«Көңілден де жоғары құндылық бар»: Коронавирус ауыл қазағының санасын сілкіндіре ала ма?

Қазақ халқының көңілшектігі басым. Кез келген отбасыда адамның, көршінің, ағайынның, достың көңіліне қарау деген бар. Алайда, әлемді жайлаған коронавирус індетінің көңілден де жоғары құндылық барын, адам өмірі мен денсаулығының маңызды екенін ұғындыра алмай жатқан секілді.

Бастапқыда коронавирус тек шетелге шығатындар, әуе кемесімен ұшатындарды ғана айналшықтайтындай көрінетін. Әрі кетсе, министрлік-дөкейлерге соғуы мүмкін деген ой келетін.

Бүгінде індет шалғай ауылды да тыныш жатқызбады. Бір ауылда күніне бірнеше жаназа шығарылып жатады. Көңілшек қазақ үй жағалап әлі көңіл айтуын доғарар емес.

«Ауылда күнде бір қаралы хабар. Кейде екі адамнан кетіп жатыр. Өкпесі асқынып көз жұмып жатқаны бар, басқа ауруы бар, түсініп жатқан жоқпыз. Дәріні қаладан тасып жатыр. Ол жақта да бірде бар, бірде жоқ. Өлген адамның денесін жуып жатқан да өзіміз. Бетперде, резеңке қолғап киіп алып, еркегін еркектер жуындырып жатыр, әйелдерді – әйелдер. Құдай білсін, ел айтып жатқан коронавируспен ауырып өлгендері де бар шығар, бірақ, оны кім тексеріп жатыр. Бір ауылда тұрып жатқан соң, бала-шағасы қолқа салған соң, ештеңе ойламай, барып жуындырып беріп жатырмыз», – дейді Аралқұм ауылының тұрғыны Жәзира (есімі  өзгертілді)

Жәзираның жолдасы да жаназа шығарып жатқан үйлерде қызмет етіп жүр. Бірі туысы, бірі жолдасы, бірі көз таныс ауылдасы.

«Карантин деп қауіпсіздік шараларын ұстанып жатқандары көп емес. Адамдар көңіл айтып үй-үйді аралап жүр. Алыстан, жақын ауылдардан ағайындары келіп жатыр. Бір туған соң, қарап жата алмайды ғой. Үлгергенше келіп жатыр. Ауру жұқтырып аламыз, біреуге жұқтырып кетеміз деп жатқан ешкім жоқ», – дейді ол.

Ауылда қаза шыққан үйде жеті күндік садақасы да, қырық күндік садақасы да тоқтап жатқан жоқ. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен оны да өткізіп жатыр.

«Қазір құлағымыз да үйренді, көзіміз де үйренді. Айнала ауырып жатыр. Бір үйде бірнеше адам тапқан дәрісін ішіп жатыр. Дем ала алмай, оттегімен жатқандар жетерлік. Күнделікті бір хабар естиміз. Қолдан келер дәрмен жоқ. Өзіміз де отбасымызбен бір ауырып тұрдық. Ауылда дәрігер жоқ, жедел жәрдем келмейді. Өркениеті басым қалалық жерде жағдай мәз емес. Біз олардан асып қайда барамыз? Көнбеске амал жоқ», – дейді Жәзираның жолдасы Ерлан.

Ауылда жалғыз дәнекерлеуші Ерланда оттегі баллоны бар. Қас қарая көршінің балалары келіп, толық емес баллонды сұрап алып кетті. Аналары дем ала алмай жатса керек.

Жалпы, Аралқұм жұрты оттегіні Аралдан тасып жатыр. Бүгінде оған сұраныс жоғары. Бас көтергендері ауысқан оттегіні мұқтаж жандарға беріп, жан сақтап отыр.

Бұл індеттің әлі қаншаға созылатыны белгісіз. Ауыл халық әлі қарай қандай жағдай болатынын білмейді. Тек ауыздарына «Алланы» алып, өлімнің тоқтауын тілеп отыр. Айтпақшы, ауыл жастары үй жағалап, ақша жинап жүр. Құрбандыққа мал шалып, індеттің тоқтауын тілемек…

Қанат Маратұлы

Сурет: А. Нұржанұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған