200-ден астам адам апарды: жас ақтөбелік білдей әкімдік пен туризм басқармасының жұмысын бір өзі атқарды

Карантин кезінде Қазақстанда да, шет мемлекеттерде де туризм мейлінше тұралап қалды. Жергілікті халық төрт қабырғаға қарап қалды десек артық айтқандық емес. Десек те, Еркебұлан Аймұратұлы секілді бастамашыл жігіттің арқасында ақтөбеліктер осы өңірдің керемет орнына баруға мүмкіндік алды.

Жас кәсіпкер биыл 200-ден астам ақтөбелікті Ақтолағай тауларына апарды. Табиғаты көркем бұл өңір туралы осында туып өскендердің өзі біле бермейді. «Тілші» Еркебұлан ұйымдастырған турлардан фото топтама ұсынады:

Ақтолағай, Байғанин ауданы, Ақтөбе облысы, 2020.

Ақтолағай, Байғанин ауданы, Ақтөбе облысы, 2020.

Қарап отырсақ, табиғаты сұлу Ақтолағай таулары туралы естігендер аз емес екен. Ол жердің жақын маңда орналасқанынан да хабардар. Алайда, көп кедергінің бірі – жолдың болмауы, инфрақұрылымның жоқтығы.

Сапарды ұйымдастырушы Еркебұлан Аймұратұлы. Ақтолағай, 2020.

Еркебұлан көп сылтауға қолды бір сілтеп, тәуекелге барған адам.

Ақтолағай, 2020.

Рас, жас саяхатшы жазда екі өкпесін асқындырып алған. Ел жаппай коронавирусқа шалдығып, жағдай қиын болып жатқанда, Еркебұлан да денсаулығының сыр бергенін ұғады. Сәл жазыла бергенде Байғанин тауларына тартып кетеді. Сол маңдағы ыстық құммен таңнан кешке дейін қара жаяу жүріп шығады.

Ақтолағай, 2020.

Бір қызығы, Еркеблан өзінің құлан таза айыққанын байқайды. Мұндай сары, таза құмдардың емдік қасиетіне көз жеткізеді.

Байғанин құмдары

Еркебұланға алғашқы туристерді жинау қиынға соқпады. Басынан өткен жайтты, көрген-білген қызықтарымен желіде бөлісіп отырды. Көздің жауын алар табиғаттың сұлулығын да қалың көпшілікке паш етті.

Ақтолағай, 2020.

Бастапқыда аз адамды ертіп шығады. Сапар барлығына ұнайды. Олар арқылы тағы да көбірек атам біле түседі. Өзгелер де Еркебұланмен бірге жолға шыққылары келеді.

Ақтөбе облысындағы көрікті мекен, 2020.

Туристік пакеттің құны әрқалай. Қашықтығына байланысты 6 мың мен 15 мың теңгенің аралығы. Ақтөбенің іргесіндегі Қобда, Ойыл, Мәртөк аудандарына арзан. Ал, жолы жоқ, әрі алыста жатқан Ақтолағай тауларына жоғарырақ. Дегенмен, салыстырмалы түрде туристік сапар үшін бұл баға әлдеқайда төмен.

Ақтолағай, 2020.

Карантиннен енді шығып, оң-солына көз сала бастаған қарапайым халық үшін мұндай демалыс, әрине, өте тиімді. Шетелге құжат дайындамайды. Жүз мыңдаған теңгеге турпакет сатып алып, шекараны ертең қайта жауып тастауы мүмкін деп алаңдамайды.

 

 

 

Еркебұлан ішкі туризмді жыл он екі ай дамытқысы келетінін айтады. Жергілікті билік тарапынан қолдау болса артықтық етпейді. Дегенмен, әзірге өзіне, достарына сенеді. Бара-бара іскер замандастарымен бірлесіп жұмыс істеуге ниетте.

Бүгінде жарнама, маркетинг, құжаттар жүргізу секілді жұмыстармен де айналысып жүр.

фотоларды ұсынған Еркебұлан Аймұратұлы.

Дайындаған Марат Төлепберген

Аталған материал IWPR техникалық қолдауымен @school.cabar менторлық қолдауы бағдарламасы аясында әзірленген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған