кестесін жасай алады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған