«Қылмыстық жауапкершілікпен қорқытқандар болды»: Науқастарға дәрі іздеп шарқ ұрған волонтер қандай тәуекелге барғанын айтты

Ақтөбелік Данияр Сиян әлеуметтік желіде өзінің жаттықтыру залының жұмысын жарнамалап келеді. Карантинге байланысты жұмысы тоқтаған ол парақшасының атауын өзгертіп, науқастарға дәрі-дәрмек тауып беретін арнаға бұрды.

«Анам қатты ауырды. Өкпесі қабынды. Қатты қорықтық. Дәрі іздеп шарқ ұрдық. Жүгірген еңбегімізге, анамыздың бері бері қарады. Денсаулығы жақсарды», – дейді Данияр «Тілшіге» берген сұхбатында.

Алайда, жас кәсіпкердің көкейінде пандемия кезінде көптеген жанға көмектесу керек шығар деген ой қалады. Анасының аман қалғаны үшін ол садақа ретінде белсенді парақшасының атауын өзгертіп, науқастанып жатқан жандарға дәрі-дәрмек іздеуді қолға алады.

«Ақпарат құралдары, желі арқылы дәрі тапшылығы жоқ, барлығы жеткілікті» деп жатыр. Бірақ, шынайы өмірде жағдай мүлдем керісінше. Инстаграмдағы парақшамды «Дәрі Ақтөбе» деп өзгерттім. Артып қалған дәрілері болса, немесе, керісінше, таба алмай жатқан препараттары болса, хабарлассын деп пост қалдырдым. Ірі пабликтерге хат жазып, хабарландырумен бөлісулерін сұрадым. Қазіргі таңда ең тиімдісі – телеграм-канал ашу болып тұр. Бір сәтте 1500 адам жиналып, бірі дәрі сұрап, екіншісі тауып, жеткізіп беріп жатты. Ешкім онысы үшін ақы сұрамайды. Кейде ақшасына дәрі таппай жатқандар болды», – дейді Данияр.

Даниярдың үніне жүздеген ақтөбелік құлақ асып, бір-біріне көмектесуге асықты. Алайда, қысылтаяң шақта тапшы препаратты 5-6 есе бағаға тықпалағысы келгендер де болды.

View this post on Instagram

📣 Лечение антибиотиками необходимо производить только по назначению врачей Большинство случаев лечения, которое сейчас проводиться на дому, начинается сразу с антибиотиков. Это в корне не правильно. В случае отсутствия температуры свыше 38 градусов до трех суток необходимо использовать жаропонижающие препараты, травы, обильное питье. Принимать сразу антибиотики категорически нельзя, т.к. они имеют побочные действия. При применении антибиотиков на легких стадиях заболевания чревато тем, что в будущем в случае повторного заболевания чувствительность бактерий к этим препаратам уменьшится. Для лечения на дому необходимо использовать простые памятки, разработанные Министерством здравоохранения и размещенные на официальном сайте. Призываю население использовать достоверную информацию и не ориентироваться на материалы, активно тиражируемые в социальных сетях. ©️ Алексей Цой, министр здравоохранения РК

A post shared by Бизнесмен/Тренер/Блоггер (@daniq.siyan) on

«Мен түсінбеймін. Адам өлімі көбейіп жатыр. Дәріханаларда дәрі тапшы. Бар дәріні бірнеше есе қымбатқа пұлдағысы келгендер болды. Көрші облыстардан мейірімді жандар хабарласты. Кейбірі ауысқан дәріні тегін жіберді, кейбірі өз бағасына салып жіберіп жатты. Тіпті, Ресейдің жақын қалаларынан хабарласып, өз бағасына тауып беріп жатты. Өкінішке қарай, шекарада кедергілерге кезігіп жатты», – дейді бір сәтте волонтерға айналған жас кәсіпкер.

Данияр жеке парақшасына хат жазып, қоқан-лоққы көрсеткендер болғанын да жасырмады. Дәрі сатумен айналысу үшін арнайы лицензия болу керектігін алға тартып, тіпті, қылмыстық заңнамаға сілтеме жібергендер де болыпты.

«Жауапкершілікке тартыласыз, заңсыз іспен айналысып жатсыз» деп жазғандар табылды. Тіпті, кодекстердің баптарына сілтеме жіберді. Түсінемін. Бірақ, науқастар өлім аузында жатқанда, мен тәуекелге бел будым. Дәл осы сәтте жауапкершілікті ойламадым. Неғұрлым көбірек жанға дер кезінде дәрі-дәрмегін, препараттарын тауып беруді ұйымдастырсақ деген ой көкейімде менмұндалап тұрды», – дейді Данияр.

Бүгінде волонтердің телеграм-каналында 1700-ге жуық адам тіркеліпті. Күні-түні дәрі іздеп, дәрі тауып беріп жатыр. Жүректі ауыртар жазбалар әзірге толастар емес. Қарапайым тұрғындар өздері тірлік етіп жатыр. Бір тәулікте каналда мыңдаған жазба жазылады.

«Мына індет тездетіп тоқтаса екен. Адамдар өлмесе екен. Қарапайым адамдар ондаған, жүздеген адамның өмірін құтқарып қалып жатыр. Тек ешкім еңсемізді түсіріп, жұмысымызға кедергісін келтірмесе екен», – дейді Данияр.

Қанат Маратұлы, арнайы «Тілші» үшін

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған