«Еріктілікке деген махаббатым болмаса, бес күн далада қонбас едім»

Еріктілік арқылы өзінің жұмысын тапқан Хақназар Мақсот бүгінде көпке үлгі. Ол қайырымдылық жасау арқылы шынайы бақытты сезінетін жан. Алғашында 17 адамнан құралған «Атырау» еріктілер тобының мүшесі. Оның еріктілікке деген махаббаты тегін жұмыс жасауына кедергі емес.

Хақназардың бұл әрекетіне еріктілер қатарында жүрген достары да мақтанышпен қарайды. Оның жыл сайын қаладан 25 шақырым жерге алыстап, қоғамдық жұмысқа белсенді араласуын әркім өз ортасында айтып отырады. Бүгінде ол еріктілік арқылы жастар ресурстық орталығындағы жас маманға айналды.

«Атырау облысында жыл сайын «Дарабоз» ұлттық спорт жарыстары өтеді. Каспийдің жағасында қаладан 25 шақырым жерде болады. Күздің уақытында келетін жарыс. Балшықты күндерге реттеліп қояды. Айдалада ұлттық спорт түрінен жарыс өтетін жерді дайындаймыз. Алғашқы күні апарды. Ештеңе болмады. Екі ерікті болып бардық. Киіз үй тұрғыздық. Көкпар, қыз қуу, бәйге алаңын құрдық. Жиырма ерікті, он шақты көмекші болып бес күн қатарынан айдалада қондық. Барлығын тегін жасадық. Еріктілікке деген махаббатым болмаса, жыл сайын бес күн далада қонбас едім», – дейді Хақназар Мақсот.

Хақназардың ерікті болуына басында үйдегілері қарсы болған. Ол оны «ерктілік туралы өзім дұрыс түсіндіре алмағандығымнан» деп ойлайды. Бірте-бірте ұлдарының сүйікті ісіне көзі үйреген ата-анасы келісімін берген.

«Өзім сүйетін істі жасаймын да, жақсы көрмесем жасамайтын әдетім бар. Жақсы көрмей жасасам, менің нәрсем емес. Менің ұғымымда еріктілік деген қоғамға еш ақысыз көмектесу. Сонымен қатар, өзімді басқа бір әлемде жүргендей сезінемін. Неше түрлі қайырымдылық шарасын өткіздік. Атырау облыстық жастар саясаты басқармасымен де біргеміз. Жыл сайын белгілі бір компаниямен жұмыс жасаймыз. Тегін концерт ұйымдастырады. Біз соларды орындайтын еріктілер ретінде көмектесеміз. Ол кезде барлығының ақшасы төленеді. Ал, басқа уақыттарда әлбетте тегін жүреміз. Алғаш келген еріктілерде міндетті түрде «мен бұл жақта не істеп жүрмін?» деген ой болады. Еріктілердің қатарына өзім де алғаш рет қосылған кезде санамды неше түрлі сұрақ мазалады. Оны түсіне білу өте ауыр. Бірақ біреуге көмектесу деген бір ғанибет. Бір адамға көмектесу арқылы қуаныштан шаршаймын», – дейді ерікті.

«Атырау» еріктілер тобының бүгінде саны артып келеді. Қатарларына қосылғысы келетін жастар жиі хабарласатын көрінеді. Топ құрамында жүзден артық ерікті бар. Хақназар сияқты белсенділері де біраз.

«Атырау» еріктілер тобымыз десек, көбі таңырқап жатады. Басында атауының өзі ауыр болды. Қаланың атынан болғандықтан барлығына жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан бізде 4-5 координатор бар. Әр координатор әр түрлі шараға жауап береді. Қандай шара болса да топпен бірге барамыз. Біздер бір компания ретінде жұмыс жасаймыз. Бірақ ешқайда тіркелмегенбіз. Жүзден аса ерікті бар. Соның 60-70 адамы өте белсенді», – дейді Хақназар Мақсот.

Ақтілек Орынбасарова, арнайы «Тілші» үшін

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған