Адыраспан пайдаланатындарға күлетіндер азаяды, өйткені дәрігер тапшы, дәрі де жоқ, аурухана қабылдамайды

Енді адамдар емші-балгер жағалап, адыраспанмен коронавирустан емделуге тырысып жүрсе, оған таңырқайтындар, күлетіндер, айыптайтындар азаятын түрі бар. Оның себебі – көрінейін десе дəрігер жоқ, жатайын десе ауруханада орын жоқ, ішейін десе дəріханада дəрі жоқ. Ауырмайын десең сана жоқ. Жазылайын десең адыраспаннан басқа амал жоқ.

Сымбат (22 жас, Астана қаласы):

– Кеше Астанадағы жарты дəріхананы жаяу аралап шықтым. Іздегенімді таба алмадым. Досымның ағасы ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның дəрісі ауруханада жоқ екен. Соған бəріміз қала аралап дəріханалардың ешқайсысынан таба алмадық. Бұрын қолданған адамдардан қалған дəріні алып уақыт ұтып отырмыз. Одан кейін Ресейден ғана алдыруға болады екен. Ал ол жақтан келгенше кемі 3-4 күн кетеді. Оның үстіне ол жақтың ауруханасынан алып беретін адам табу керек. Оған дейін адам шыдаса жақсы. Шыдамай өтіп кетуі де мүмкін ғой…

Ақжол (21 жас, Астана қаласы):

– Тұтас қаланы аралап дəрі таба алмадық. Басқа қалалардағы достарымызға хабарласуға туралы келді. Бірақ олардан да табылмады. Əйтеуір, əзер дегенде жаңа дəріханаға жаңа тауарлар келіп, содан алып үлгердік. Ол да оңай болған жоқ. Барлық дəріхананың алдында үлкен кезек бар. Халық қалай болса да жан сақтауға тырысып жатыр. Ешкімді кінəлай алмайсың.

Айгерім (25 жас, Астана қаласы):

– Қалай дефицит пайда болғанын түсіне алмадым. Бір адамдар көп мөлшерде алып қойған болар дейін десем, ондай арзан дəрілер емес. Кемі 20-30 мың теңге тұрады. Сонда бұл дефицитке халықтың тобырлық санасы емес, шынымен медицинаның қауқарсыздығы кінəлі ме деп ойлап қаласың.

Назар (18 жас, Атырау қаласы):

– Қаламызда еш жерден дəрі таба алмай жатырмыз. Волонтерлер болып қажетсініп жатқандарға дəрі-дəрмек таратуға тырысып жатырмыз. Бірақ дəрі де жоқ, оған қоса жиналып жүруге де болмайды. Жағдай оңай болмай тұр.

Анар (20 жас, Павлодар қаласы):

– Дəріханада дəрі жоқ. Жəй ғана антибиотиктер мен витаминдер ішіп иммунитетті ұстап тұруға тырысып жатырмыз.

Абай (25 жас, Қарағанды қаласы):

– Үйдің жанындағы бірнеше дəріханаға барып көрдім. Іздеген дəрім жоқ. Басқаларға барып жүрмей-ақ хабарласып сұрап көруге кеңес берді. Ауырып жүргендермен бірге кезекке тұрып одан сайын əлсіреп қалуыңыз мүмкін. Бірақ сайттарда да дəрі бітіп қалғанын көрсетеді. Үміттеніп барамыз. Бірақ одан да қайыр жоқ.

Гүлнұр (фармацевт, Астана қаласы):

– Бәрі бір типтегі дәрілерді іздеп жүр. Олар тез таусылып қалады. Келесі партия келгенше көп күтіп қаламыз. Кейбір дәріханалардан табылды деп жатады. Бірақ, ол да бәріне жете бермейді. Халық тым көп. Кешке дейін тынымсыз жұмыс істейміз. Барлық жерде солай. Көп жиналып қалмасын деп ішке бір-екеуден кіргіземіз. Қалғандары сырттан кезек жасап тұрады. Есікке көп іздейтін және бізде жоқ дәрілердің тізімін жасап қойдық. Іздегені жоқ екенін көрген адам басқа жақтан іздей береді.

Әзірлеген Азамат Махамбет, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

 

2 Comments

  1. Алла қайырын берсін, халық емі демекші қымыз ішіп, ет жегеннен бөлек, оны қорыту үшін қимылдау керек. Сосын таза ауада масканы шешіп тастау қажет, өкпеге ауа жетпей қысылмағанда қайтеді?! Айта берсең көп енді… Мысалы үрейге бой алдырмау деген бар, еңсеңді түсіре берсең қайдан ауру болмайсың?! Сақтану деген де бар, зиянды әдеттерден аулақ болып, балмен қара зире майын ішіп дегендей…

  2. Мен қатты ауырдым. Эротромицин іштім бірден. Сосын құртты ыссы суға езіп тұз салып шай орнына іше бердім. Ыссы нанмен сары май жей бердім. Өлем ба аптекада дәрі жоқ екен деп қолымды қусырып отырмай биссимла деп жасап іше бердіи. Адыраспан әлі піскен жоқ оның орнына лавр жапырағын түтеттім

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған