
Коронавирус індеті жайлап, халық абдырап қалғанда алғаш болып Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Төлеутай секілді танымал желі блогерлері көмек қолын соза бастады. Ауруханаларда орын болмай, дәріханаларда құдайдың аспирині мен аскорбинкасы тапшы болғанда, желі жұлдыздары дереу бастаманы қолға алып, тыныс алу аппараттарын іздеуге кірісіп кетті, деп жазады «Тілші».
Мәселен, сонау Түркиядан танымал айтыскер, бүгінде инстаграм желісінің жарық жұлдызы Айнұр Тұрсынбаева бастама көтеріп, қиналып жатқан қандастарына жасанды тыныс алу аппараттарын алдыртып берді.
Айнұр Тұрсынбаеваға сонымен бірге, блогер Дәулет Төлеутай көмектесті. Соңғы жылдары халыққа баспана алу жолдарын кеңінен түсіндіріп, мыңдаған отбасының үйлі болуына себеп болып жүрген ол да оқырмандарымен бірлесіп, қомақты қаржы жинап, тыныс алу аппаратын жеткізу жұмыстарының басы-қасында жүрді.
«Аты жаман індетпен мейірім, жанашырлық арқылы күресіп келеміз, тек солай жеңеміз. Еліміз аман болсын», «Аллага шүкір, елімізде сіздердей азаматтар, азаматшалар бар болғанына. Әйтпесе, не болар еді?!», «Қаншама жұртқа үй алып, ауырып жатқан жандарға ақша жағынан көмек беріп, мінекей енді бұл аппараттар да жетті Қазақстан жеріне. Қаншама адамның жанын сақтап қалады», – деп жарыса жазды желі қолданушылары.
Желіде Айнұр Тұрсынбаева мен Дәулет Төлеутайға алғыс жаудырып жатқандар аз болмады. Тіпті, кейбірі қай өңірде, қай ауруханада аппарат жетпей жатқанын айтып, сол жаққа жеткізіп беру жөнінде өтініштерін қалдырып жатты.
Айнұр Тұрсынбаева Түркияда қол ұшын созған қазақ жігіті туралы арнайы жазба қалдырды.
«Бұл Сәтжан Тоқтарбай деген қазақ! Қазір Стамбул қаласындағы біліктілігі жоғары дәрігерлермен жұмыс істейді. Сәтжанның атсалысуымен қаншама жазылмайды деген қандасымыздың осында келіп жазылып кетіп жатқанын күнде көріп отырмын. Екеуміз күнде кездесіп қазақтың қазіргі хәліне қабырғамыз қайысып, не амал қылсақ болады деп ақылдасып жүрміз. Түркияда емделіп жатқандар қазақтар қырғын. Олардың ем-домын Сәтжанның атсалысуымен тегін жасап жатыр.
Бұл жақта қай дәріханаға барсаңыз да дәрі-дәрмек толып тұр. Жергілікті халықтың емделуі үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан да шығар, адам өлімі жағынан көрсеткіш өте төмен. Бірақ ол дәрі-дәрмектің бәрі жергілікті халық үшін ғана! Шет елге шығаруға рұқсат жоқ.
Сонымен Сәтжан екеуміз ойлана келе Қазақстанға дәрі-дәрмек жіберейік деп шештік. «Айдың нұры» қорының атынан 1 милллион, менің өз атымнан 1 миллион. Яғни, 2 миллион ақшаға дәрі-дәрмекті сатып алып сіздерге тегін таратамыз. Шекарадан заңды түрде өткізуді Сәтжан өз мойнына алатын болды», – деп жазды Тұрсынбаева.
Оның пайымынша, ел басына күн туғанда біреуді кінәләп, біреуді қарғап-сілеп отыратын уақыт жоқ.
«Халық қырылып жатыр. Шымкентте қабір қазатын жігіттер «бұрын күніне 2-3 адамға қабір қазсақ, қазір 30-40 адамға қазып үлгермей жатырмыз» депті… Онсыз да ат төбеліндей аз қазақтың қырылуына жол бермейік..»Әр қазақ менің жалғызым!!!», – деп қайырды жазбасын айтыскер ақын.
Араға уақыт салып, Айнұр Тұрсынбаева небарі 2 күннің ішінде 135 аппарат 100-ден аса елді мекенге таратылғанын хабарлады. Кейін Қытайдан тағы 900-ге жуық аппарат жеткізілді.
«Халықтан жинап алған ақшасына мақтанып отыр ұятсыз» деп бір ағай ашуланып пікір қалдырыпты.. Өз атымнан берген 10 аппаратты әлдеқандай қылмайын деп айтпай отыр едім, ақыры айтқызды. Бастысы – халықты аман алып қалу деп ойлаймын. Қордың ашылғанына 4-ақ ай болды. 4 айдың ішінде 15 отбасыға баспана сыйладық. Қаншама ауырып жатқандарға көмектестік. Бәрі есептеулі. Карантин басталғанда Нұр-Сұлтандағы жағдайы төмен отбасыларға 5 тонна азық түлікті тегін таратып бердік. Ораза кезінде 100 отбасыға ауызашарды үйлеріне апарып бердік. Мың аппаратты жинау да оңай болмады шынында. Қаншама блогер ұйқысыз түнді, күлкісіз күнді өткізіп көп шаруа бітірді. Қытаймен келіссөз жүргізудің қандай қиын болғанын айтпай-ақ қояйын. Түркиядан келген аппараттардың өзі біраз жұртты дүрліктіргенін көріп отырсыздар. Қайырымды азаматтарды да біраз жерге апарып тастап жатқандар бар екен. Біздің бастамамен Қазақстанға 6000-ға жуық аппараттар келе жатыр. Жалпы жақсылықтың арасынан жамандық іздемеген дұрыс-ау», – деді ол.
Танымал блогер, айтыскер ақын оттегі концентраторы туралы идея қайдан шыққанын да айтып берді.
«Фейсбукті ашсам қаптаған «иманды болсын», инстаграмда да да сол. Ватсапта да сол. Дәрі-дәрмек іздеп еңіреген халық. «Түркиядан дексаметазон жібер, антибиотик жібер» деп жылаған жұрт ватсапқа тыным бермеді. Сонымен 5 миллион теңгені салып алып, Сәтжан Тоқтарбайды ертіп, Стамбулдан парацетомол мен антибиотик іздеп шықтық. Мен ИВЛ мен концентратор дегенді көрмек түгіл, естімеппін. Дәріханада кезекті тұрып «мынау не нәрсе» деп сұрай салдым. Сөйтсем өкпесі қысылған жұртқа оттегі беретін ең қажетті дүние екен. «Ойбай-ау, бағасы қанша?!», «200 мыңдай!». Өй, жұртты шыбынша қырып бара жатқан аурудың емі түкке тұрмайтын ақша ғой құрсын, осыны алайық дедім. Инстаграмды бір шулатып 25 аппаратты сатып алдым. Ертесіне Қайрат Жолдыбай (діни қайраткер) хабарласып мән-жайды білді де ақша жинауды бастап кетті. Кеше басқа бір кәсіпкер азаматтар Қытайдан 500 аппаратка тапсырыс беріпті деп естідік. Не керек 5-6 күннің ішінде жұрттың бәрі аппарат іздеп кетті. Құдай-ау осыны алыңдар деп неге бізге ертерек айтпады дәрігерлер деп қоям. Ең болмаса 1 ай бұрын қимылдасақ қаншама адамды аман алып қалар ма едік. Естуімше, көптеген науқастар ауа жетпей тұншығып бастағанда жүректері қорқыныштан жарылып өліп кетеді екен. Айналдырған 3-4 блогер осынша ақша жинағанда бизнесмендер Қазақстанға аппаратты үйіп тастайды ғой. Жағдай ауыр!», – деген ол бұл тажалдың күзде тағы келуі мүмкін екенін, сол үшін қамдану керектігін де жоққа шығармады.
Марат Төлепберген, «Тілші»