Ақтөбеден шыққан мүсінші елін әлемге таныстыру мақсатында жаңа жоба бастамақшы

Жас мүсінші әрі суретші Сырым Мүсірептің бала арманы қазақты әлемге танытатын жоба жасау. Амандық болса, алдағы уақытта сол ойына жақындап келе жатқанын жасырмайды.

Сырым туралы жерлестері – ақтөбеліктер көп біле бермейді. Қалалық көркемсурет лицейінде оқыған оның тырнақалды туындылары Астанадағы көрмелерде қойыла бастады. Бала Сырым үлкен қалада үлкен байқауларға қатысып, өзін таныта білді.

20 жастан енді асқан оның арманы асқақ. Тума талант иесі мүсіншілік өнерімен қазақтың да керемет мәдениеті барыш әлемге паш еткісі келеді. Сырым бүгінде күні-түні шеберханадан шықпайды.

Елордада «Шабыт» өнер академиясында білім алып жүрген ол бос уақытында тапсырыс алып, түрлі мүсіндер жасайды. Уақытпен санаспайтын ол демалыс, мереке күндері де шеберханада жүреді.

«Алдағы уақытта қазақтың мәдениетін әлемге таныту ойымда бар. Бұл ойды маған жақын танысым тастады. Көп ойланбадым, бірден іске асыру керек деп кірісіп кеттім. Қолымнан келгенше аз да болса үлесімді қосқым келеді. Бұл коммерциялық та емес, қоғамдық жұмыс іспетті. Бастысы – шағын мүсіндердің көмегімен қазақ халқының салт-дәстүрін, ғұрпын, өмірін өзге елдерге жеткізгім келеді. Бұл жерде басты фишка – жеңіл де, сұранысы бар жолдар арқылы жұмыс істеу», – дейді Сырым Мүсіреп «Тілшіге» берген сұхбатында.

Жас мүсінші уақытының денін шеберханада өткізеді. Тіпті, кейде қонып келетін кездер болады. Бірақ, мойымайды. Өйткені, бала жасынан пластилиннен, көшедегі саз балшықтан ойыншық жасап алатынын айтады. Тіпті, үйдегілер оны түскі асқа әрең шақырып алады екен.

«Меніңше, қолымнан шыққан мүсіндер менің ішкі дүнием, ішкі дауысым сияқты. Рас, мүсін өнерін көпшілік түсіне бермейді. Бірақ, кейбір жақын достарыма мейлінше жеткізуге тырысамын. Асықпай түсіндіріп беремін. Аз да болса, осы керемет өнерді түсінсе, менің туындыларым бір адамға болса да ой салса деймін. Кез келген өнер адамының ойы бұл», – дейді шебер.

Бір қызығы, Сырым Мүсірепті туған қаласы Ақтөбеде қалың көпшілік танымауы мүмкін. Атақ қуып, бұқара алдына шығуды көздемегенін айтқан ол тыныштықты жаны сүйетінін, сол кезде ғана шығармашылыққа бар жанымен ден қоя алатынын айтады.

Есесіне, Сырым екінің бірі қол жеткізе бермеген «Дарын», «Шаттық» байқауларында топ жарып, алдыңға қатардан көрініп келеді.

«Менің байқау атаулыға аса қызығушылығым болмаған (күледі)«. Мектеп жасымда ұстаздарым сол кездегі Астанаға жіберді. Ол жерде де байқауды аса қатты сезіндім деп айта алмаймын. Дегенмен, бос уақытта қаланы аралап қызықтаудың орнына, конкурсқа дайындала беріппін. Ол енді ұзақ әңгіме. Тоқетерін айтқанда, үлкен залда қалың көпшілік алдында мықты деген өнер адамдарының алдында менің есімім аталғанда, орнымнан қозғала алмай, сөйлей де алмай қалғанымды ұқтым», – дейді жас шебер.

Сырымның туындылары бүгінде көп жерде қойылған. Алайда, оның мақтанып айтуға құлқы жоқ. Ақтөбедегі орталық мешіт жанындағы көрмеде де бірнеше жұмысы барын бөгде адамдардан білдік. Астанадағы орталық көшелердің бірінде жергілікті әкімдіктің тапсырысымен ағаштан жануарлар мүсіні тұр. Жақында елордада ашылатын Sheraton қонақ үйінің фойесінде бір туындысы қойылады.

Ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі не мақтанышы деп, штабы Нью-Йоркте орналасқан халықаралық электронды аукционнан 2-3 жұмысын байқадық. Өнерді түсінетін аукцион ұйымдастырушылары Сырымның қолынан шыққан терең мағыналы туындыларды 4-5 мың АҚШ долларына бағалап отыр.

Сырым ең жақын қолдаушылары деп ата-анасын, бауырларын айтады. Бауыр еті баласының жетістігі үшін ата-анасы қуанғанда Сырымның төбесі көкке екі елі жетпей қалады екен. Әкесі, тіпті, баласының бір арманы – Нұр-Сұлтан қаласында көрмесін ұйымдастыру үшін біраз тер төккенге ұқсайды. Білетіндердің айтуынша, тіпті жиған-тергенін баласы үшін аямаса керек. Ол жөнінде Сырымның айтқысы жоқ.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Аталған материал IWPR техникалық қолдауымен @school.cabar менторлық қолдауы бағдарламасы аясында әзірленген.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған