«Еріктілер үлкен іс тындырады, бірақ ақпарат құралдары тарапынан елеусіз қалады»: Волонтер не үшін тілшілерге өкпелі

Бірнеше еріктілер тобына көмектесіп жүрген Анельдің негізгі мақсаты -біреуге пайдасын тигізу. Уақытын босқа өткізбеуді ойлаған батыл қыз «Атырау» еріктілер тобына тіркелген. Қосылғанына көп болмаса да, ортасында сыйлы. Карантин уақытында әлеуметтік парақшасы арқылы қаражат жинап, үш отбасыға көмек қолын созған. Ол – «Атырау» еріктілер тобының мүшесі Анель Серік.

Үшінші курс студенті Анель Алматы қаласында білім алып жатыр. Елдегі жағдайға байланысты туған өңіріне келгеніне үш ай уақыт болған. Осы уақыт ішінде қайтадан ерікті жандарың қатарынан табылып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүр.

«Өзім Алматы да оқимын. Алматыда волонтерлар лигасы бар. Соның құрамындамын. Ерікті болғаныма бір жыл болды. Осы уақытқа дейін әртүрлі ерікті топтармен бірігіп жұмыс жасадым. Бүгінде карантин уақыты болғандықтан оқудан үйге қайтарды. Сондықтан «Атырау» еріктілер тобының құрамына тіркелдім. Бұл еріктілерді бұрын алғаш рет Алматыда көрген едім. Ол кезде барлық еріктілерді Алматыда жинады. Артынан оларды әлеуметтік желі арқылы таптым. Атырауда уақытымды босқа өткізбей, еріктілікті жалғастырайын деп шештім. Карантин басталғалы осындамын. «Атырау» еріктілеріне қосылған уақытымда олар халыққа азық- түлік, маскалар таратты. Өте белсенді екендерін байқадым. Алматыда жүргенімде еріктілермен бірге қарттар, балалар үйіне баратын едік. Әрқашан өзгеге көмек қолын созуға тырысып жүрдік», – дейді ерікті Анель Серік.

Атырауға келген үш ай уақыт ішінде Анельдің өзі қайырымдылықпен айналысып үлгерген. Жеке парақшасы арқылы ақша жинап, үш отбасыға көмектесіпті.

«Бір апта ішінде жүз мың теңге ақша жиналды. Соңында оқырмандарыма қайда, қалай апарғанымды видео және фото арқылы көрсеттім. Қазір заман қиындап бара жатыр. Жағдайы болмаса, көмек керек болса, көмектескен дұрыс. Әркімді сынауға да болмайды. Біреуге көмектесу арқылы жақсы қасиеттер пайда болады. Ерікті болып, өзіңді дамытуыңа да септігі көп. Басында басқалармен сөйлесуге ұялатын едім. Бүгінде еріктіліктің арқасында белсенді қызға айналдым. Уақытты да босқа өткізбеймін», – дейді ерікті.

Бүгінде еріктілерге арнайы жағдай жасалмағаны Анельді қапаландырады екен. Қандай жағдай болса да барлығына көмектесетін ерікті жандардың тысқары қалатындарын атап өтті.

«Шынына келетін болсақ, біздің еріктілер үнемі шетте қалып қояды. Біздің көмегімізбен үлкен көлемде шара өтуі мүмкін. Бірақ жаңалықтар келіп түсіргенде біздің еңбек туралы айтылмай қалады. Әр күн сайын еріктілер неше түрлі шара өткізеді. Оны ешкім байқап жатқан жоқ. Барлығын еріктілер жасайды. Бірақ үнемі байқалмай қалады. Жоғарыдағылар аталады. Біздер аталмай қаламыз», – дейді Анель Серік.

Еріктілерге жақсы жағдай жасалмаса да, Анель еріктілікті тастамаймын деп отыр. Барлық жерге өз үлесін қосып, өзгелерге үлгі болып жүруге дайын.

Ақтілек Орынбасарова, арнайы «Тілші» үшін

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған