Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 18 адам қайтыс болған

Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 67 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1-17 тамыз аралығында «коронавирустық пневмонияға» шалдыққандар 18 673 адамға жеткен. Осы аралықта 220 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 17 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 16 адам қайтыс болған. 13 наурыздан бері барлығы 1431 адам қайтыс болған. Бір аптада (10 тамыз бен 16 тамыз аралығында) коронавирустан 146 адам қайтыс болған. Бұл тұрғыда ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (27 адам өлімі), Алматы қаласында (25) тіркелген.

Қазір коронавирус инфекциясынан 17 424 адам емделіп жатыр. 94-і – бала. 8 мыңнан астам науқас стационарда жатыр (Бір тәулік бұрын бұл көрсеткіш 3,2 мың болған). 389 адамның жағдайы – ауыр, 107-сінің жағдайы – өте ауыр. 69 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 121 973 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.

Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған