Тана Омарова: Волонтерлік қызметтегі ең үлкен жеңісім – Сочи Олимпиадасы

Алматылық Тана Омарованың волонтер атанғанына он жылдан асып кетті. Бұл қатарға Тана 20 жасында қосылған. Алғашында оған ағылшын тілін жетік меңгергені көмек болса, кейін өзінің волонтерлік қызметке деген ерекше ықыласы оянды. Бүгінде талай ірі спорттық додалардың басы-қасында болған бойжеткен бұл саланың қыр-сырларымен бөлісті.

«Менің еріктілер қатарына қосылуыма себеп болған алғашқы спорттық дода – Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындары. Ол кезде 20 жаста едім. Алматыға Азия ойындарын бағалайтын арнайы комиссия ат басын бұрып, университеттегі ағылшын тілін білетін студенттерді таңдап алды. Олардың қатарында мен де болдым. Алғашында маған спорттық іс-шара аяқталғанға дейін бірнеше күн жұмыс істеуді өтінді. Кейін жапон делегациясында бір орын босап, Азия ойындары аяқталғанша сол командаға көмектестім. Жапондықтарға қаланы аралатып, жарыс кезінде аудармашылық қызмет атқардым. Осыдан соң мені волонтерлік жұмыс қатты қызықтыра бастады. Бір рет көзге түскен, басқа жарыстарға да шақырту түсті. Мәселен, төрт жыл бойынша елімізде өткен шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы жарыстарында волонтер болдым. Допты хоккейден Алматыда өткен әлем чемпионатында АҚШ құрамасын алға бастап жүрдім. Сондай-ақ, 2013 жылы Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатында волонтерлік міндет атқардым. Бүгінде мен өзімді спорт саласындағы тәжірибелі волонтермін деп айта аламын.

Бұл салада тәжірибе жинауыма «Пилот» командасы да үлесін қосты. Олар волонтерлік оқытумен айналысатын. Яғни, Алматыдағы спорттық жарыс волонтерлерінің негізі осы командадан шықты.

Менің волонтерлік қызметтегі ең үлкен жетістігім деп 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарын айтар едім. Төртжылдық додасында мен шаңғымен тұғырдан секірушілермен жұмыс істедім.  Олимпиадада волонтер болу оңай емес. Мұндағы еріктілер қатаң бақылаудан өтеді. Өтінім берген кезде қатты қобалжығаным рас. Бірақ Олимпиадаға волонтер ретінде қатысатынымды естігенде қуанышымда шек болмады. Сочиде танысқан еріктілермен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Білесіз бе, волонтерлік қызметке бір кіріссең, қайта шығу мүмкін емес. Жаңа орта, жаңа таныс, жаңа мүмкіндіктер сені үнемі алға жетелейді. Сондай-ақ, ерікті болуға келіскеннен бастап міндетті түрде сол қозғалыстың мүшесі атанасың. Шынымды айтсам, волонтер атануға ниетті қазақстандық жастардың көптігі қуантады. Олар жарыс кезінде атлеттерге бағдар көрсетіп қана қоймай, олардың жаңа елге бейімделуіне көмектеседі. Мұндай жандай еліміздегі волонтер мәдениетінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан, өзімнің волонтер екенімді мақтан тұтамын», – дейді Тана.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған