Мамыр айында келген медициналық өнімдер әлі таратылған жоқ. Катардан келген гуманитарлық көмек әлі қоймада тұр

Катардан келген гуманитарлық көмектің әлі қоймада тұрғанын, ел өңірлеріне таратылмауын «СК-Фармация» ЖШС 11 мамыр төтенше жағдай тәртібі аяқталып, сол кезде бұл іспен айналысуды тоқтатқанымен түсіндіреді деп хабарлайды «Тілші» сайты QazPulse порталына сілтеме жасап.

Төтенше жағдай кезінде, Мемлекеттік комиссияның шешімімен, аталған компания гуманитарлық көмекті бөлу бойынша бірыңғай оператор ретінде айқындалған. Сәйкесінше шетелден келген қайырымдылық жүгін қабылдап алып, Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, аймақтар арасында теңдей бөлумен айналысқан.

«Төтенше жағдай тұсында коронавирус індетімен күрес мақсатында Қазақстанға АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Үндістан, БАӘ және Пәкістан мемлекеттерінен, ірі қазақстандық және жаһандық компаниялардан гуманитарлық көмек келіп түсті. Әрі қарай бұл жәрдем медициналық ұйымдарға жеткізу үшін денсаулық сақтау басқармаларына жолданып отырды. Алайда, 2020 жылдың 11 мамыры ТЖ аяқталып, біздің де операторлық қызметіміз тоқтады», – дейді «СК-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы Әйгерім Смайылова.

Катардан Қазақстанға гуманитарлық көмек 2020 жылдың 21 мамыры келген. Тиісінше «СК-Фармация» компаниясы ол кезде гуманитарлық көмекті бөлуден алшақтаған. Сонымен қатар, катарлық медицина өнімдерінің ілеспе және сапаны растайтын құжаттары болмаған. Содан рұқсат қағаздары тек 25 маусым алынып, 4 шілде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «СК-Фармация» қайта оператор мәртебесін иеленген. Бүгінде 8,5 мың тонна көмек қоймада тұр және оны бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау басқармаларына жөнелтуге дайын екенін мәлімдейді. Онда 500 мыңға жуық маска, арнайы қорғаныс киімдері мен көзілдіріктер бар.

Қазақстан Катардан алған гуманитарлық көмек аясында мынадай мөлшерде медициналық бұйымдар түскен:
– 22 мың бір реттік қорғаныш маскалары;
– N95 медициналық қорғану маскасы 67 000 дана;
– 175x95mm бір реттік маскалар 74 000 дана;
– 17.5cm x 9.5cm хирургиялық маскалар 20 000 дана;
– N95 медициналық қорғану маскасы2 500 дана;
– LONNY медициналық қорғану маскасы 39 825 дана;
– 17.5cm x 9.5cm қорғаныш санитарлық маскалар 119 918 дана;
– Бет маскалары 17.5×9.5cm 96 000 дана;
– Бір реттік қорғаныш бет маскалары3 900 дана;
– Пластикалық маскалар 9 350 дана;
– 330×220 mm пластикалық маскалар 2 880 дана;
– 175(L) арнайы костюм 560 дана;
– 185cm (XXL) қорғаныш костюмі 40 дана;
– Медициналық қорғаныш костюмі (170, 175, 180 cm бір реттік қолдануға арналған) 2 760 дана;
– (L) хирургиялық костюмі 32 600 дана;
– OBAOLAY қорғаныш көзілдіріктері 29 990 дана.

Қазіргі уақытта, жемқорлыққа қарсы қызмет «СК-Фармация» ЖШС жұмысын тексеріп жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған