Еңбек министрлігі биылдың өзінде 300 мыңға жуық адамның жұмысқа орналасқанын хабарлады

«Халықты жұмыспен қамту» деген сөзді естісек әдеттегі бір өтірік, есеп беру үшін жасалған сияқты қабылдаймыз. Өзіміздің жұмыссыз немесе бір айлықтан екінші айлыққа қаражатты әрең жетіп жүргенімізбен шаруамыз жоқ, елді сынауға құмармыз. «Жұмыспен қамту» деп басталатын бағдараманың бәрі халықтың еңбекке қабілетін, бәсекеге ілесе алуын және ақша тауып, тұрмысын түзеуге бағытталғанын ескере бермейміз. Ал пандемия басталғанда біраз адам ақысыз демалысқа шықты, жұмыстан қысқарып қалғандары бар. Осындай кезде мемлекеттің жұмыспен қамту орталығына жүгінгеніміз жасырын емес.

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы жылдың өзінде 281 мың адам жұмысқа орналасқанын айтты.

«Төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеген 1 млн. 338 мың адам «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілді, Жұмыспен қамту орталықтары оларды жұмыспен қамтуды қарастырып жатыр. Бүгінге 68 949 азамат жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, 30 325 адам жұмыспен қамтылды», – деді министр.

Ендеше жұмыспен қамту орталығына қалай тіркелеміз? Орталықта еліміздің жастарына қандай мүмкіндіктер бар? Осы туралы сөз қозғаймыз.

Жұмысы немесе табысы жоқ, жұмыс іздеп жүрген адам тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, тіркеле алады.

Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу үшін мына құжаттар керек:

  • білімі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығы туралы құжат (бар болған жағдайда).
  • еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған жағдайда);
  • жеке басын куәландыратын құжат.

Тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығы адамға лайық жұмыс іздеп, орналасуға жәрдемдеседі, тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді немесе кәсіптік оқытуға бағыттайды. Он жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адам жұмысқа орналаса алмаса, ол жұмыссыз адам ретінде тіркеле алады.

Кез келген жұмысқа қабілетті азамат жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Сондағы мамандардан көмек сұрай алады. Орталық «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыс істейді.

Төтенше жағдайға байланысты Жұмыспен қамту орталығына Enbek.kz сайты арқылы тіркелуге болады. Жалпы жұмыс іздеп жүрген адам осы сайттан керегін таба алады. Ол үшін Enbek.kz сайтына кіріп, тіркелу формасын толтырып, электрон поштаңызды жазыңыз. Электрон биржаға кіріп, өз түйіндемеңізді өзгерте алу үшін «Жеке кабинет» құрыңыз.

«Жаңа түйіндеме қосу» батырмасын басып, қажет ақпаратты толтырыңыз және сақтаңыз. Бос жұмыс орындар базасында кеңейтілген іздеуге мүмкіндік алыңыз. «Түйіндемені жіберу» батырмасын басып, оны жұмыс берушіге жіберіңіз. Компанияларды іздеп, лайық ұсыныстарды таңдауға да болады.

Сізге жұмыс берушінің жіберген шақыруын қабылдауыңызға немесе бас тартуыңызға болады. Жұмыс берушілер сіздің қабылдаған шешіміңізді көре отырады. Өзіңіздің «Жеке кабинетіңізге» жұмыс берушіден келген барлық шақыруды қараңыз. Шақыруларға жауап беріп отырған дұрыс.

Жұмыспен қамту орталығы негізінен бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның жастарға арналған бағыттары туралы айтайық.

3 айлық қоғамдық жұмыстар

Жұмыспен қамту орталығы 16 жасқа толған оқушылар мен студенттерді жаз айларында 3 айға қоғамдық жұмыстарға жібере алады. 18 жасқа толмаған оқушының ата-анасы рұқсат берсе, болғаны. Ал кәмелет жасына толған азаматтар өз еркімен қоғамдық жұмыстарға орналаса алады. Қоғамдық жұмыстарға диплом мен жұмыс тәжірибесі қажет емес.

6 айға дейін тәжірибеден өту

Жұмыспен қамту орталығы 6 айға дейінгі мерзіммен оқу бітірген жастарды түрлі ұйым мен компанияларға тәжірибеден өтуге жібере алады. Егер азамат тәжірибе кезінде жұмыс берушінің көңілінен шықса, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Осы уақыт аралығында жас маман айына 69 450 теңге көлемінде (25 АЕК) жалақы алады. Субсидия мөлшеріне салық, міндетті әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы және банк қызметтері қосылады.

Кәсіп ашқысы келетін азаматтарға арналған ұсыныстар

Жұмыспен қамту орталығының екі қолға бір күрек іздеп жүргендерден бөлек азаматтарға кәсіп таңдауға көмектесуге бағытталған ұсыныстары бар. Кез келген кәсіппен айналысамын деген азамат алдын ала дайындық курсынан өтіп, әрі қарай өз ісін жүргізуіне мүмкіндігі бар. Кәсіп ашуда азаматқа ең жоғары мөлшерде 19 миллион теңге көлемінде микрокредит беріледі. Микрокредит 6%-бен 5 жылға беріледі. 19 миллион теңге – 8000 АЕК-ке тең.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған