Ақтөбе облысының шалғай ауылындағы волонтерлар қарияға баспана сыйлады

Байғаниндік еріктілердің алдыңғы қатарында «Нұр – Шапағат» тобы тұр. Құрылғанына жеті-ақ ай болған волонтерлер бірқатар бастамалар көтеріп, иігі істерімен көзге түсіп үлгерді. Тәй-тәй басқан топ Жарқамыс ауылында тұратын жалғызбасты қарияға баспана кілтін табыс етті.

Тұрғын үй волонтерлердің бастамасымен, ауыл тұрғындарының қолдауымен алынған.

«Біз ауылда қызмет етіп жүрген жастармыз. Ерікті болу біздің негізгі жұмысымызға кедергі келтірмейді. Топтың құрамындағы жастардың дені нұротандықтар. Алғашында тосырқай қарағандар болды. Бірақ уақыт өте келе қолдаушылар көбейді. Осыған дейін көпбалалы 18 отбасыға көмек көрсеттік. 65 жастағы жалғызбасты қарияға ауыл тұрғындарының көмегімен баспана кілтін ұсындық. Бұл біздің жетістігіміз. Бұдан да артығын жасауға тырысамыз», – дейді топ жетекшісі Үміт Ақболатқызы.

Айта кетейік, жаңа үйдің кілті табыс етілген ақсақал бұған дейін апатты жағдайдағы қара шаңырақта тұрған. Еріктілер ауыл болып үйді  әктеп, қажет жабдықтарын кіргізіп, ауыз су мен газ тартып берген. Ауыл ақсақалдары қарияны көшуге көндіріпті.

Жарқамыс ауылындағы жастардың басын біріктірген Үміт Ақболатқызы топтың 2 жыл бұрын Ақтөбе қаласында құрылғанын айтады. Оқуын бітіріп, ауылдағы кітапхананың балалар бөліміне жұмысқа орналасқан соң жас мамандардың басын бір арнаға тоғыстырып, игі істі өзі туған ауылында жалғастырады. Топ құрамындағы 15 ерікті мектеп пен ауыл мекемелерінде қызмет етеді.

Ауыл жастарын бұл бастамасы тұрғындар тарапынан да басшылықтан да қолдау тауып отыр. Жаңа жыл мерекесі кезінде ауыл территориясындағы мұнай компанияларының көмегімен 200 балаға тәтті сыйлықтар таратқан. Бұл үрдіс баларды қорғау күнінде де жалғасын тауыпты.  Қайырымдылық шаралар өткізіп, түскен қаржыны 2 науқас баланың шетелдегі еміне жұмсапты.

Еріктілер ұйымының ашылуында да 2 көп балалы отбасыға сыйлықтар беріліпті. Сондай-ақ, 1 аз қамтылған отбасыға 2 көлік тегін шөп түсіріп берген. Тұрмысын төрт түлікпен түзеп отырған ауыл тұрғындары үшін бұл ерекше сый. Қыс айларында жалғыз басты қариялардың ауласындағы қарды күреп, үйін әктеп, тазалап бергені өз алдына.

Карантинге дейін өздері секілді ерікті жастардың басын қосатын аудандық конференция да ұйымдастырып үлгерген. Конференцияға аудан аймағындағы ауылдық округтерден волонтерлық топтар қатысып, пікір алмасыпты. Жақсылыққа жаны құмар жастардың талабын елде жарияланған төтенше жағдай да  баса алмады. Карантин кезінде блок бекеттерге барып, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлікпен көмектескен. Көшелерде жадынама мен маска таратқан.  Орталықтан шалғай жатқан елді мекендерді де карантин талаптарын сақтауға шақыруда үлкен үлес қосқан.

Ауыл жастарының алдағы мақсаты жастардың жүрегіне намысшыл рух пен күш-жігер ұялату, елдің алғысын алу. Қайырымдылық шараларды қолға алған «Нұр – Шапағат» волонтерлық тобы онсыз да мұқтаж отбасыларға ыңғайсыздық туғызбау үшін, балалары қымсынбай жүре алуы үшін кейбір жайттарды жария қылмауды басты назарға алып отыр.

Арнайы «Тілші» үшін Байғанин ауданынан Арайлым ҚАСЫМ

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған