«Жастар практикасы» – түлектерге мүмкіндік!

Оқу орнын аяқтаған түлектің басты мақсаты – мамандық бойынша жұмысқа орналасу. Бұл көпшілік жас үшін маңызды мәселе.  Түйінді тарқату  үшін мемлекет  түрлі жобалар ұйымдастырып жатыр. Соның ішінде біраз жылдан бері нәтиже берген жобалардың бірі  – «Жастар практикасы» бағдарламасы.

Соңғы уақытта әлемдік пандемияға байланысты елімізде ғана емес планетамыздың алпауыт елдерінде де жұмыс тапшылығы мен  қысқару проблемаға айналды. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық жобасы бойынша «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен «Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау» жобасы аясында «Жастар практикасы» бағдарламасының ерекшеліктері мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін таныстыруды жөн көрдік.

Жастар практикасы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында түлектер үшін ұйымдастырылады. Бұл жоба меңгерген мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтаған кейінгі 3 жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.

Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Яғни, Сіз мамандығыңыз бойынша кез келген мекемеге жұмысқа орналаса аласыз.  Ол тек еңбек жағдайы зиянды немесе қауіпті жұмыс болмауы шарт.

Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие. Жобаның ұзақтығы 6 айдан аспайды. Егер практиканы сәтті тапсыра алсаңыз, ары қарай тұрақты жұмысқа орналасуға болады. Бәрі практиканттың жігері мен жұмыс істеу қабілетіне байланысты.

Үміткерлер қайда және қашан өтініш бере алады?

Үміткерлер өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту орталығында өтініш бере алады.

Үміткердің өзімен бірге:
• Жеке куәлігі
• Білімін дәлелдейтін құжаты
• Мекен-жай анықтамасы (үміткердің тұрғылықты мекен жайы өтініш берген қалада екенін дәлелдеу үшін)
• Еңбек кітапшасы (егер бар болған жағдайда) болуы керек.

Практиканың ұзақтығы қанша?

Практика 6 айға созылады.  Қатысушының әр ай сайынғы жалақсы 70 139 теңгені құрайды. Жұмыс беруші түлекпен еңбек келісімшартын жасайды. Құжатта  екеуара серіктестіктің шарттары көрсетіледі.

Практикадан соң түлектер жұмысқа орналаса ала ма?

Түлектердің көпшілігі практика өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде жұмыс ұсынады. Ұсынбаған күннің өзінде де қорқудың қажеті жоқ. Өйткені енді түлекте аз да болса белгілі бір жұмыс өтілі бар. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері оған түрлі бос жұмыс орындарын ұсына алады. Сондай-ақ орталық олардың түйіндемелерін электронды еңбек биржасы – enbek.kz сайтында да жариялайды.

Практиканы қандай кәсіпорындарда өтуге болады?

Жұмыспен қамту орталығында бірқатар ұйымдармен  келісімшарт жасалған. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, түрлі компаниялар бар. Жастар практикасына қатысушы жастардан әуелі қай ұйымға тағылымдамаға барғысы келетіндерін сұрайды және тілектерін ескере отырып, белгілі бір ұйымға жібереді.

«Жастар практикасы» жоғары оқу орнынан кейінгі өмір мектебіне дайындық іспетті. Сізге берілген 6 ай ішінде мүмкіндікті мүлт жібермесеңіз, өзіңіз қалаған мансап баспалдағына шығасыз. Ол үшін жоғарыда көрсетілген мәліметтерге көз жүгіртіп, тәжірибеден өтетін орынды сәтті таңдау қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған