Шарықтаған баға, ауыз суы лай, интернеті баяу: Болашағы бұрыңғыр Болашақ ауылы

Батыс Қазақстанда орналасқан шамамен 1000 адам тұрғыны бар «Болашақ» елді мекені Ресей мемлекетімен шектеседі. Осы уақытқа дейін бұл елді мекенге біраз өзгерістер енгізіліп, жай қарқынмен дамып келеді, деп хабарлайды Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы Айгүл Саимова арнайы «Тілші» үшін.

Болашақ ауылы Орал қаласынан 220 шақырымдай жерде орналасқан. Оған жету үшін арнайы жолаушылар тасымалдайтын көлік жоқ. Жол жүру үшін әркім өзінің жеке көлігімен немесе таксидің көмегіне жүгінеді. Такси табу да оңайға соқпайды. Ауылға қатынайтын такси жүргізушілері күніне екі мезгіл ғана жүреді. Ол үшін такси жүргізушісімен алдын ала келісіп, жолаушылардың жиналуына байланысты жолға шығады.

Қыс мезгілінде және жаңбырлы күндері жол жүру мүлдем қиынға соғады. Қалың қар, жаңбырдан кейінгі батпақ лайдан жол жүру мүмкін емес. Аяқ астынан қиын бір жағдай болып қалып жатса, ауылдан қалаға жету қияметтің қиыны. Күз, көктем  мезгілдері кезіндегі жауын-шашыннан ауылдың ішінде де аяқ басып жүрудің өзі тіптен қиын.

Алайда жол мәселесі біртіндеп шешілетін сыңайы бар. Қаладан Болашақ ауылына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрінеді. Алдағы уақытта бұл қиыншылық шешіледі деген үміт жоқ емес.

Ал енді елдегі халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігіне тоқталар болсақ, ауылға газ кіргізіліп, халықтың тұрмысы біраз жеңілдеді.

Бірақ ауыз су тапшылығы күрделі мәселе болып тұр. Халыққа ауыз су ауданнан тартылады, күніне бірнеше сағатқа ғана береді. Тұрғындар ауыз суды ыдыстарына толтырып, үнемдеуге мәжбүр. Бірақ тасып әкелінген ауыз суының өзі лай су, ішуге келмейді, тек үй шаруашылығына пайдалануға болады. Тұрғындар күнделікті ішуге пайдаланатын ауыз суын дүкеннен күнде сатып алып отырады.

Болашақ ауылының халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ, малдан алынатын сүт өнімдерін іздесең, таппайсың. Өйткені олардың басым көпшілігі мал санын көбейтуге және оны бордақылау мақсатында қолданады.

Бұл елді мекенде жекеменшік бірнеше дүкен бар. Сол дүкендерде азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Дүкеннен сүт өнімдерін жаз мезгілінде табу қиын. Өйткені сүт өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштар жоқтың қасы.

Ауылда балалар ойнауға арналған алаң бар. Бірақ, бұл ойын алаңының да тозығы жеткен. Балалар алаңын жаңартып жөндеу жұмыстарын жүргізу қашан жасалынатыны белгісіз. Бір қуантатыны – ауылда футбол стадионы және клуб бар. Көбінесе клубқа жастар теннис ойнауға барады. Ауылдағы демалатын орындар тізімі осы ғана.

Ауыл көшелері жарықпен қамтамасыз етілмеген.

Байланыс желілерінің ішінде ауылда тек қана билайн операторы ғана ұстайды. Ал ғаламтор желісінің жылдамдығы өте баяу. Нашарлығы соншалық тек WhatsApp әлеуметтік желісінде ғана сөйлесу мүмкін. Кейбір ауыл тұрғындары үйлеріне wi-fi орнатып алып, модемге ресейлік теле-2 нөмерін қосып алған. Елімізде интернет желісі аталмыш ауылға жетпегендіктен, көрші мемлекеттің желісін пайдаланып отырғанымыз ұялтарлық жағдай емес пе?!

Ауылдың медицинасына келер болсақ, жағдай мүлдем мүшкіл. Аяқ астынан сырқаттанып қалған жағдайда ауыл медпунктіне жүгінеді. Бірақ сырқат адамға толық ем беру мүмкіндігі жоқ. Ол үшін жедел жәрдемге хабарлама қалдырып, ауданға апару үшін ұзақ күтуге тура келеді. Кейде жедел-жәрдем көлігі істен шығып жататын жағдай да кездеседі. Ауа-райы қолайсыз бола қалса ауданға немесе қалаға жету тіптен қиын. Дәрі-дәрмек те жеткіліксіз, ауылда дәріхана да жоқ. Осындай кезде Елбасының «Болашағы жоқ елді мекендерді жабу керек» деген сөзі еске түседі.

Шекаралас ауыл болғандықтан бұл жақта шекара заставасы орналасқан. Шекарашылардың арасында жалдамалы үй таба алмай, отбасын көшіріп әкеле алмай жүргендер де бар. Ауыл үйлері өте ескі. Жалдап тұруға үй таба алмайсын.

Аталмыш жағдайдың бәрін қорытындылай келе, ауылдың жағдайын, әл-ауқатын көтеріп, ауыл жастарын жұмыспен қамтып және бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында әлі де көп жұмыстар жүргізілу қажет деп ойлаймын.

Айгүл Саимова, Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

 

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған