Аспандияр Есенжолов: «Ақтөбелік спортшылардан күтер үмітіміз көп»

Алматыда күрес түрлерінен ҚР чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Tilshi.kz. Ақтөбе облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атқарушы директоры Аспандияр Есенжоловтың айтуынша,  чемпионатқа ақтөбелік 15 спортшы қатысады. Олардың қатарында Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрболат Темірбаев бар.

Күрес спортының жанкүйерлері осы жолғы чемпионатты тағатсыздана күтіп отыр. Дегенмен Алматы қаласында өтетін ҚР чемпионаты жанкүйерсіз және БАҚ өкілдерінсіз өтеді.

«Осы жылы белгілі жағдайларға байланысты олимпиадалар ауыстырылды. Көптеген жарыстар болмай қалды. Бұл карантиннен шыққанан кейін бірінші жарыс болмақ. Алдағы жарыста Мейрамбек Айнағұлов 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Мейрамбекке деген үмітіміз зор. Сонымен қатар Нұрболат Темірбаев бар. Өткен жылы күміс жүлдегер атанды. Одан кейін 23 жасқа дейін ҚР чемпионатында 63 келі салмақ дәрежесінде Тілек Әсембаев деген баламыз бар. Қуанышбек Досжанов деген спортшымыз бақ сынайды. Ол 82 келі салмақ дәрежесінде күреседі. Өткен  жылы болған 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Осы жігіттерге үміт артып отырмыз. Одан басқа жастар құрамасынан ересектерге ауысқан 67 келі салмақта Әділет Сейсенбаев пен 77 келіде Дәулет Жалғасов деген баламыз бар. Енді бұлар алғаш рет ересектердің арасында күреседі. Жалпы дайындықтары жақсы. Сапалы өнер көрсетсе, үздіктердің арасынан көруге болады. Бұл жерде ҚР чемпионаты болғасын барлығы да күреседі. Барлығы да тәжірбиелі спортшылар. Қазіргі таңда  бізге ересектер арасында ҚР чемпионатын өткізуге ғана рұқсат беріп тұр. Оның ішінде жанкүйерсіз және БАҚ өкілдері қатыспайды. Арнайы анықтамамен кіреді. Қалған жарыстардың барлығы, яғни осы жылы олимпиада, әлем чемпионаттары өткізілмей қалды. Еркін күрестен жылдың басында ҚР чемпионаты ғана  өткізіліп үлгерді», – дейді Аспандияр Есенжолов.

Айта кетейік, күрес түрлерінен ҚР чемпионаты 19-26 қараша күндері өтеді.

фото: zakon.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған