«Мейірімділік – өз қолыңда»: ақтөбелік волонтерлар мүмкіндігі шектеулі балаларға әдеби кеш ұйымдастарды 

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы  «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінде «Жақсы кітап – жан азығы» жобасы аясында «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымымен бірлесе «Мейірімділік – өз қолыңда» атты әдеби кешін өткізді, деп хабарлайды Tilshi.kz.

«ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымын құру туралы ой, жас талант Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ГМК-101 тобының студенті, «Студенттің ғылыми ізденіс нәтижелері» атты екінші республикалық ғылыми практикалық конференциясының II дәрежелі диплом иегері, дзюдо күресінен  облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы – Өтеуов Олжастың бастамасы.

Мақсаты – балаларға, қарттарға ерекше көңіл күй сыйлау, азғантай болса да, қолынан келгенше қол ұшын созу, игілікті іс-шаралар жасау.

«ADAL KOMEK волонтерлік ұйымы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ГМК-101 тобының студенттерінен құралған. Онлайн оқудың қиындығына қарамастан белсенділік танытқан жастарымызға алғысымыз шексіз!

Шараға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ГМК-101 тобының студенттері Сәрсенбаев Нұрлыат, Жарасқанова Орнай, Серікбаева Айдана, Нұртуғанқызы Гүлдана қатысып, «Жалқау мысық» ертегісін сахналады.

Осы әдеби  кешке «Шын хакім – сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн байқауының I орын жүлдегері, Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің студенті Утегенова Анар арнайы қатысып, өзінің жүрекжарды өлеңін оқыды. Сонымен қатар, ГМК-101 тобының студенттері Бримтаева Шолпан, Амангалиева Зарина ертегілер еліне саяхат жасап, «Ертегілер» әнін тамылжыта орындаса, №12 орта мектебінің оқушысы Сапрыгина Дания заманауи би биледі.

Сондай-ақ, III  республикалық «Ұлы Дала ұрпағы» байқауының I орын иегері, V халықаралық  «Галактика талантов» байқауының бас жүлдегері, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Қадыров Өркен Құрманғазының «Адай», басқа да белгілі «Секіртпе», «Көроғлы» сияқты күйлерін тарту етті.

Шараның соңында белсенді жастар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады. Аталмыш әдеби кешке мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алаш» қоғамдық бірлестігіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «REAL» фото студиясының мүшелері Рамазанова Гүлфайра мен Ешімова Самал, Шуитбаева Салтанат белсене атсалысты.

Ізгілікті шараның бастамашысы болған «ADAL KOMEK» волонтерлік ұйымы кішкентай балақайларға арнайы сыйлық әзірлеп, табыс етті.                        Шын көңілден жасалған сауабы мол шараға атсалысқан жастарға Алланың нұры жаусын! Әдеби кеш соңында «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары  Инна Романовна барша қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да, осындай шаралардың көптеп өткізілуіне ұсынысын айтты.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған