Ақтөбелік волонтер ауыл жастарына ағылшын тілін тегін үйретіп келеді

Еріктілер жылында қайырымдылыққа қадам басқан топтың бірі Байғанин аудандық ЖРО жанынан құрылған – «Байғанин жастары». Елде орын алған төтенше жағдайға байланысты бірқатар жұмыстың тұралап қалғаны жасырын емес. Мәдени-көпшілік шаралар, байқаулар мен басқосулар да кейінге шегеріліп, кейбірі онлайн форматқа ауысты. Бұл ретте аудандағы мектеп оқушылары мен студенттердің басын қосып, тың идеяларын бір арнаға тоғыстырған орталық қызметкерлері, белсенді жастар Гүлнар Танкина мен Әлия Байжанованың үлесі зор.

Еріктілер @jasbayganin және @baiganin_ _zhastary инстаграм парақшаларында «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты поэзия жанрындағы онлайн-байқау ұйымдастырған. Оқырмандар арасынан арнайы құрылған комиссия мүшелері көмегімен 3 жүлдегер анықталып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталған.

Сонымен қатар, инстапарақшада орталық теологтарының көмегімен «Мақал-мәтелге айналған хадистер» атты онлайн байқауын, 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай «Әскери киіммен» фотобатлын да өткізген.

Топ құрамындағы 40 еріктінің көпшілігі мектептің жоғары сынып оқушылары болғандықтан онлайн шараларда оқушылар белсенділік танытса, офлайнда топтың ересек мүшелері – студенттер озып тұр. Ерікті студенттер төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі  парақшалар мен маскалар тарттқан.

Жалғызбасты қарттардың ауласын тазалап, үйін әктеуге де қол ұшын созған. Топ мүшесі Гүлдана Айниязқызы жастарға арналған тегін ағылшын тілінің үш айлық онлайн курысын өткізуде. Курс барысында тыңдаушыларға ағылшын тілінің грамматикасы мен осы тілде еркін сөйлеу жолдары үйретілетін болады.

Қайырымды іске құштар жастар техқызметкер аналарды қолдауға арналған акция өткізіп, нәзік жандыларға сый-сияпаттар табыстады. Тыңнан түрен түре білген топ ерікті жастар қатарын көбейту мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырып, волонтерлерге қолдау көрсету үшін аудандық тренинг өткізді.

Арнайы «Тілші» үшін Байғанин ауданынан Арайлым ҚАСЫМ

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған