Балаға керек болмаса да, қоғамға керек жандар

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің қадірі кеткелі қашан?! Бүгінде қарттар мен мүгедектерге арналған интернатта жатқандардың жартысы ақ жаулықты аналар мен тақиялы қазақ қариясы. Олар өздерінің баласы бар екенін жасырып тілдесуге ұялады.

Қазір көп отбасында ата-әженің тәрбиесі, ата-әже мектебі деген түсінік өзгерді. Немересін бағудан қашатын қариялар да, баласын үлкендердің тәрбиесіне беруді ұнатпайтын жастар да бар. Қазақта қариясын қаңғырту бүкіл ру үшін ұят, сүйекке салынған таңба деген түсініктің өзгергенін қарттар үйіне барғанда сезінесің. Терезеге қарап ойға шомға ата мен интернат дәлізіндегі орындықта есікке қарап отырған жаулықты әжеге қараудың өзі қиын. Егде жасқа жеткенде интернатқа орналасқан қариялардың тағдыры әртүрлі.

Ертелі кеш қариялар мен мүгедектердің жағдайын жасап, жанында жүрген әлеуметтік орталық директорының орынбасары Сән Нұрышеваны әңгімеге тарттық.

Қарттар үйіндегі ерлі-зайыптылар

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінде неке қию тойы жиі өтеді. Жалғызсырап жүріп, орталыққа келіп жұп тапқандар аз емес. Бүгінде интернатта бірін-бірі жұбатып, бас қосқан бес жұп бар. Мұңы мен сыры бір жандарға бөлек бөлме берілген.

«Қартайғанында өзінің сыңарын осы жерден тапқан жұптар – бір емес бірнешеу. Сырласып, бірге шай ішіп әңгімелесіп отырады. Ол кісілерге сырттан қызығып қарауға болады. Кейде екеуінің біреуі өмірде ерте кетсе, екіншісі қатты қайғырады. Ондайды да көрдік. Көңілі қаяу жандар үшін интернатта кітапхана, шеберхана залдары бар. Өздігінен жүре алатын жандар көп уақыттарын осы бөлмеде өткізеді. Шебер қолды аналар көрпе тігіп, тоқымалар жасайды. Қариялар өздері тоқыған бұйымдарын арасында балалар үйіне де жіберіп тұрады. Үлкен кісілердің барлығы бала секілді. Көңідін сүрап алдағанды жақсы көреді», – дейді директордың орынбасары Сән Нұрышева.

Орталық басшылары қарттардың жұп болып тұруларын қолдайтынын айтады. Өйткені қамкөңіл жандар әр күнін өзгертуді қалайды.

Баласы намаз оқиды

Қарттар үйінде баласы алып кетемін десе де бармай отырған қариялар бар. 70 жастан асқан ақсақалдың көзі көрмейді. Бала мен келінге масыл болғысы келмейді екен.

«Балаларым, немерелерім бар. Бірақ, маған осы жер жарайды. Келінге салмақ салып, баламды қиналтқым келмейді. Немерелерімді осы жерге әкеліп тұрады. Осы жақта өзіңмен өзің қысылмай жүресің. Ыңғайлы, тамағың дайын, кірің жуулы. Дәрігерге де осының ішінде қараламыз», – дейді Қалижан ақсақал.

Ардагерлер үйінде тұратын тағы бір ақсақал өзін бағудан бас тартқан ұлын он жылдан бері көрмеген. 70 жастан асқан  ақсақал ұлын еске алғанда бірінші ашуланып, одан соң көзіне жас алды.

«Бала жоқ. Қартайғанда бағуға жарамағанды қалай бала дейсің. Қатын баласын алған соң әке керек болмай қалды. Қайтейін, күнімді балаға қаратпасын деп осында тұрып жатырмын. Бұл жақта жағдайым жақсы. Қатарластарыммен шүйіркелесіп отырасың. Кейде басқалардың балалары немерелерін әкеліп жатады. Сол кезде сен де бір иіскесең ғой деп ойлайсың.  Кішкентай кезінен кейін немерелерімді көрген жоқпын», – дейді ол.

Өмірлерін сағынышпен мұңғы толтырып жатқан жандар жақындарына ренжісе де жамандыққа қимай еске алады. Бір мезет болсын балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған қарттарды көрудің өзі қиын.

Интернатта кімдер жатыр?

Әлеуметтік орталықта жатқандардың көпшілігі туысқандарының, баласының бар екенін жасырады.

«Интернат тұрғындарының көпшілігі осыған дейін әлеуметтік орталықта болғандар. Көп жылдар бойы абақтыда отырып, жұмыс жасап көрмеген адамдар бар. Олардың көпшілігінде отбасы жоқ. Өмірге бейімделмеген олардың қарттық өмірі интернатта өтіп жатыр. Балаларымен араласып тұратын да қариялар бар. Зейнетақы берілетін кезде келетін балалар болады. Қариялар интернатта өздеріне берілген тәттілер мен жемістерді жемей, балаларына алып қояды», – дейді интернат директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сән Нұрышева.

Қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта бес мезгіл тамақ беріледі. Орталықта жүзге жуық қызметкер бар. Қариялар мен мүгедектер орталық дәрігерлерінен бөлек қалалық, облыстық ауруханаларда ем алады. Әлеуметтік қызметкерлер дәрігерге арарудан бамтап, зейнетақысын алу және бетін жуып үстін тазалау жұмыстарын жасайды.

Бүгінде әлеуметтік орталықта 30 бен 96 жас аралығындағы 223 адам тұрады. Арасында мүгедек жандар да бар. Тұрғындардың тұрмыстық жағдайы құзырлы мекемелердің бақылауында.

Жасы ұлғай­ған шақта төрт қабырғаға қама­лып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телмі­ріп отырудың қаншалықты қиын­ды­ғын түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп, зерігіп отырғанша, басқа қарттармен араласып, солармен бірге көңіл көтеруге де болады. Ішер ас, жатар төсегі де дайын. Денсаулықтарын медбикелер мен дәрігерлер қадағалап тұрады. Бұл да олар үшін көмек.

Ардан Сердалы, арнайы «Тілші» үшін

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

 

1 Comment

  1. Моя доченька Марися любит глядеть мультипликационные фильмы. Только, собственно что потрясно. Как только я сажаюсь за Ваш сайтец, она забывает про них и усаживается ко мне, чтобы также получить удовольствие чтивом. Спасибо заувлекательные статьи.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған