Азамат Махамбет, Bastyq Burger маркетологі: Әр адам өзін басшы сезінуі керек

Санаулы аптадан бері Елорданың тез тамақтану нарығында жаңа бургер дәмі пайда болды. Bastyq Burger деген атаумен ұсынылатын фастфуд өнімдері аз уақытта көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді.

Tilshi.kz бастамашыл жігіттерден Bastyq Burger ерекшелігін сұраған болатын. Bastyq Burger жөнінде осы бастаманың маркетолог-координаторы Азамат Махамбет жауап береді:

Әр адам өзін басшы сезініп көрсін деген ойдан туындады

Рас, алдымен назар аударатын атау ойластыру керек болды. Әр адам өзін басшы сезіну керек деген ойдан туындаған шығар. Клиенттеріміз біздің бургердің дәмін татқанда өзін аз уақыт болса да, басшы сезінсін деген ой болды.

Бір жарым ай көлемінде түрлі дәм бойынша эксперимент жүргіздік. Біз ұсынатын өнімнің құрамы, салмағы, дәмі, дәмдеуіштері, жеткізілу барысы, тағы басқа жайттарды сынап көрдік.

Наубай өз рецептін жетілдірді. Етін басқа аспаз дайындады. Жалпы, осы Нұр-Сұлтанға жақын маңдағы таза ет пен ұн өнімдерін пайдалануды жөн санадық. Еттің де сапалысын, шандыр-ішек-қарынсыз жерін таңдаймыз.

Ұнамаса, төлемеуге болады

Бізде бургер ұнамаса, ақшасын қайтып береміз деген принцип бар. Алайда, осы күнге дейін бірде-бір адам ұнамады деп айтпады. Дегенмен, сын-пікір қабылдауға қашан да дайынбыз.

Жобаны дайындайтын кезде көп адам дәмін татты. Бірі кетчупін азайту керек десе, тағы бірі көлеміне қатысты ұсынысын айтты. Олардың барлығын ескердік. Тіпті, аспазды ауыстырып үлгердік. Дегенмен, бұл процесс тоқтап қалмақ емес. Өйткені, біз әрі қарай да кері байланыс күтеміз, бізге де өнімнің сапалы, өтімді болғаны керек.

Бір комбо бір келіге шығады

Бір комбо шамамен бір келіге шығады. Бастапқыда адам тоймай қаламын деп уайымдауы мүмкін. Үлкен болып көрінбеуі мүмкін, алайда бір комбоның өзі тойымды. Барлығын қоса есептегенде, бір килограмға шығып тұр.

Бургердің таза салмағы 300 гр болса, фри 200 гр, оған 500 мл коланы қосыңыз.

Кейде қыз балалар бургерді көпшіліктің көзінше жеуге ұялады. Жалпы, бургер тағамының өзі адамды қызықтырып жеуден тұрады ғой.

Алайда, біз жинақы етіп покет өнімін де ұсына бастадық. Бургерде котлеті мен салат жапырағы ашық көрініп тұратын болса, покетте ішіндегісі көрінбейді. Грамы да аздау болады.

Сонымен бірге, кішкентай бала бір бургерді тауыса алмауы мүмкін. Ол кезде покетке тапсырыс беруге болады. Ыңғайлы, жинақы. Көлемі шағын.

Маркетинг жоспар және жеңілдіктер

Бүгінде бургердің 6 түрін ұсынамыз, сонымен бірге, покеттің 3 түрі және хот-догтің 4 түрі дайындалады.
Қазіргі таңда басты мақсат – қалың көпшілікке таныстыру. Хит бургерге айналдыруды көздеп отырмыз. Сол үшін де жұмыстану керек.

Бүгінде негізгі тапсырыс берушілеріміздің дені 19-34 жаста. Әрине, ең алдымен, достарым, таныстарым, инстаграмдағы аудиториям тапсырыс жасап жатыр. Көбінесе, ер адамдар тарапынан сұраныс жоғары, ол енді түсінікті де.

Сонымен бірге, кеңседе қызмет ететіндер түскі ас мезгілінде сұратады. Кешке жұмыстан шаршап шыққан отбасылар да кешкі асты дайындамай, теледидар алдында бургер жегенді қалайды.

Жеңілдіктер бар, әрине! Промокодтар әзірлеп жатырмыз. 10-15 пайыз көлемінде жеңілдіктер қарастырылған. Бір автожуу бекетімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның клиенттеріне біз жеңілдік жасаймыз, біздің клиенттерге олар жеңілдік ұсынады. Инстаграмдағы парақшаның оқырмандарына бөлек жеңілдіктер бар. Тұрақты клиенттерге тегін жеткізуді ойластырып жатырмыз.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған