«Олардың көмек көрсетуге мүмкіндігі жоғары»: 16 жастағы волонтер бизнесмен болуды армандайды

Атыраулық 16 жастағы ерікті Диас Қайреденов бизнесмен болуды армандайды. Бүгінде өңірдегі волонтерлармен бірлесіп, қайырымдылық шараларына белсенді атсалысып келеді. Бизнесмен болу, бәлкім жасөспірімнің бала арманы болар, бірақ, қазіргі таңда өзге емес, бизнесмендердің көмектесуге мүмкіндігі жоғары деп санайды.

Қарапайым отбасыда дүниеге келген Диас үйде балалардың үлкені. Екі қарындасы, бір інісі бар.

«Кәмелетке толмағандарға волонтерлықпен ата-анасының рұқсатымен ғана айналысуға рұқсат етіледі. Әке-шешем мені әрдайым қолдайды. Бір жағынан өзім де бар ниетіммен жақсылық жасағанды ұнатамын», – дейді бүгінде IT мамандығы бойынша Атыраудағы Саламат Мұқашев атындағы Жоғары Политехникалық колледжде оқып жатқан Диас.

Жақсылық жасағанды жаны сүйетін Диас өзінен кейінгі інісінің жағдайымен де байланыстырады. Өзінен бір жас кіші інісі кішкентайынан церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан.

«Інімді қатты жақсы көремін. Әбден аяққа тұрып кеткенше уайымдадық. Жүреді, арасында жүгіреді. Сөйлейді. Бүгінде үйдің үлкені болғандықтан, әрі ер баламын, жауапкершілікті сезінемін. Сондықтан да мұқтаж жандарға әрдайым көмектескім келіп тұрады. Шынымды айтсам, болашақта бизнеспен айналысқым келеді. ӨЙткені, қазіргі таңда бизнес өкілдерінің қол ұшын созуға мүмкіндігі жоғары», – дейді 16 жастағы ерікті.

Диас волонтерлыққа Аманбай есімді досы арқылы келгенін айтады. Аманбай АВК волонтер клубының координаторы. Бір кездері қоңырау шалған досы Диасты Uptivity Best Voice шарасына воолнтер болуға шақырған. Келісім берген Диас бір қызығы волонтердің кім екенін дұрыс түсінбепті де.

Менің өмірімде алғашқы волонтерлық жұмысым. Тіпті, күнін де ұмытпаймын. 2019 жылдың 16 қарашасы болатын. «Uptivity Best Voices байқауында волонтер болып жүргенде Бектаспен таныстым. Ол да мен оқитын колледждің студенті болып шықты. Осылайша, колледж жанындағы волонтерлар клубына бардым. Бүгінде колледждегі волонтерлар тобы тек бірінші курс студенттерінен құралған. Көбінесе қайырымдылық бағытта жұмыс істейміз», – дейді ол.

Еріктілер тобы ең бірінші рет APHC Party мен APHC Cinema өткізген. Концерт ақылы. 500 теңге. Жәшікке түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады. Есебі беріледі.

«Көрермен тарту мақсатында арнайы акция ұйымдастырдық. Досын ертіп келгендерге попкорн тараттық. Содан кейін колледжімізде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаға ақша жинап, ноутбук алып бердік. Тоқтап қалмайық деп Акустикалық кеш ұйымдастырдық. Одан түскен қаржыға ерекше балаларға оқу құралдарын алып бердік», – дейді ерікті жас.

Бірде колледждегі АВ Team координаторлары Хақназар мен Ілияс белсенді боламын деген еріктілер тізімін жасап, жиналыс өткізеді. Тізімде Диас та болатын. Жағдайы төмен отбасының үйін жинап берген.

Марат Төлепберген, «Тілші»

суреттер Диас Қайреденовтің жеке мұрағаты мен Атырау Волонтер тобының парақшасынан алынды

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

4 Comments

  1. Бала ғой, ақшам көп болса, көбірек көмектесесін деген шығар. Дұрыс. Бірақ, ақшасы бар адамдардың барлығы көмектесе бермейді. Керісінше, көп жағдайда мұқтаж жандарға алдымен жағдайы орташа не зейнеткерлер мен жастардың өздері тиын жинап жатады. Диас, армандарың орындалсын, осындай таза ниетің үшін құдай саған бар игілікті берсін деп тілеймін! Талай мұқтаждың арманын орындағайсың, ақ жол, саған!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған