Қостанай еріктілері Қытайдан келген дәрі-дәрмекті ауруханалар мен дәріханаларға таратып жүр

Пандемия кезінде аянбай еліне қызмет етіп жатқан жастардың бірі Жанайдар Ғалым. Бала кезден елгезек, біреуге көмектесуге жаны құмар.

Жанайдар – үйінің кенжесі. Отбасында бес ағайынды, екі ағасы және екі апасы бар. Әкесі Сайлау бүгінде жеке шаруашылықтың иесі, ал анасы Қарлығаш үй шаруасымен айналысады.

Ата-анасы Жанайдарға бала кезінен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, қамқор болып, айналаға жақсылық жасауға баулып өсірген. Бүгінде ол Қостанай қаласының белсенділерінің алдыңғы шебінде.

Ол Жангелдин ауданына қарасты Бидайық деген ауылда дүниеге келіп, Алтынсарин ауданы Обаған ауылындағы орта мектепті аяқтады. Шаһарымыздағы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, мемлекет және жергілікті басқарма мамандығын алып шықты.

Университет қабырғасында жүргенде-ақ белсенді болған. Жастар үнемі бас қосатын жастар ресурстық орталығының жұмысы жайында естіп, сол қатарға өзі де қосылады. Көмекке зәру жандарға көмектесіп, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын Жанайдар бүгінде жастар рестурстық орталығының маманы.

«Мен ерікті жандардан құралған топтың мүшесімен. Біз не істесек те, топ болып, бәріміз бірігіп атқарамыз. Бірлік түбі – береке емес пе? Осылайша бірігіп, көп жұмысты еңсеруге болады. Ең бастысы – мұнда өз міндетіңе үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Қиналған жанға қол ұшын созу. Әрдайым қоршаған ортаға зер салып, орын алып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізе білу қажет.

Өзім жұмыс істейтін орталықта үш маман бар. Біз өзімізге қарасты 30 шақты еріктімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Атқарған жұмыстарымызға тоқталатын болсам, шаһарымызға еліміздің оңтүстік өңірінен жеткізілген қырыққабатты тұрғындарға үлестіру науқанының бел ортасында жүрдік. Одан кейін, қазіргі жағдайдың екінші кезеңінің басында 52 келі азық-түлікті әлеуметтік толық қамтамасыз етілмеген топқа жататын жандардың пәтерлеріне жеткізіп бердік. Одан кейін арнайы тізімде тұрған жандарға халық қорынан жиналған 2,5 пакет азық-түлікті де тараттық. Сонымен қатар 4000 пәтерге өз еркімен жүріп-тұра алмайтын зейнеткерлер мен ардагерлерге дәрі-дәрмек апардық.

Қазіргі таңда еріктілердің жұмысы кең көлемде, қауіпсіз аймақта жүріп жатыр. ҚХР-дан келген дәрі-дәрмекті дәріханаларға таратып жатырмыз. Тыныс алу аппараттарын түсіріп, облыстық, қалалық ауруханаларға жеткіземіз. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан бізге деген сенім де артып келеді. Мәселен, еріктілер қатарындағы жастар жалғыз басты ардагерлер мен зейнеткерлердің қыс уақытында ауласын қардан тазалап, үйлерін жинап, қоқыстарын төгіп, көмектерін аямайды. Олардың жалғыз қалып, іші шерге толған қарттармен жайдарлы жүзбен әңгіме-дүкен құрып, жоғары көңіл-күй сыйлайтын кездері де болады», – дейді Жанайдар Ғалым.

Облыс орталығында парасаттылықты, адамгершілікті, тазалықты насихаттайтын шаралар көп ұйымдастырылып тұрады. Осы ретте жақында еріктілердің қатысуымен қоқысты тиісті орнына төгу, оны сараптау жөнінде акция өтті. Мұнда да ерікті жастар бір кісідей атсалысып, тұрғындарға өздерінің ғұмыр кешіп жатқан өлкелерін таза ұстаулары керек екендігін жан-жақты түсіндірді.

Жақсылық пен мейірімділік жасауда жарысатын ерікті жастар қан тапсыру орталығына да барып, қан тапсырып тұрады. Мәселен, биыл «Донор күні» қарсаңында Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының ұжымы мен еріктілерді қосқанда 40 адам қан тапсырған. Бұл да жалынды жастардың ешнәрсеге бей-жай қарамайтындығын көрсетсе керек. Жастар бұнымен тоқтап қалмақ емес. Атқарар жұмысымыз әлі көп. Бұл тек бастамасы дейді.

«Біз елімізде кең етек жайып, көпшіліктің көкейіне үрей тудырған коронавирус дертіне байланысты енгізілген карантин режимінде онлайн іс-шаралар өткізуді қолға алдық. Оның ішінде үстіміздегі жылы әл-Фараби бабамыздың 1150, Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойларын атап өтуге де өзіміздің үлесімізді қоспақпыз. Алдағы уақытта осы бағытта жастар арасында онлайн бағдарламалар ұйымдастыратын боламыз», — дейді Жанайдар.

Еріктілер тобында бәрі тек жастар ғана емес, ересектер де бар. Олар өздерінің күнделікті жұмыстарының сыртында еріктілікпен айналысып, үйлерге азық-түлік жеткізуде бір кісідей атсалысып жатады.

Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Сондықтан әрдайым көмекке әзір жастардың жалыны сөнбей, мейірімді жандардың қатары арта берсін. Қашан да қоғам игілігі үшін аянбай атқарған сауапты істері берекелі болсын дейміз.

Айым Әбдірашит, арнайы «Тілші» үшін

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған