Жүзуден республикалық чемпионатқа дайындық жүріп жатыр

Ақтөбеде 22-29 қараша аралығында жүзуден ҚР чемпионаты өтеді. Жарыста бақ сынайтын 14 спортшы сақадай сай. Олар бүгінгі таңда қызу дайындық үстінде. Республикалық чемпионаттан үздік шыққандар алдағы жылғы олимпиадаға жолдама алуы мүмкін, деп хабарлайды Tilshi.kz

ҚР чемпионаты олимпиаданың алдындағы жарыстардың бірі. Бұл жарысқа еліміздің барлық облыстарынан және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласының спортшылары қатысады. Дегенмен пандемияға байланысты бір командаға 14 спортшыға дейін шектеу қойған.

«Бұрын ондай болмайтын. Қазір санитарлық талаптарға сәйкес болып тұр. Жарыстың алғашқы үш күні әйелдер арасында өтеді. Қалған үш күні ерлер арасында болады. Бұл жарыста жас бойынша айырмашылық жоқ. Адамдардың саны бойынша ғана айырмашылық бар. Бір команда да 7 әйел, 7 ер адам болу керек.

Ақтөбе облысының командасына келетін болсақ, олар бұрынан жарыстарға қатысып, нәтиже беріп жүрген білікті спортшыларымыз. Құрамында спорт шеберлері бар. Атап айтатын болсақ, ағайынды Хамзеновтар осы жарысқа қатысады. Спорт шеберлері, ҚР бірнеше дүркін чемпиондары мен жазғы олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымызы бақ сынайды.

Осы жарыстан спортшыларымыз озық шықса 2021 жылы Токиода болатын олимпиадаға жолдама алатын спортшыларымыз бар.

Бұл жарыс негізінде ертерек болу керек еді. Дегенмен карантин кезінде ешқандай жарыс болмады. Бұл карантиннен кейін болғалы тұрған алғашқы чемпионат. Аға жаттықтырушының өзі құраманы іріктеді. Қазір олардың дайындықтары өте жақсы. Бұл чемпионатта әр түрлі қашықтық және жүзудің әр түрлі стильдері бар. Сол бойынша жарысады.

Жарыс алты күнге созылады. Бұрын жарыс төрт күнде бітетін. Қазір санитарлық талаптарға байланысты күнін созып отыр. Осы спортшыларымызбен 2019 жылы жазғы спартакиада ойындары өткізілді. Ол кезде дәл осы құрамамен командалық есепте республика бойынша бірінші орынды алдық. Осының алдында олар жарты жылдан көп уақыт ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. Оның ішінде жарты жылы карантинмен өтті. Соңғы қосылғанымыз екі ай шамасында болды. Қазір олар екі мезгіл жаттығу жасайды. Барлығына дайын», – дейді «Достық» су спорты түрлері бойынша ОБЖСМ директоры Серікбол Нұралин.

Чемпионатқа қатысатын спортшылардың ең үлкені 95-96 жылғы болса, ең жасы 2007 жылғы қыз. Олардың да өзіндік жоғары нәтижелері бар.

Осы жолғы жарыста бақ сынайтын 24 жастағы Айбек Қамзенов әр күн сайын қызу дайындықта жүр. Өзінің айтуы бойынша, алдағы жарысқа толықтай дайын.

«Жүзумен алты жасымнан бері айналысып келемін. Алдағы жарысқа
дайындық өте мықты. Дайындалмай қалған күнім болған жоқ. Карантин жағдайының өзінде далада және құрғақ бассейінде дайындалдым. Рұқсат бергеннен кейін бассейнге бардым. Өзім ҚР V жазғы спартакиадасының жеңімпазымын. 8 алтын медаль алдым. Алдағы жарысқа қобалжу кішкене болады. Дегенмен өзіме сенімдімін», – дейді жарысқа қатысушы Айбек Қамзенов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған