«Олар менің қолым, аяғым және көзім»: ақтөбелік Әлібек Елеусізов ерікті жандар арқылы қоғам белсендісі болғанын айтып берді

Ол – сегіз жыл төсек тартып жатты. Ауыр сырқаттан қол-аяғы тартылып, көзі көрмей қалды. Десе де біраз жылдан кейін қоларбаға отырғанына шүкір етеді. Өзіне көмектескен еріктілердің ерен еңбегін ұмытқан емес. Соның арқасында өзіне ерікті болуға уәде берген. Ол – «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшесі Әлібек Елеусізов.

Отбасында ата-анасы, екі қарындасы бар Әлібек алғашында дені сау азаматтардың қатарында болды.  Өзгелер сияқты мектеп табылдырыған аттап, алтыншы сыныпқа дейін өз аяғымен мектепке барды. Мезгілсіз келген сырқат оны 13 жасында сынады.

«Алғашында Алматыға емделуге барып жүрдім. Жағдайым нашарлай бергесін 1997 жылы қоларбаға танылдым. 1998 жылы төсек тартып, жатып қалдым. Оған дейін балалармен ойнап, күреске барып жүрген дені сау бала болдым. 2006 жылға дейін бірқалыпты жаттым. Тіпті отыра да алған жоқпын. Сегіз жылдың ішінде аяқ-қолым да тартылды. Көзім де көрмей қалды. Аллаға шүкір, 2006 жылы қоларбаға қайтадан отырдым. Қоғамға қосылып, бүгінге дейін белсенді болып келемін. Бұрын Құралай Базарбайқызының сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына тіркелдім. Құралай апайдың қанатының астына барлығымыз жиналдық. Жақсы адамның өмір мектебінен өттім. Ең алғаш ерікті болуды сол жақтан бастадым. Артынан «Дар» еріктілер клубына мүше болдым. Өзімнің тағдырластарыма көмектесуіме тырыстым», – дейді ол.

Әлібек Елеусізов еріктілер клубының басшысы да, еріктілер тобының мүшесі де болды.

«Үйде бос жатпас үшін ерікті болуды таңдадым. Өзімнің тағдырластарымды жинадым. Жастармен бірге бірнеше іс-шара ұйымдастырдық. Қала сыртындағы қысқы-жазғы демалыс орындарына шығып тұрдық. Ерікті болу мен үшін қызық болды. Бір нәрсені ұйымдастырғанды жақсы көремін. Барлығына әуелі Алла деймін. Өз басым бірінші байлық – денсаулық емес, бірінші байлық – иман деп есептейтін жанмын. Өйткені, имандылық бізді қоғамда өз орнымызды табуды көрсетеді. Армандауға, мақсат қоюға, сауап жинауға үйретеді. Менің бүгінгі таңдағы белсенділігім ата-анамның да қамқорлығы. Ауырып, қиналып жатқан кезімде рухым мен намысымды оятқан сол кісілер. «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Алланың өзі адам баласына көтере алмайтын сынақ бермейді. Көтера алатын сынақ береді. Сен тұрасың. Қоғамға қосыласың. Сондықтан сабыр сақта» деп айтып отыратын. Қасымдағы екі тілекші қарындасымның да қолдауы бар. Жанымда жүрген жанашыр достарым, іні-қарындастарым менің бүгінгі қорғанымдай. Солар менің аяғым, солар менің қолым, менің көзім. Барам деген жеріме апарады. Сол жандардың арқасында армандаған кештерімді ұйымдастырдым. Жетістікке жетуіме де сол жандар себепші», – дейді ерікті.

Бүгінде Әлібек Елеусізов Қазақ Гуманитарлық университеті жанындағы колледжде заңгер мамандығын игеріп жатыр. Бірақ оның мақсаты заңгер болу емес. Оқуды аяқтап, психология бойынша білім алуды мақсат етіп қойған. Сол мамандық бойынша халыққа қызмет етуді армандайды. Ең басты мақсаты – қоғамның мүгедектерге деген көзқарасын өзгерту. Ерікті жандардың еңбегін де бағалау.

«Талай жанның көз жасын сүрттік. Осының барлығы ерікті жастардың арқасы. Басында өзіме қиын жағдайда  маған солай көмектесті. Көп адамдар көмек қолын созды. Қоғамға қосылған кезде өзім де халыққа қызмет көрсетіп, қайтарамын деп уәде берген едім. Сол уәдем бойынша  өзгелерге көмектесіп келемін. «Жүректен жүрекке» ерікті болып жүргенім – Әмина Жылқыбаева мен Әлішер Садық айтыс ұйымдастыруыма көмектесті. Інім мен қарындасымның маған деген ықыластары ерекше болды. Олармен жақсы араласып кетіп, осы еріктілер тобының қатарына қосылдым. Бүгінде жақсылық үшін тырысатын жандардың қатарындамын. Осыдан екі жыл бұрын бізге үлкен кісі хабарласты. Кішкентай қыздың атасы. Немересінің көзі көрмей қалған. Соған ота жасау керек. Екінші көзі де зақымданып бара жатқан көрінеді. «Міндетті түрде ота жасау керек» деді. Бір кісілер «Өнер орталығында» концерт ұйымдастырып қойыпты. Дегенмен билеттері өтпеген. Барлығын қолында ұстап жүр. 3-4 күн ғана уақыт ішінде біз сол кісіге көмектестік. Қыстың салқын күні видео түсіріп, халыққа үндеу тастадық. Жастар далада жүріп билет сатты. Сол жүгірістің арқасында қомақты қаражат жиналды. Атасы соңында мәз болып, батасын берді. Әлі күнге дейін бізбен хабарласып тұрады. Әрине, осыдан басқа қиын да қызықты жағдайлар көп болды. Бүгінгі жетістігімнің құпиясы, ерікті болып жүріп көптің алғысын алғаннан болар деп есептеймін», – дейді «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшесі Әлібек Елеусізов.

Арнайы «Тілші» үшін Ақтілек Орынбасарова

2 Comments

  1. ӘЛХАМДУЛИЛЛАҺ! Ұлы ЖАББАР Иеміз Разы болып, Рахметіне алғай – адал, ілімді, сабырлы, рухы биік Құлдарын! АЛЛА ТАҒАЛА ӨЗІНІҢ ең ауыр сынағын – ең алдымен Пайғамбарларына, Елшілеріне, әулие, салих, тақуа және ары қарай сүйген құлдарының иман дәрежесіне қарай беретіні Хақ! Айналайын, Әлібек! Сенің де жақсы, өнегелі тағдырың ЛАУХУЛ-МАХФУЗДА жазылып қойған! Бұл, түсінген жанға – керемет, сауабы үлкен, қайталанбас тағдыр! АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ Саған арнаған МАХАББАТЫ – ЕРЕКШЕ! Сені (біздерді де) тұл жетім етіп сынаса да Хақы бар! Бірақ, Саған – аса мейірімді ата-ана, бірге туған бауырлар, бірге тумаса да, намыстары нардай, келешегі зор ұл-қыздарымызды, Ел-жұртымыздағы жаны жайсаң жандарды айналаңа жинап, достастырып қойды! Бұл, ерекше – екінің біріне бұйыра бермейтін БАҚЫТ! Сен – барша Жастарға, Үлкен-кішіге ӨНЕГЕСІҢ! ҮЛГІСІҢ! Мен – Сені, әке-шешеңді үлгі тұтам! Сүйсінемін! Сенің әңгімелерің, АЛЛАҒА арнаған махаббатың, сабырың – қайталанбас ӨНЕГЕ! Сен арқылы талай пенделердің өмірге деген көзқарасы өзгеріп, иманға келері – даусыз! Ұлы РАББЫМЫЗ дұғаларымызды қабыл алып, жүрегіңдегі барлық асыл, арман-мұратыңа жетуді нәсіп Еткей! АЛЛАҺУ ӘКБАР! Әмин! Аса құрметпен, дұғамен: апаңыз Рабиа-Сәулен Абылқасым қызы. 15-тамыз, 2020ж( 24-зулхижжа, 1441х.ж.)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған