«Қазақша ватсап» ойластырған атыраулық өнертапқышқа университет ректоры білім грантын тағайындады

Мектеп табалдырығында жүргенде Kazmessage «қазақша ватсап» қосымшасын ойлап тапқан атыраулық Эльдар Құрмашев жақында жақсы жаңалығымен бөлісті. Ол жарты жыл ішінде талай мемлекеттік маңызы бар бастамалардың басында жүріп, ірі жобаларға ат салысып жүр екен. Жас дарынның құлшынысын байқаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университетінің ректоры Саламат Идрисов өз атынан білім грант табыстаған болатын.

Эльдар өзінің алғашқы табысты қосымшасын іске қосқалы көптің көзіне түсіп, танымалдылығы артып кеткен. Қазірде Мемлекеттік Рәміздерді насихаттау жөніндегі Ұлттық орталықта қызметкер. Ол бүкіл республиканың мектеп пен колледж педагогтарына «Мемлекеттік рәміздерді ұлттық стандартқа сай қолдану» тақырыбы аясында онлайн форматта әдістемелік семинар өткізіп келеді. Бұл негізгі жұмысының бір бөлігі ғана. Одан басқа, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жанынан құрылған «Самға» академиясында веб сайт құрастырушы болып істеуде.

Карантин кезінде бос уақытын сәтті пайдаланып, Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға бейне ролик түсіріп қатысып, үздік орындаушылар қатарынан көрінген. Дарынды жастардың табысы мен таңғажайып жетістіктерін баяндайтын республика көлемінде тарайтын «Озаттар энциклопедиясына» енген Эльдар Атырау облысының әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының қабылдауында болып, ерекше сый құрметке бөленген.

Жас та болса ұшқыр қиялы мен қуатын туған елінің шарықтап дамуы үшін сарп етуді мақсат қылған Эльдардың талпынысын байқаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов өз атынан грант бөліп, жас талантқа қолдау көрсетуде.

Саламат Идрисов ерекше дарынды жастарға қашанда қолдау білдіріп, жол сілтеп жүрген атпалы азаматтардың бірегейі. Университетте алаңсыз білім алып, арманына қол жеткізуге асық Эльдар үшін бұл үлкен сый болғаны анық. Бұл ретте грантта оқу үлкен қуаныш екенін жасырмады.

Эльдар жақында қазақстандықтар үшін үлкен сый дайындауда. Оның айтуынша, «Ин видео» атты сайт дайындалу үстінде екен. Ол 1 – қыркүйек күні іске қосылып, барша қазақстандықтар үшін қызмет көрсетуге дайын болады. Қазірге Эльдар ол сайттың нақты қызметі туралы ешқандай ақпарат бермеді, бұл қазақстандықтар үшін «күтпеген сый» болмақшы.

Сағадат Нұралықызы, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған