Үш қала – үш түрлі карантин: Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Атырау қалаларындағы шектеулер қалай өтіп жатыр

«Тілші» сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы Азамат Махамбет соңғы бір айдың ішінде үш қаладағы жағдайды өз көзімен көрді. Жас тілші көрген-байқағанын «Тілші» оқырмандарына жеткізеді.

Ақтөбе

Ақтөбедегі карантин тіпті байқалмайды. Қалада ешқандай вирус та, оған қатысты шектеу де жоқ сияқты. Адамдар бұрынғы өмірін дәл солай сүріп жатқан секілді. Үкімет тарапынан шаралар жасалып, шектеулер қойылса да көп адамның санасына жетіп, көзқарасын өзгерткенге ұқсамайды.

Адамдардың бір бөлігі вирустың бар екеніне сеніп, біразы сенбейтіні анық көрінеді. Көшедегі жүрісі, бетпердесі, т.б. осыны анық байқатады. Тіпті сенетіндердің өзі толықтай режимді сақтап жатқан жоқ.

Қаланың тыныс-тіршілігіндегі, тазалыққа, дистанцияға қатысты өзгерістер аса байқалмайды. Осы қатынас өзгермей жағдайдың реттелетініне күмəн сейілмейді.

 

Атырау

Ал Атырауда карантиннің күшейгеніне біраз болыпты. Адамдар қай жерде жүруге болатынын, қай жерде болмайтынын біледі. Басқа жақтан келгендер ғана тыйым салынған жерге кіріп кетіп, полицейлердің ескертуін алып қалып жатыр.

Осының əсерінен қала тыныш, жайбарақат көрінеді. Қонақ үйлер жұмыс істеп тұр. Сағат кешкі ондарда жауып тастайды. Барлық санитарлық нормаларды сақтау керек.

 

Астана

Бұл қаланың халқы карантинге əбден үйреніп қалған сыңайлы. Бəрі бетперденің, кезектің, дистанцияның əдептерін біледі, көбі сақтайды. Біразы қоғамнан саналы түрде изоляцияланған.

Тағы бір бөлігі басқаларды да ақылға шақырып, ескертулер жасап отырады. Жиналуға, кездесуге қатысты ұсыныстардан ұялмай бас тартып, керісінше стандарттарды сақтауға шақырып, ережелерді ұстануға жəне насихаттауға тырысады.

Дегенмен, бəрі бүкіл жұмысты тоқтатып тастады деуге де келмейді. Көшелерде адамдар мен көліктер жүріп жатыр, саябақтарда демалып жүр, жəрмеңкелер болып жатыр, қала күніне арналған баннерлер орнатып жатыр, қысқасы, тіршілік бар. Атыраудан гөрі қызу, Ақтөбеден гөрі ережелер сақталған.

Үш қалада да дәріханаларда кезек көп, дәрі жоқ. Үшеуінде де ауруханаларда орын жоқ. Үшеуінде де ауырып жатқандар көп. Үшеуі үшін де алаңдаймыз.

Әзірлеген Азамат Махамбет, Ақтөбе – Атырау – Нұр-Сұлтан

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған