Әсем Шалғынбаева: Волонтер боламын деп әлемнің әр түкпірінен дос таптым

Әсем Шалғынбаева волонтерлік қызметке колледж қабырғасынан бастап қызықты. Алғашында өзінің тұйық мінезіне байланысты алысқа бармаймын деп ойлаған. Алайда, бұл салада Әсемді айтарлықтай жетістік күтіп тұрды. Ірі спорттық жарыстардың еріктісі ретінде ол әлемнің әр түкпірінен дос тауып, әйгілі спортшылармен тіл табысып кетті. Tilshi.kz Әсемнің волонтерлік жолдағы естеліктерін назарларыңызға ұсынады.

«Мен бала кезімнен спортқа жақын едім. Бірақ 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарына дейін волонтер боламын деп ойлаған жоқпын. Шынымды айтсам, томаға-тұйық мінезім бұған шыдас бермейтін шығар деген ой болды. Алыста қалған 2010 жылы менің ішімде үлкен күш жатты. Адамдарға көмектескім келді, қандай да бір қозғалыста болуды көздедім.

Азиадада мен допинг-бақылау штабына тап болдым. Спортшылардың допинг-тесттен қалай өтетінін көру, әр елдің өкілдерімен әңгімелесіп, өзің үшін жаңа бір әлемді ашу мен үшін тым қызық еді. Волонтерлік қызмет арқылы менің мінезім да ашыла бастады, адамдармен тез тіл табысатын ақкөңіл жанға айналып шыға келдім. Сол кезде танысқан әр ұлт өкілдермен әлі күнге дейін байланысып тұрамын.  Ал Азия ойындарынан кейін Алматыда өткен бірде-бір спорттық жарыстан сырт қалған емеспін. Қандай жұмыс істесем, айналама көмегімді тигізгім келді. Жарыс кезінде жай ғана спортшыларға су тарататын кезім болды», – дейді ол.

Әсемнің волонтер ретінде жетілуіме себепкер болған дода – 2013 жылы бокстан Алматыда өткен әлем біріншілігі.

«Біз бір ай бойы бокспен өмір сүрдік. Спортшылардың жаттығуға кешігіп қалмауын да қадағаладық. Мұндай кезде өзіңді бәрінің анасы секілді сезінесің. Кейбір спортшылардың бізді әлі күнге дейін «мама» деп айтатыны бар.

2015 жылы су добынан өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында мен Сербия ұлттық құрамасының басы-қасында болдым. Ал елімізде өткен волейболдан Гран-при кезеңінде Қазақстан командасын бастап шықтым. Сол кезде біздің волейболшы қыздарымыздың қаншалықты қарымды екенін байқадым. Жанкүйерлердің де оларға деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Кейде көпшілік кумир санап, төбесіне көтерген спортшылармен өзімнің дос болып кеткенімді ойласам, көңілге жылылық ұялайды.

Мен волонтер болған ең ірі жарыс – Лиллехаммердегі жасөспірімдер қысқы Олимпиадасы мен 2016 жылы өткен X Games. Мені бұл сынға алады деп ойлаған жоқпын, жай ғана өтінім бере салғанмын.  Жолым болды. Шетелде волонтер болу дегенің мүлде бөлек сезім. Сноубординг пен скейтбордингтің жанкүйері боғландықтан, шын мәнінде X Games ойындарына барғаныма, өзімнің кумирларымды көргеніме әлі күнге дейін сенбеймін», – дейді бойжеткен.

Әсемнің пайымынша, волонтер болудың артықшылықтарын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

«Бұл өзіңді адами және кәсіби тұрғыдан дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Міндетті түрде волонтер болып көрген дұрыс. Волонтерлік қызмет арқылы мен көптеген дос таптым және спортта жұмыс істей бастадым. Әлі күнге дейін шетелдегі жарыстарға барғанда немесе жай ғана саяхаттағанда волонтерлармен кездесіп тұрамын. Бір-бірімізге көмектесетін кезіміз де көп. Мен барша жастарды ештеңеден қорықпай, волонтер болуға, волонтерлік қозғалысты қолдауға, дамытуға шақырамын!», – дейді ол.

А. Сейітқазы, арнайы «Тілші» үшін

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған