Талапкер, «Серпінмен» қанатыңды кең серпі!

Өткен жылғы дерекке сүйенсек, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 мың грант игерілмей қалған. Мамандар биыл игерілмей қалған грант саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескерткен-ді. Сондықтан талапкерлер мемлекет берген мүмкіндікті жібермеуі үшін жоба жайында тың мәліметтерді ұсынамыз.

Келешегінен үміт күттірген  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы қолға алынған. Алғашында жоба бойынша 2050 грант бөлінген. 2015 жылы 6200, 2016 жылы 4312 жас «Серпін» бағдарламасы бойынша білімін шыңдады. Бәрімізге белгілі, жобаның мақсаты еліміздегі еңбек ресурсы басым аймақ жастарын жұмыс күші аз аймаққа тарту болатын. Ал жоғары оқу орындары бойынша гранттар техникалық ғылым, ауылшаруашылығы, білім мен медицина саласын қамтиды.

Жалпы, елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Орт­ақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағ­дарламасынан кейін «Серпін» жобасының идеясы дүниеге келген. Сонда Тұңғыш Президентіміз жоба қаңқасын құрып, елдегі қай саланы дамыту керегін айтқан-ды. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту дамыған Қазақстанның іргетасы болатынын айқындаған-ды. Осылайша, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру бойынша жұмыс басталып кетті. Бір жағынан жаңа жұмыс орындары ашылса, екінші жағынан халық саны аз облыстарға жастарды шақыру басталды.

Төменде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық жобасы бойынша «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен «Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау» жобасы аясында жобаның талаптары мен құжат қабылдау жайы туралы кеңірек жазамыз.

Біріншіден, аталған бағдарлама бойынша түрлі мамандықты игеруге болады. Талапкер педа­го­ги­калық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағытында білімін шыңдай алады. Осыған байланысты еліміздің 7 облысындағы жеті жоғары оқу орны «Серпін» бағ­дар­ла­масымен студенттерді қабыл­дайды. Бұл үшін бөлінген мемлекеттік грант – 1 050. Әр жоғары оқу орнына 150 грант қарастырылған. Педагогика бойынша 19 мамандық түрі бар.

Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат тапсыру үшін ҰБТ-ға қатысып, қажетті ұпай жинау керек. Сондай-ақ  кешенді тестілеуден өткен колледж түлектері жоба қатысушысы атана алады. Естеріңізде болса, жоғары оқу орнына құжат тапсыратын талапкер 4 оқу орнын таңдай алады. Айта кетерлігі, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскісі келетін түлек ЖОО таңдарда жоғарыда көрсетілген 7 оқу орнының бірін белгілеуі тиіс. Сонда ғана бағдарлама бойынша грант иегері атануға мүмкіндік туады. 4 оқу орнының төртеуіне де «Серпінге» қатысы бар жоғары оқу орнын белгілесеңіз болады.   Осы орайда талапкердің ҰБТ-да жинаған ұпайы шекті баллдан (50) асуы шарт. Әрі бейіндік пән бойынша 7 балдан кем ұпай жинаған студент конкурсқа қатыса алмайды.

Сонымен бірге Мұрат Әбенов БАҚ-қа берген сұхбатының бірінде «Серпін-2050» жобасына және жалпы конкурсқа қатысу үшін қабылдау комиссиясы ұсынатын ортақ «Өтініш бланкісін» толтыру қажетін айтқан-ды. Жобаға Маңғыстау, Қызылорда,  Оңтүстік Қазақстан,  Жамбыл,  Алматы облысы жастары қатыса алады. Олар еліміздің солтүстік өңіріне барып, білім алып, ел игілігіне жұмыс істеуді мақсат етуі қажет. Егер бағдарламаның жай жапсарын терең біліп, мамандықты сәтті таңдай алсаңыз, грантқа түсудің мүмкіндігі жоғары. Сондықтан біз ұсынған мәліметті ескеріп, аталған 7 оқу орнының қабылдау комиссиясы жариялайтын ақпаратты жіті қадағалаңыз. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті сәтті пайдалансаңыз «Серпінмен» қанатыңды кең серпуге болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған