«Моторшы Алинаның» арманы – Қазақстанда автокөлік шығаратын зауыт ашу (ВИДЕО)

«Mоторшы қыз Алина» деп ақтөбеліктер атап кеткен. 13 жасынан әкесінің жанында жүріп, машина моторының қыр-сырын меңгерген бойжеткен өз жұмысын жетік білетін мамандардың қатарында. Шатун, коленвал жонып, моторыңыздың қай жерінде ақау бар екенін сол жерде-ақ айтып береді.

«Жұмыстың оңайы жоқ, – дейді ол. – Әкем бала кезімнен үйде жалғыз қыз болғасын, қасына ертіп, тәрбие
берді. Онысына ризамын, бала кезімде, аулада ер бала көп болатын, солармен асыр салып ойнап, бірге жүретінмін. Қыздармен мүлдем ойнамайды екенмін. Шүкір, жемісін беріп жатыр».



Алина қарапайымдылықтың символы, бір сағатқа жуық әңгімелескенімізде қыз балаға тән қылығын да көрсетті.

«Негізгі мамандығым есеп-қисапқа қатысты. Жоғары оқу орнын бітіріп, әкемнің қасынын кетіп, мамандығым бойынша жұмыс жасаймын деп ойлағанмын. Бірақ, әлі осы жердемін, халыққа қызмет көрсетіп, үлкендердің ақ батасын алып жүрмін. Сіздің көлігіңіздің жолда тұрып қалмауы үшін қызмет жасап жүрмін», – деп әзілдейді ол.

Алинаның арманы – көлік құралдарын өз елімізде шығаратын зауыт ашу.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өз орнымды тауып, балалық шағымдағы «бастық болсам» деген арманыма қол жеткізгім келеді», – дейді «моторшы қыз». .

Алина жоғарыда айтқанымыздай, шатун жонып, коленвалдың өлшемін шығарып, токорлық жұмыстарды да қатар атқарады. Сонымен бірге, ауыр және жеңіл көліктерге қатар қызмет көрсетіп, бір моторды 2-3 күн шамасында жөндеп бере алады.

Нұржан Дияров, Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған