«Күндіз дәрігер, кешке ерікті»: ақтөбелік 23 жастағы фельдшер бос уақытында халыққа көмектесіп жүр

Ол дәрігер болуды мектеп кезінен армандады. Арманы адастырған жоқ. Бүгінде сол салада жұмыс жасап, білім алып жатыр. Талай науқасты өлім аузынан арашалап қалды. Карантин уақытында жұрт тамсана қарайтын ерікті жанға айналды. Ол – «Антиковид – 2019» еріктілер тобының мүшесі Салтанат Амантайқызы.

«Арманым дәрігер болу еді»

«Маған ақ халат киіп жүретін мектептегі дәрігерлер қатты ұнайтын. Солардың жұмысына қарап рахаттанатынмын. Осы мамандық менің мамандығым екенін сол кезден бастап түсіндім. Адамдарға көмектескен, біреуді ажалдан арашалап қалу мен үшін үлкен мәртебе. Ол жандардың алғысына бөленудің өзі ерекше сезім. Сондықтан мұғалім, банк қызметкері, есепті емес, дәрігер болғым келді. Дәрігер мамандығын таңдадым. Таңдауым үшін өкінбеймін.

Бүгінде бір емес, екі жерде жұмыс жасаймын. М. Оспанов атындағы медициналық университетінде оқып жатырмын. Сол академия жанынан ашылған отбасылық клиникада созылмалы диспансерлік есепте тұрған науқастарға қызмет көрсетемін. Сол жерде фельдшер болып жұмыс жасаймын. Одан кейін тағы бір жасап жатқан жұмыс орным Ақтөбе қалалық сот-медициналық экспертизалық бөлімде фельдшер қызметін атқарамын. Күндіз сабақта, сабақтан шыққанан кейін жұмысқа барып жүрдім. Солай мамандығымды игеріп жатырмын. Теорияға қарағанда практиканы жақсы меңгердім. 2016 жылдан бастап, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетіне жұмысқа тұрдым. 4 жыл жұмыс жасадым, ЖОО-ға түсуіме байланысты сабағыма кедергі болды. Сондықтан жұмыстан шығуға тура келді. Оған да өкінбеймін. Бүгінгі жұмысымда да дәл сондай көмек көрсетемін. Бұрынғыдай шақыртуларға барамын. Науқастарға көмек беремін».

«Ерікті болуды өзім таңдадым»

«Күндіз беске дейін жұмыстамын. Не болмаса тәуліктік жұмыста болатын сәттерім болады. Одан кейін үйдегі шаруаларымды бітіріп, кешке еріктілермен бірге мониторингке, рейдтерге шығамыз. Біздің команда үлкен. Біздің еріктілер дәрігерлерге тамақ тасиды. Демеушілеріміздің алып берген аппарат, оттегі көпшіктері, баллондарымен қатар дәрі-дәрмектерін емханаларына тарататын тобымыз бар. Бүгінде барлық еріктілердің тобы біріккен. «Антиковид-2019» деген үлкен отбасыға айналдық. Бибігүл сияқты үлкен ұйымдастырушымыз бар. Бұрынан күнделікті шығып жүрген адамдарымыз жетерлік. Өзім күнделікті шықпасам да, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Карантиннің алғашқы кезінде 102 және әкімдік қызметкерлерімен халыққа түсіндіру шараларын жүргіздік. Себебі теледидардан, радиодан естігеннен қарағанда біздердің ауыздан естіп бір нәтиже шығарса, нұр үстіне нұр болатын еді. Оның үстіне аурудың да саны азаяды. Сондықтан ешқандай ақысыз, ешкімнен ештеңе сұрамай, өз еркіммен өзім сияқты халықтың  қамын ойлайтын жандармен көмек көрсетіп жүргеніме өте қатты қуанамын. Осындай мүмкіншілігім бар. Басқа да жастарды біздің қатарымызға қосылуға шақырамын. Тек жастар емес, жасы 50-60-қа келген еріктілеріміз де бар. Табиғат үшін арпалысып жүрген еріктілеріміз де біздің қатармызда жүр. Денсаулық үшін экология өте маңызды. Сондықтан ол жаққа да шығып тұрамын. Өзімді патриот деп есептеймін. Халыққа кішкентай да болса көмегім тисе, ол мен үшін бақыт. Өзімнің жеке басыма материалдық тұрғыдан пайда болмаса да, моральдық тұрғыдан жан дүниесі бай адамға айналып жатырмын. Әлі де біздің заманымызда жаны жайсаң, жақсылық жасауға асығатын мәрт жандардың бар екеніне көзім жетеді», – дейді ерікті.

«Арманым бар адастырмайтын»

«Бүгінде М. Оспанов атындағы медицина университетінң екінші курс студентімін. Алла қаласа оқуымды ойдағыдай бітіріп, өз мамандығымның білгірі болғым келдеді. Оқудың ерте-кеші жоқ. Оқыған артық болмайды. Соның ішінде медицина мамандарына екінші мүмкіндік жоқ. Бізге қателесуге болмайды. Сондықтан өзімнің бастаған ісімізді соңына дейін жеткізу керек. Еріктілердің тобында жүргеннен кейін үлкен мақсаттарымның бірі мүмкіндігі шектеулі жандар, даун синдромімен, дамуы артта қалып қойған балаларға арнап арнайы орталықтар ашқым келеді. Солармен жұмыс жасайтын ұйым құру – арманым. Тегін әрі қалаған адам келетіндей болса деймін. Көп отбасында қаражат жетіспейді. Ондай балалар бір отбасында біреу емес, тіпті бірнеше. Біздің еріктілер көптеген қоғамдық шараға атсалып жүрген кезде барлығын көрдім, байқадым. Жаным ауырып, жүргем қан жылайды», – дейді ол.

«Мәңгілік дәрігер болып өтемін»

Әрбір маман иесінің өзіне тән қиындықтары болады. Бізге екінші мүмкіндік берілмейді. Бірақ Алланың ісіне ештеңе жасай алмай қалатын кездер болады.

«Кей кезде «103» бригадасын кешігіп шақырады. Науқасымыздың жас шамасына, ауру деңгейіне байланысты қолымызда жоғалтып алатын кез болады. Сондай кезде «әттеген-ай» деген тұсым да бар.  Қандай жағдай болса да мамандығым үшін өкінбедім. Карантин кезінде үйдегілердің ең бірінші уайымы мен болдым. Күнде таңертең хабарласып, жағдайымызды сұрап тұрады. Себебі, олардың алдында мен әлі кішкентаймын. Осындай қиын тұста көп адам «дәрігер болғаныңа өкіндің бе?» деп сұрақ қойды. Жоқ, мен неге өкінуім керек?! Қаншама адамның алғысын алып жатырмын. Одан мен артық болмасам, ешқашан кем болмаймын. Осы жолда жұмыс жасауымды ешқашан тоқтатпаймын. Бірінші Алла денсаулық берсе, еңбегімнің жемісін осы мамандықтан көремін. Дәрігер де боламын, халықтың қамын жеген ерікті де боламын», – деді Салтанат Амантайқызы.

Арнайы «Тілші» үшін Ақтілек Орынбасарқызы

2 Comments

  1. Жарайсың жаным. Еңбегің бағаланып биік шыңдарды бағындыра алатыңа сенемін, тек алға талма. Алғыс алған ағарар демекші, алғысқа бөленіп, еңбегіңнің жемісін көр. Алла тіл-көзден сақтасын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған