«Кітаптар – балалар үйіне»: ақтөбелік еріктінің бастамасын Қазақстанның бірнеше қаласы қолдады

Ақтөбеден шыққан жас белсенді Азамат Махамбет Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйіне биыл 200-ден астам кітап табыстады. Биыл ғана ЕҰУ журналистика факультетін тәмамдаған еріктінің бастамасын замандастары қолдап әкетті. Дереу пошта арқылы кітаптар, кеңсе заттарын жолдай бастады. Тіпті, кейбірі, балаларға пайдалы дүние алып бер деп ақша аударып та жіберген.

«Әдетте, балалар үйіне киім, тамақ апарып жатады. Мен оларға аз да болса рухани азық болсын деп кітап апаруды жөн санадым. Әлеуметтік желідегі оқырмандарына үндеу тастадым. Бір қызығы, өмірде көрмеген адамдар бірден қолдау танытып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат жаза бастады. Мекенжайымды сұратып алып, жаз бойы қорап-қорап кітап жолдады», – дейді Азамат.

Еріктінің пайымынша, балалар үйіне кітап сыйлау идеясын өзге замандастары да іліп әкетіп, өз қалаларында да осындай шара ұйымдастыруды көздеп отыр.

«Бүгінде балалар үйі бірнеше қалада бар. Бұл бастаманы айналдырып әкетсе, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін де жақсы болар еді. Қазіргі таңда кітап арзан дүние емес. Дүкендерде бағасы ұшып тұр. Оны кітапсүйер қауым жақсы біледі. Ал, оқып тастаған кітаптарды үйде сақтап қойғаннан пайда жоқ. Одан да өскелең ұрпаққа берген жөн деп ойлаймын», – деп санайды Азамат.

Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, тағы басқа қалалардан көркем, іскерлік, т.б. әдебиет жолдаған. Азамат жиналған кітаптардың алғашқы партиясын балалар үйіне тапсырды.

«Балалар үйінде, сонымен қатар, кездесулер ұйымдастырғым келеді. Бәлкім олардың арасында болашақ футболист, журналист бар шығар. Әрине, карантин аяқталсын, жағдай жақсарсын, жүзеге асырғым келетін жобалар бар. Жергілікті билік органы да бұл бастама жөнінде хабардар», – дейді идея авторы.

Кітаптар легі әлі келіп жатыр. Алдағы күндері тағы да бірнеше қорап кітапты буып-түйіп, балалар үйіне апармақшы.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған