Зәбір көргенін айтуға жасқанатын әйелдер көп

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған нәзік жандылар саны аз емес. Жақынынан зәбір көрген жандарға облыс орталығында бірнеше үкіметтік емес ұйым мамандар, полиция қызметкерлері және әкімдік жанындағы әйелдерді қорғау орталығы көмек көрсетіп отыр.

Былтырдың өзінде облыста дағдарыс орталықтарына орналасу үшін екі жүзге жуық әйел адам көмек сұраған. Оларды орталыққа уақытша орналастырып, жеке басы мен балаларының құжаттарын рәсімдейді.  Орталық қызметкерлері көмекке мұқтаж аналардың кәсіптік білім алуына жағдай жасап, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік туғызып отыр.

Отбасылық өмірдің осындай қиындықтарын көрген келіншекті әңгімеге тарттық.

Енем сабап, жолдасымнан ажыратып жіберді

Дағдарыс орталығын ұзақ уақыт паналаған 29 жастағы келіншек отбасының шырқы бұзылғанын айтып налиды. Орал қаласындағы жетімдер үйінде тәрбиеленген Жібек 22 жасында ақтөбелік жігітке тұрмысқа шыққан. Төрт баланың анасы. Егіз ұлдарымен екі қызын жетектеп, дағдарыс орталығына бірнеше рет келген.

«Мен қиналған шағымда мемлекеттің қамқорлығы деген ұғымды түсіндім. Білесіз бе, енем жетімдігімді, төсек-орнымның, әке-шешемнің жоқтығын бетіме басып, талай жылатты. Үйде немерелеріне беріп жүрген тамақты тығып, шымшылап, сабайтын еді. Әсіресе, жолдасым жұмысқа кеткенде небір қорлықты көрдім. Енем мені қорқытып, егіз ұлдарды өздеріне тастап, екі қызымды жетектеп кетуімді талап етті. Олар солай жасады да! Жолдасым вахтаға кеткенде мені қуып шықты. Қыстың уақытында жылап жүріп полицияға бардым. Олардың көмегімен дағдарыс орталығына орналасып, балаларымды да қасыма алдым. Осындай орталықтардың жұмыс жасауына жағдай жасап отырған мемлеккеттің саясатына алғысым шексіз. Осы жерден өзім секілді әйелдердің тағдырын көрдім. Қаншама әйел баласын жетектеп жылап жүр. Тағдырдың тауқыметін  біз секілді көрген жандарға осындай орталықтардың маңызы зор», – дейді Жібек.

Кейін келіншектің жолдасы келіп, отбасын жалдамалы пәтерде тұруға алып кеткен. Бірақ материалдық қиындықтар ер адамды ішімдікке әуес қылған. Отбасында жанжал көбейіп, келіншек қайтадан дағдарыс орталығынан көмек сұрауға мәжбүр болады. Орталықта қиын жағдайға тап болған келіншектерге тек алты ай ғана тұруға рұқсат етіледі. Жібектің балалар үйінде тәрбиеленгені ескеріліп, орталықты паналау уақыты ұзартылған. Осы уақыт ішінде ол ақысыз курстарда тегін оқытылып, жұмысқа орналастырылады. Балалары да балабақшаға тегін барып отыр.

Жалғызбасты анаға «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасымен баспана алуға көмек көрсетіледі. Келіншек қазір жаңа үйіне көшіп келіп жатыр.

Бұл дағдарыс орталығына келетін бір адамның ғана тағдыры. Көз жасын көл қылған қаншама келіншек орталықты пана қылып жүр.

Баласына сыймаған ана да дағдарыс орталығында

Озбырлықтың түрі көп. Ақтөбедегі дағдарыс орталығында әртүрлі жастағы әйел адамдар жатыр. 18 жастағы келіншек, төрт-бес баласын жетектеп жылап келетін көпбалалы ана және қызы мен ұлына сыймай, полициядан көмек сұраған алпыс жасқа таяған аналарда орталыққа жатқызылады. Мамандар егде жастағы әйелдердің көмек сұрауы таңсық емес деп отыр.

«Биыл орталыққа 95 адам көмек сұрап келді. Оның 33-і әйел адам болса, 62-сі бала. Тұрмыстық зорлықта зәбір көрген келіншектердің жастары әртүрлі. Орталыққа келгендердің арасында 18 жастан 58 жасқа дейінгі әйел адамдар болды. Құндақтағы кішкентай баласымен көмек сұрап жүрген көпбалалы аналар бар. Төрт немесе одан да көп баласымен дағдарыс орталықтарына келеді. Орталықта алты ай тұру тегін. Тамағы, жатын орны бар. Осы уақыт аралықта әйел адам өзіне келіп, ақысыз курстарға оқытылады. Оларға әлеуметтік және медициналық көмектен басқа заңды кеңестер, құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізіледі. Медициналық тексерістер тегін жүргізіледі. Әйел адам соққы алған болса сот-медициналық сараптама жасатқызамыз», – дейді дағдарыс орталығының басшысы Динара Қарабалина.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе әйелдерді жәбірлеу оқиғасы өңірде жиі тіркеледі.

Келіншектер кешірімді

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жәбір көрген әйелдердің дені арызданған күннің өзінде істі сотқа жеткізбей кешірім береді.

«Облыста жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен 183 әйел адам дағдарыс орталықтарына жатқызылды. Олардың 60-қа жуығы әйел адам болса, қалғаны бала. Келіншектер  тек заңды некедегі жолдасынан ғана таяқ жеп жүрген жоқ. Азаматтық некедегі ерлі-зайыптылардың арасында да кикілжің, қол көтеру көп болады. Қазақы менталитет болған соң бізде тұрмыстық жанжалдардың дені жабық күйінде қалады. Әйелдер полицияға арыз түсіргеннің өзінде уақыт өте арызын қайтарып алады. Себебі әйелдер бұл мәселені ашық талқылауға,  тәлім-тәрбиеміз, ұлттық ерекшелігіміз жібермейді деп санайды. Сонымен қатар, сотқа жеткен арыздармен айыппұл салынатындықтар шығын отбасылық бюлжетке келетінін ойлайды. Сол себепті кешірім беретіндер көп», – дейді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор Ақкүл Қасанғалиева.

Облыста 400-ден аса қолайсыз отбасылар бар. Учаскелік полиция қызметкерлері бұл үйлерді жиі аралайды. Қазір облыста тұрмыстық зорлық көрген келіншектерге көмек көрсететін орталықтар аз емес. Психологиялық кеңес, медициналық тексеріс, тегін курстарда білім беру, жұмысқа орналастыру, құжаттарын рәсімдеп беру секілді көмектер беріледі. Дегенмен, әлі де өз құқықтарын білетін әйелдер саны аз емес. Көпшілігі тұрмыстық озбырлыққа жол берілмейтінін, айыпты адамдар жауапкершілікке тартылатынын біле бермейді. Көбіне бізде физикалық зәбір ғана айтылып жүр. Мамандар экономикалық және психологиялық қысым туралы көп айтылмайтынын айтады. Сол себепті мамандар халық көп шоғырланатын орындарда жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізетін акцияларды жиі жүргізеді. Сенім телефондары жазылған парақшалар таратылады.

«Акциялар кезінде келіншектер көп сұрақ қоймайды. Түсіндірме парақшаларын алып кетеді. Бірақ араға уақыт салып, хабарласып, құқықтық кеңестер алады», – дейді Ақкүл Қасанғалиева.

Ақтөбеде үш дағдарыс орталығы жұмыс жасап тұр. Олардың бірі – «Ана мен бала орталығы». Онда тұрмыс құрмай балалы болған қыздарды қабылдайды. Жастайынан ана атанған қыздар жүктілік уақытын және баласы 1 жасқа толғанша орталықты ақысыз пайдалана алады. Қалған екеуі отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған келіншектерге арналған дағдарыс орталығы. Олардың барлығы да мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап тұр.

Мамандар отбасындағы зорлық-зомбылықтың тек күйеулерінен ғана болмайтынын айтады.

Жылына Ақтөбе облысының ішкі істер органдарына мыңдаған адам көмек сұрап жүгінеді, былтырдың өзінде үш мыңға жуық адам хабарласқан. Оның ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтір дерегі бойынша – 29, ауыр дене жарақаты – 5, зорлау – 64, бұзақылық – 94, тонау – 75.

Ардан Сердалы, арнайы «Тілші» үшін

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған