Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі мен университет газетінде қызмет еткен журналист Динара Қожа бүгінде әлеуметтік желі арқылы кішкентай сәбиі Исламның еміне қаражат жинап жатыр.
Журналистің басына түскен ауыртпалықты көтеруге барша ақтөбеліктер, тіпті Қазақстанға танымал тұлғалар, жанашыр туыс-туғандары, әріптестері үн қосып, демеп келеді.
Отағасы Нұржан Наурызбаев пен Динара Қожаның Исламнан бөлек он екі мүшесі сау 3 жасар Сафия атты қызы да бар. Исламның да туылғанда денсаулығында кінәрат болмаған.
2020 жылдың қаңтар айында Наурызбаевтар отбасы оқыс хабардан ес жия алмай қалады. Екінші сәбиінің дүниеге келгеніне 2 ай толғанда бала өз-өзінен мазасызданып, көзі астына түсіп, тамақтан бас тартып, ұйқысы қашады.
Динараға алғашында дәрігерлер баланың іші желденуі мүмкін деп дәрілер жазып беріп отырған. Алайда, баланың бойындағы әртүрлі өзгерістерді байқаған анасы дәрігерлерді іздеп, алдына барады.
Алғашқы диагнозды естіген сәті әлі есінде. Көз алдында бүкіл дүние асты үстіне төңкеріліп түскендей болған. Дәрігерлердің соңғы нақты диагнозы бойынша, баланың басында үшінші қарыншадағы ми ісігі (опухоль третьего желудочка мозга, рак) бар болып шықты.
«Ислам туылғанда денсаулығы жақсы, барлық он екі мүшесі сау болатын. Екі айлығынан асқан соң, баланың бойындағы өзгерістерге уайымдай бастадым. Жылап мазасызданып, ұйықтамайтын еді. Содан кейін де нақты диагнозын анықтай алмай көп сабылдым. Алайда, КТ рентгенінен кейінгі диагнозы қойылғанда, өзімді қоярға жер таппадым», – дейді Динара.
Динараны дәрігерлердің «баланың жағдайы нашар, екі ай, болмаса екі жыл ғұмыры қалды» деген сөзі күйретіп кетті. Алайда, көп уақыт өтпей Динара құдайдан үмітін үзбей, баланың өмірі үшін күресуге бел буады. Сол күннен бастап, әлеуметтік желі арқылы Исламның хал жағдайынан хабардар етіп, қаражат жинауға кіріседі.
Ислам жақында 7 айға толды. Осы 5 ай ішінде Динара Исламның барлық рентген суреттерін Нұр-Сұлтан қаласындағы, Ресейдегі мамандарға көрсетеді. Алайда, ешқайсысынан үміттендіретін жауап ала алмады. Динараның Ислам тағдыры үшін күресі карантин кезіне тап болып, алыс сапарларға шығуға кедергілер туындады.
Жақында ғана Кореяға барып емдетемін деген үміті орындалмай, виза ала алмады. Керісінше, Германияда Ислам секілді балаларға ота жасайтын клиника табылып, оған ең соңғы билетті алып та үлгерген.
Қазірде Динара Исламмен бірге Германияның Дуйсбург қаласына сәтті ұшып барып, Исламды тексерту үстінде. @dinaraqozha инстаграм парақшасында Исламның хал-жағдайын айтып оқырмандарымен бөлісіп, ұлының жолды жеңіл көтеріп, аман есен жеткенін жазды. Динара әр күні Алладан жәрдем сұрап, үміт отын өшірмей келеді.
Германияда отау жасау құны 38 мың еуроға шыққан. Көптің көмегімен бұл сома Қазақстанда жиналып, алдын ала төленіпті. Қазір Ислам мен Динараның ең қиын, сынақтан сүрінбей өтер сәті деуге болады. Исламның толық емделіп шығуы үшін әлі де қаржы қажет болып тұр. Наурызбаевтар отбасы бірінші Жаратқанның қолдауына, екінші жомарт жандардың көмегіне жүгінеді.
Ана үшін баласының амандығы, денсаулығы қаншалықты маңызды екенін тек аналар ғана түсінетін шығар. Осындай сәтте қол ұшын созып, көмектесу адамдық парыз екенін тағы да бір еске түсірсек дейміз.
Қосымша ретінде төменде Наурызбаевтар отбасының реквизиттерін беріп өтеміз.
Аллам шипасын берсін! Сауығып кетсін.
Динара, аман-есен оралыңдар! Кішкентай екеуіңе үнемі дүғада боламыз. Ота сәтті өтсін, балақайдың көрер қызығы таусылмасын ;)))
Света апамыз мықты! Димаштың фандары жасасын! Ота сәтті өтсін!