«Қалтамда көк тиын қалмайтын кездер болды»: соңғы ақшасын қайырымдылыққа берген ерікті кейде үйге жаяу қайтқанын еске алады

Ол – қалтасындағы соңғы тиынын қайырымдылыққа беріп қоятын жан. Небәрі 18 жаста болса да қоғамға кішкене пайдамды тигізсем деп ойлап тұрады. Жақындары қанша жерден ерікті болуына қарсы тұрса да, мойымады. Шынайы ниетінің арқасында «ерікті болудың өзі ерлік» екенін жақындарына мойындата алды. Ол – «Атырау» еріктілер тобының мүшесі Амина Мұстахим.

Ерікті болуды ерлік санайтын жандардың бірі он сегіз жастағы Амина. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, қайырымдылық шараларынан қалмауға тырысады. Кішкентай күнінен ерікті болуды армандады. Бүгінде арманы орындалып, басқаларға көмектесіп жүр.

«Кез келген қайырымдылық шарасына үлкен ниетпен барамыз. Жақсы ниет, махаббат, абыроймен атқарып шығайық деген ой болады. Шын жүрегіңмен көмектескің келеді. Сондықтан үйден үлкен сеніммен шығасың. Бірақ сені артқа тартатын адамдар болады. Қасыңдағы құрбың «жүр, кеттік, киім алуға барайық» деген әңгіме айтады. «Жоқ. Мен қаламаймын. Мен ерікті боламын. Киім қарап жүргенше, жедел жәрдем бекетіне барып көмектескім келеді» деп айтамын. «Өй, оны не істейсің? Керек емес» деп айтатындары да табылады. «Мен барамын деп тәуекел еттім. Барамын. Таңнан кешке дейін қызмет етемін» деп айтқанымнан қайтпай баратынмын», – дейді Амина Мұстахим.

Жауапкершілікті талап ететін жұмыстарды тегін атқарып, үйіне жаяу барған күндері де болған. Қалтасындағы соңғы тиынын қайырымдылыққа беріп, өзіне ақша таппай қалатын кездерді де басынан өткерген.

«Сол кезде ата-анам «Мен саған неге ақша құртып жатырмын? Босқа барып келгеннен өзіңе не алдың?» деп сұрайды. Негізінде мен өзімді тәрбиелеп, өмірден үлкен сабақ алып жатырмын. Мысалға үлкен кездесулер болады. Өнер адамы, депутаттар, белгілі тұлғалармен де кездесеміз. Сол жандармен кездесудің өзі мені өсірмесе, өшірмейді. Осылардың барлығын бітірген кезде үйге қайтатын екі аяғының барына шүкір етемін. Мейлі, қалтамда тиын болмай-ақ қойсын. Аяғым ауырып тұрса да үйге жаяу кететін күндер болады. Бірде-бір ерікті барып жоғары жаққа шағымданбайды. «Біз осыны тегін жасап жатырмыз, бізді ешкім үйге апарған жоқ. Біз мынаған үлес қосып жатырмыз, бізге ақша бер» деген жоқ. Дегенмен барлық шараға атсалысатын еріктілерге көлік мәселесінің шешілгенін қалаймын. Еріктілер деп жар саламыз. Бірақ олардың төлқұжаттары жоқ. Еріктімін деп мақтанышпен айтатындай төлқұжатымыздың да болғанын армандаймын. Үйге апарып көрсеткім келеді. «Міне, менің төлқұжатым бар. Мен еріктімін.Болашақта жұмысқа кіре аламын. Сіздер уайымдамаңыздар» деп айтқым келеді. Қазір біреуге хабарласпасаң, жұмысқа кіру қиын. Сол уақытта еріктілердің төлқұжаты арқылы жұмысқа тұруға мүмкіндігі болса бұл үлкен жетістік болар еді. «Біз өзімізді тәрбиелеген жандармыз. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатыстық» деп бір ғана төлқұжатпен дәлелдеп шығушы едік. Бірақ әзірге бұл мүмкін емес», – дейді ерікті.

«Еріктілерге халықтың көзқарасы енді үйреніп келе жатыр» деген Амина халықты шошытып алудан үрейленеді екен. Айтуынша, бүгінде кез келген жан уақытша ерікті болып, халықтан ақша жинап жүр.

«Халықтың көзқарасын өзгертіп алмауымыз керек. Қазір әртістердің өздері алданыш ретінде анда-санда халыққа көмектесіп қоятындары бар. Сол мезгілде халық «бұлар бір сертификат үшін жұмыс жасайды» деп ойлап қалуы мүмкін. Содан үрейленемін. «Өзіңнің жасаған жақсылығыңды жариялама» дейді ғой. Бірақ халық білу үшін, халықты тарту үшін жариялаймыз. Емге ақша жинаған кезде бізге халықтың көмегі керек. Сондай уақытта біз жариялағымыз келмейді. Бірақ жариялауға тура келеді», – дейді «Атырау» еріктілер тобының мүшесі.

Амина бүгінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта өзінің жеке бағдарламасын ашқысы келеді. Бүгінгі таңдағы еріктілерді нағыз батырға айналдыру жоспарында бар.

«Еріктілердің өмірі қалай өтетінін көбісі біле бермейді. Біз қалай терлейміз, аяғымыз талып жұмыс жасаймыз. Үй көрмей, тамақ ішпей қалатын күндер де болады. Біздің еріктілер қаладағы барлық шараға үлес қосады. Қонақтарды күтіп алу, шығарып салу. Орындарына отырғызуға дейін еріктінің жұмысы. Бірде сондай шара ұйымдастыру барысында неше түрлі қиындықтар болды. «Бес жүз отырғышты ретімен қойыңдар» деді. Қойып болып едік, «алып тастаңдар» деп бұйырды. «Астына кілемше төсеп, қайтадан дұрыстаңдар» деп тапсырды. Кілемше төсеп болғаннан кейін «жоқ, бұл емес. Басқа кілемше төсеу керек» деп қайтадан бес жүз орындықты жинадық. Бірақ «мен ерікті болмаймын, шаршап кеттік» деген сөз біреуіміздің ауызымыздан шыққан жоқ. Мен ерікті болғаным үшін өзімді жақсы көремін. Кез келген жан бар күшін жинап алып, ерікті бола бермейді. Мен ерікті болып өмір сүргім келеді. Басқалар неге мен сияқты ойламайды деген сұрақ болады. Себебі, олар өзгелерді ойламайды. Тек өздерін ойлап қалған жандар деп түсінемін. Бұл менің ойым. Болашақта баламды жанындағы адамға көмектескісі келіп тұратындай етіп тәрбиелегім келеді. Себебі ол ұрпақ. Мен не үйренемін, соны мен беремін. Қарапайымдылыққа үйреткім келеді. Ерікті болуға деген құлшыныс ол да бір талант. Мен ерікті болу үшін ешкімнен үлгі алған жоқпын. Жай ғана армандадым. Кішкентай кезімде ерікті түрде кондуктор болғым келді. «Сен ақша бермедің» деп айқайлағым келген жоқ. Керісінше қаталдықтан тартып, бауырмалдыққа үйреткім келді», – дейді Амина Мұстахим.

Амина ерікті болғандықтан жасаған жұмысының ақысын сұраған емес. Бұл оның ниеті мен еріктілікке деген шынайы махаббатының арқасы. Дегенмен айлық алмайтын еріктілерге арнап грант, стипендия бөлінсе деп армандайтыны рас. Ол күннің де ауылы алыс емес деп ойлайды.

«Айлық алмаймын. Маған ешкім ақша беріп жатқан жоқ. Мен барлығын тегін жсаймын. Қолыма ақша түссе қайырымдылыққа беріп қоямын. Жақындарымның өзі менің ерікті болуыма қарсы. Әкем қарсы, анам қолдайды. Әжем қарсы, атам қолдайды. Жанымдағылар «барма, ерікті болма» деп тұрды. Жақындарым қарсы болса да ерікті болуды таңдадым. Адам тәуекелшіл болу керек. Қашанға дейін халім жетеді, соған дейін ерікті болуға дайынмын. «Саған ешкім ақша беріп жатқан жоқ. Ерікті болмай-ақ қой» деп айтатын жандар көп. Қолым бос па? Мен көмектесемін. Қолымда бар ма? Мен беремін. Өзімді қоғам үшін туылдым деп айтпаймын. Дегенмен қоғамға үлесін қосып жүрген еріктілерді тегін оқытып, арнайы курстарға тегін қатыстыру керек сияқты. Олар онсыз да тегін жұмыс жасайды ғой. Еріктілерге оқуға грант берілсе де, оның өзі кішкене жетістік болар еді. Кейде сабаққа қатыса алмайтын күндеріміз болады. Осындай қайырымдылықпен шауып жүрген кезімізде оқудан құлатады. Үйдегілер «саған біреу шауып жүр деді ме?» деп айтады. Оқуға кедергі келтіретін кездерде ғана қиыншылық туындамаса, ерікті болудан ешкім қашпайды деп ойламын», – дейді «Атырау» еріктілер тобының мүшесі Амина Мұстахим.

Ақтілек Орынбасарова, арнайы «Тілші» үшін

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған