Танымал сатирик Нұрлыбек Жұбатқан Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге ие болды

Павлодар облысында көрнекті жазушы, сатирик Қадыр Тайшықовтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған сатиралық шығармалардың республикалық онлайн байқауы қорытындылады. Танымал актер, сатирик, «Екі езу» театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан Жұсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге ие болды, деп хабарлайды «Тілші» «Мәдениет» порталына сілтеме жасап.

«Бұл бір орайы келген ерекше жоба болды. Осыдан тура 94 жыл бұрын сол кездегі «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті сатиралық шығармалар байқауын жариялайды. Оған 103 қаламгер өз туындыларын ұсынған екен. Соның ішінен үздік 12 автордың жұмысы таңдалып алынған. Ал бірінші орынды Баянауылдан шыққан көрнекі жазушы, сатирик Қадыр Тайшықов жеңіп алған. Жүлдегерлер қатарында Бейімбет Майлин де болған. Міне, 94 жылдан кейін туған жерінде алғаш рет Қадыр Тайшықов атындағы әдеби байқау ұйымдастырылып отыр», – деген жоба авторы әрі ұйымдастырушыларының бірі Сайлау Байбосын осы күнге дейін Қ.Тайшықовтай дара тұлғаның есімін ұмыт қалдырғанымыз қоғам үшін сын екенін атап өтті.

Әдеби байқау Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, республикалық «Мәдениет порталы», «Ақбеттау» журналы мен Павлодар облыстық «Шаңырақ» мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті.

«Қадыр Тайшықов атындағы әдеби байқауға еліміздің барлық дерлік облыстарынан, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан 60-қа жуық қаламгер қатысты. Жалпы, мұндағы басты мақсат Қадыр Тайшықовтай белгілі тұлғаның өнерін, өнегесін елге, жастар қауымына үлгі ету, сатира тақырыбына машықтанған қаламгерлерге қолдау көрсету болатын», – дейді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.

Қадыр Тайшықов атындағы республикалық онлайн байқаудың қорытындысы бойынша павлодарлық жас ақын, сатирик Алпысбай Әбділұлы жүзден жүйрік деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың жүлделері келесідей үлестірілді:

«Қадыр Тайшықов» атындағы І-жүлде – Алпысбай Әбділұлы (Павлодар облысы);
«Жүсіпбек Аймауытов» атындағы ІІ-жүлде – Нұрлыбек Жұбатқан (Ақтөбе облысы);
«Рақымжан Жаманқұлов» атындағы ІІІ-жүлде – Нұрлан Сәдір (Батыс Қазақстан облысы).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған